СЕРІККЕ КӨМЕК КЕРЕК

Оны көзі қарақты оқырман мен көрермен өте жақсы таниды.Себебі ол өзінің мұң-мұқтажын ғана емес, өзі құралпы жетімдердің қоғамдағы қазіргі жағдайы туралы жүрген жерінде сөз еткенді құп көреді. Осы елдің азаматы ретінде асты  қазынаға толы Отанда жетімдік көргені үшін қатты ашынады.  Біреу оны  «анасын сотқа берген бала» деп атаса, енді біреулер  әлгі теледидарға жиі шығатын  Серік емес пе еді деп тани кетеді. Ол туралы «Қамшы » порталы да  сөздің тиегін ағытып көрген болатын http://old.qamshy.kz/?p=24854.  Алматы қаласындағы тұрып жатқан жатақханасынан шығарып жіберетін болғандықтан, ықпалды адамдардың көмегіне зәру екенін ақпарат алаңына  келіп айтып кетіп еді. Сол Серік  Кенжебек редакциямызға кеше тағы келіпті. Түрі жүдеу. Күздің суығы мен қоғамның қаталдығына әбден қалтырағаны байқалады. Жұмыс таппай жүр екен. Жатақханасына ай сайын 15 мың теңге төлеп тұрып жатса керек. «Жанашыр адамдар осы уақытқа дейін қарыз беріп, бөлмемнің ақысын төлеп келдім. Енді елден қашанғы ақша ала беремін. Ер жігітпін ғой. Маңдай теріммен нан тапқым келеді. Бірақ екі қолға бір күрек табылмай тұр. Жоғарғы білімім жоқ. Сондықтан қағаз «кеміріп», пернетақтаның түймелерін шертетін жұмыс іздеп жүрген жоқпын. Жігітке адал жұмыстың барлығы қолайлы ғой. Сондықтан қандай жұмыс болса да, жасай беремін. Тек сол жұмыс табылмай титығымды шығарды»,-дейді Серік. Осылайша қазақтың бір баласы алып шаһардың қай бұрышында  екі қолына бір күрек табылар деп  сабылып жүр. Әлеуметтік желілерде кәсіп ашып, жұмысын дөңгелетіп жатқан қыз-жігіттерді жиі көреміз ғой. Бәлкім, сол азаматтардың Серікке бір септігі тиіп қалар. Бала кезінен тағдырдың тепкісін көрген ұлға ұлттық жанашырлық танытсақ қайтеді? Ол жұмыстан безіп, алақан жайып отырған жоқ. Ол жұмыс іздеп жүр. Көшеде қол аяғы балғадай болса да алақан жаюмен күнелтіп жүргендерге де жанашырлық танытып жатамыз ғой. Оған қарағанда Серіктің талпынысы бар. Енді қалыптасып келе жатқан азамат сынып кетпеуі тиіс деп есептеймін. Сіз қалай ойлайсыз?

Айнұр Төлеу

http://qamshy.kz/