АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Сенімге селкеу түспегей…

706e97c7_resizedScaled_230to172Әр мұсылман үшін қасиетті саналатын Рамазан айы да басталды. Рамазан – сабыр мен төзімділіктің, береке-бірліктің, ізгілік пен мейірімнің айы болып есептеледі. «Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын дәлел ретінде Құран түсіріле бастаған ай. Рамазан айы туғанын көрген адам ораза ұстасын. Кімде-кім ауру болып, әйтпесе сапарда жүрсе, онда басқа күндерде өтесін. Алла сендерге жеңілдік болуын қалайды, ауырлық түсіргісі келмейді» (Бақара/187) делініп, оразаның маңызы жайлы айтылады.

Күннің аптап ыстығына қарамастан, жылдан-жылға ораза ұстаушылардың қатары көбейіп келеді. Ораза төзімділікке үйретіп, сабырлыққа шақырады деп жатамыз. Шынымен де ми қайнатар шілдеде ауырсынбай ораза ұстаған жан өмірде кездесіп жататын әртүрлі сынақтарды ұсақ-түйекке балап, сабырлықпен жеңе білері анық. Сенімге селкеу түспегені жақсы.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Рамазан айы қарсаңында бүкіл иісі мұсылман қауымды мәртебелі мерекемен құттықтап, «Қасиетті айдың құрметіне тойларда, кештерде арақ-шарап ішілмесе, артық ысырапшылдыққа жол берілмесе, азық-түлік бағалары төмендетілсе, халыққа қызмет етудің барлық түрлеріне жеңілдіктер жасалса, мұқтаж жандарға көңіл бөлінсе, Алла разылығы үшін берілетін ас-тағамдар ауызашарлар кезінде берілсе деген ізгі ниетіміз орындалса» деп үндеу жариялаған.
Бұл орайда бұқаралық ақпарат құралдары, оның ішінде телеарналардың атқаратын еңбегі, рөлі ерекше екендігін атап өтуге тиіспіз. Атыс-шабыс, зорлық-зомбылық, нәпсі оятатын көріністерге тыйым салып, арақ-шарапты жарнамаламай, бүкіл ай бойы жақсылыққа шақыратын, жүрекке иман ұялататын бағдар­ламалар көптеп берілсе екен дейміз.
Қызымыз салиқалы, ұлымыз ұлықты болсын десек, адамгершілік құндылықтарды дәріптеп, оларды қастерлей білуге, ізгілік пен мейі­рімділікке шақырсақ. Жетім мен жесірге, қарттар мен мүгедектерге мейірім танытып, қайырымдылық шараларын өткізсек. Көмекке мұқтаж жандарды қамқорлық­қа алып, өзара түсіністікпен қолұшымызды созсақ, кәнеки.
Рамазан айы – жасаған жақсылықтардың сауабы еселеніп жазылатын, Жаратушы Иеміздің жарылқауына, рақымына бөленетін ай. Алла тағаланың разылығы мен рақымына, берекесі мен шапағатына, теңдессіз сыйына ізгі де, қайырымды іс-әрекеттерімізбен қол жеткізгеніміз абзал.
Тіршілікте жақсылық жасап, ізгіліктің өнегесін көрсетіп жатқандарды кездестірсек, сүйсінгеннен «Иманы бар адам» екен деп жатамыз. Иман деген ұғымда көп мағына бар. Ең бастысы иманды адам ол адамгершілік, ізгі қасиеттерді бойына сіңірген, ар, намыс, ынсап, ұят дегендерді өмірінің темірқазығы еткен абзал жан. Демек, иман жолы – қасиетті жол. Төңіректегі бауырларымыз осы жолға түсіп, қайырымдылық пен мейірімнің, кісілік пен кішіліктің үлгісін көрсетіп жатса туған еліміздің көк байрағы биікте желбіреп, көздеген арман-мақсаттарымызға алқынбай, шаршамай жетеріміз анық.
Имандылығымызды, сауабымызды молайтайық, ағайын!

Бағдагүл Балаубаева

http://anatili.kz