«Айқын» газеті «Сіз қайда жүрсіз?» деген жаңа айдардың тұсауын кесіп жатыр. Онда қоғам назарынан тасада қалған, БАҚ-тарда жиі көріне бермейтін бұрынғы министрлер мен депутаттар, ардагер дикторлар мен дипломаттар, саясаттанушылар мен ғалымдар, жалпы, әр салада жүрген танымал тұлғалардың бүгінгі тыныс-тіршілігі сөз болмақ. Жаңа айдардың алғашқы кейіпкері – экс-депутат, әнші, жыршы, қоғам қайраткері Бекболат Тілеухан.
– Қазір қайда жүрсіз? – Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Қайрат Сатыбалдының қолқалауымен осы ұйымда бірінші орынбасары әрі президенттің міндетін атқарушы болып жұмыс істеп жатырмын. Бұл жерде үлкен жұмыс бар. Аты бар, заты жоқ қоғамдық ұйым емес. Өмірзақ Шөкеевтің тікелей көмегімен бұл қауымдастықты танытуға әрі дамытуға қаржы бөлінген. Сонымен қатар наурыздың басынан бастап «Бекболат Тілеуханның дәстүрлі өнер орталығы» деген ұйымды ашып қойдық. Менің бойымда Құдайдың берген дәстүрлі өнерге байланысты қажетті деген дүниесі болса, соны аламын дейтін азаматтарға есік ашық. Бұл жерде шешендік өнер дәрісін беріп жатырмыз. Жыршылық дәстүрді ара-арасында балалар келіп-кетіп үйреніп жатыр. Сондай-ақ айтыс ақындары, іні-қарындастарымыз өзара тәжірибе алмасып, майталмандығын ұштайтын орталықты ашуды армандап жүретінбіз. Оның сәті енді түсті. Соның негізінде әртүрлі сайттар мен басылымдарда жүрген жігіттерге бір көмегімді тигізсем деген ойым бар. – Осы уақытқа дейін не бітірдіңіздер? – Осы уақытқа дейін Халықаралық Көкпар федерациясы Бішкекте болған. Қырғыздар оны иемденді, себебі қауымдастықтың штаб-пәтері қайда болса, оның атын сол ел иемденеді ғой. Біз сол штаб-пәтерді Астанаға әкелуді қолға алдық. Алла қаласа, енді Халықаралық Көкпар федерациясының штаб-пәтері Астанада болады. Алғашқы жиналысқа Ауғанстан, Түркия, Ресей, Қытай, Қырғызстан мен Өзбекстаннан бұл салаға қауқарлы адамдар қатысты. Бұдан кейін жасөспірімдер арасында чемпионат өткізіп, ең бастысы, жастарды ынталандыру мақсатында қомақты жүлде қорын тағайындап, игі шараларды жүзеге асырып келеміз. Тағы бір айта кететін нәрсе, Жамбыл, Шымкент өңірлерінде көкпардың дәстүрі үзілмеген. Батыс Қазақстан, Арқа өңірлерінде бұл мәселенің қиын тұстары бар. Ұлттық дәстүрді осы өңірлерде дамыту мақсатында ауқымды, кең шаралар қажет боп тұр. Әкімдермен сөйлесеміз бе, әлде дамыған өңірлерден жігіттерді тартамыз ба, түптеп келгенде, қай спорт түрі болмасын, легионерлер болады, Америкадан әкеліп, баскетбол ойнатып, Испаниядан алдыртып, велосипед тептіріп жатырмыз, оған қарағанда, Шымкенттің жігіттері Қостанайға барып, Жамбылдың жігіттері Орал, Павлодарға барып, көкпар тартуға көмектесіп жатса, мұнда тұрған несі бар?! Осы нәрсеге мұрындық болсақ деген армандарымыз бар. Жалпы, кез келген нәрсенің даму жүйесінде ғылыми негіз болуы керек. Яғни, көкпар даму үшін спорт ғылымының майталмандары мен осы салада жұмыс істеп жүрген жақсы ғалымдардың басын қосып, көкпаршыларға арналған жаттығу кешенін қалыптастыру ойда бар. Мәселен, көкпаршының икемділігі, тақымының темірдей, қолының құрыштай болуы керек. Сол сияқты додаға кіруге қандай батырлық қажет?! Осының барлығын ғылыми негізде жүйелеуге тиіспіз. Қазір бұл өз-өзімен дамып келе жатқан нәрсе. Оның ғылыми негізіне күш салсақ деген арманымыз бар. – Шешендік өнерден дәріс беріп жүр екенсіз. Сіз сияқты танымал тұлғалар шетелде мастер-класс, тренингтер өткізсе, қомақты табыс табады. Сізден дәріс алу қанша тұрады? – Біріншіден, көбіне мастер-кластарды ағылшын тілінде өткізеді. Ағылшынша тыңдайтындар өте көп. Бізде 17 млн халық тұрады, оның 10 миллионы ұлттық тілде сөйлей ме, сөйлемей ме, мұны бір Алла біледі. Бұл өнерді қажетсінбейтіні бар, басқасы бар, бұған қатысатын адам мүлдем азайып кетеді. Аллаға шүкір, жағдайымыз бар, бұған күніміз қарап тұрған жоқ. Бұл жерде бар нәрсенің елге жеткені, оның жалғасқаны дұрыс қой, тіпті кәрі болғанымда бұған жоламай кетем деп қорқам. Үйренем деген адамнан ақша алмақ түгілі, оған өзім ақша беруге дайынмын. Ал қанеки, егер бірдеңені өткізем деген кезде құлшынып тұрған жұрт болса?! Бірақ ондай сұранысты көріп тұрған жоқпын. Өйткені ол сұранысты кері итеріп тастаған өзіміз. Басында жап-жақсы тілге, қазақтың ұлттық дәстүріне құлшыныс күшті болған кезде, «ештеңе етпейді» деп тастай салдық та, ұлттық өнер мен ұлттық сипатқа құлшыныстың кеміп тұрған кезінде бұдан бірдеңе таба қоям деп ойламаймын. Әрине, көптеп келіп жатса, тіпті жақсы болар еді! Жасыратыны жоқ, келісіміміз солай болды, кімнің-кім екенін айтпаймын, маған бірқатар шенеуніктер келіп, шешендік өнерді үйреніп жүр. Мәселен, әртүрлі сөйлеу бар. Мысалға, ең алдымен, қазақша жиналыс өткізу дәстүрі бөлек, екіншіден, тойда сөйлеу, қаралы жиында сөйлеу, үшіншіден, полемика, сөз таластыру бар. Мұнда сөз саптау әртүрлі болады. Саяси жиында пафоспен, ұран көтеріп, жарқын-жарқын сөйлеу мәнерін қаралы жиынға, не тойға апара алмайсыз. Сол сияқты жиналыста отырып, мақалдап сөйлеудің бес тиынға қажеті жоқ. Шешендік өнердің барлығының классификациясын жасап, қазір кейбір азаматтарға дәріс беріп жатырмын. – Олардың көбі саясаткерлер ме? Орыстілді азаматтар да бар ма? – Барлығы саясаткер. Жалпы, қазақ тілінен хабары бар, бірақ жетіле алмай жүрген, тілді жетік білмеген соң, кембағал санасы қалыптасып қалған азаматтар да бар. Жасыратыны жоқ, тосттың 15-20 түрін алып, жаттатқызамыз. Сол сияқты, пікір таластыруда, полемикада топтың алдында масқара болмас үшін «ақша қайда кетті», «кімге жұмыс істеп жүрсің», дегендей жиі қойылатын белгілі сұрақтарға жауап беру, т.б. үйретеміз. Мұның жауабының бәрі өзінен шығады, тек сол шыққан нәрсені көркемдеп, қазақ тілінде жеткізіп беру керек. Шешендік өнер бұрыннан қазақта бар, бүкіл әлем бұған қызығады. Әсіресе, ағылшын тілінде бұл өте жақсы дамып кеткен. Бұны бұрыннан қызықтап жүрген едім. Ал мұның ақысы қалай десеңіз, өте жоғары. Оларды аяйтындай жағдайда емеспіз. – Саясаткерден алған ең жоғарғы ақы қандай болды? – Шешендік өнер дәрісін әу бастан 24 күнге тағайындағанмын. Бірақ кейде келген адам «анда кетті, мында кетті, қол тимей кетті» дейді, кейде өзім де гастрольге шығып жүремін. Бір кісі 16-17 сабақтай алды. Жасыратыны жоқ, бұған 8500 доллардай ақша тастап кетті. Бір-ақ адам. Көп нәрсені үйренді. Үйренгенде, көп нәрсені жаттайды, ол ішінде жүріп, піседі, піскен соң өз нәтижесін біраз уақыттан кейін береді. – Яғни қазіргі аудиторияға тілді «амандасу, қоштасу» деңгейінде емес, шешен сөйлеу деңгейінде білу маңызды ма? – Иә, өте маңызды. Бұл жерде адамның сөйлегендегі сөзі өзіне жарасуы керек. Мысал үшін, Кәрім Мәсімов: «Жабағылы жас тайлақ жардай атан болған жер, Жатып қалған бір тоқты жайылып мың қой болған жер» – деп, сайрап тұрса, жараспас еді. Өйткені табиғатына қайшы. Бірақ оларға жарасатын сөзді табуға болады. Көркемдік жағынан, біршама төмендеу болуы мүмкін, бірақ тура өзіне тән, ойын жеткізуге әрі публикаға лайық сөзді таңдау кәдімгідей психологтардың атқаратын шаруасы. Мұны жалғыз өзім жүргізбеймін, қасымда адамдар болады. Олар сөзіне берік. Көп адамдар үйреніп жүргенін жасырады, ыңғайсызданады, оның сырын ашпаймын. – Белгілі есімдерді мүлдем айтуға болмай ма? – Ол кісілермен серттесіп, өлердегі сөзін айтып қойғаннан кейін, әрине, айтпаймын. Қазірше екі адаммен жүргіздік, біраз қомақты шаруаларды шешіп тастадық. Бұл ақы алатын клиенттерім. Ал менің бойымдағы жырым бар, әнім бар, соларды алғысы келетін адамдар болса, бірақ ақшасы бар, ақылы болмаса, оның қажеті жоқ. Дәстүрлі өнерді нақты алуға дайын адамдар болса, мен оларға ақысыз, тегін үйретуге даярмын. – Жалпы, өнерде жүрсіз бе? Телеарналар мен газет-журналдардан көп көріне бермейсіз. Үлкен сахналарда қаншалықты концерт беріп жүрсіз? – Мәселен, мен Қызылорда, Шымкент, Тараз, Қарағанды, Алматыда концерт бердім. Кезінде «қара тізімге» кіргізіп қойыпты. Сол қара тізімнің инерциясы әлі менен кеткен жоқ. Телевизиядан бермейді, анау күні бір ток-шоуға қатысатын болып едім, құдай сақтасын, маған қарсы бір үлкен механизм жұмыс істеді. Жапырып жібереді ғой. Мен кіммін? Үлкен саясаткер, не бизнесмен емеспін. Мені «букашка» сияқты жәй әншейін баса салады ғой. Ұдайы концертпен шығатын жастан да асып кеттім. Сахнада селтеңдеп жүру 25-30-дағы жігіттерге жарасады. 50-ге келген кезімде бала-шағаны тастап, таңертеңнен кешке дейін сахнада жүрмеймін ғой. – Қазір бала-шаға, отбасыңызға көбірек уақыт тауып жатқан шығарсыз? – Қашанда менің отбасыма көңіл бөлмеген кезім болмады. Дүние күйіп кетсе де, Алла тағаланың алдында негізгі парыздарымның бірі болып есептелгендіктен, мен отбасыма көп уақыт бөліп жүрем. – Қанша балаңыз бар? – ИншАлла, жеңгелеріңіз бар ғой. Қазір 7 балам өсіп жатыр. Құдай бұйыртса, 9-10 баланың әкесі боламыз дейміз. Бұл да қоғамға одағай көрінеді. Отбасылық жағдайға басқаша қарайды. Мен жаңадан бірдеңе ойлап тапқан жоқпын, Абайда да солай болған. – Діни тұрғыдан бәріне бірдей жағдай жасап жатырсыз ба? – Әрине. «Әйелдер алдындағы міндеттеріңе (немқұрайлы болудан) Аллаһтан қорқыңдар!» – дейді. Қолдан келмесе, мұндай нәрсеге кіріспеген жақсы. Алла қаласа, шариғаттың шегінен шықпауға тырысамын. Бәріне көзқарасым, жүрегім бірдей. Анау артық, мынау кем деп айтуға құқым жоқ. Ары қарай менің жүрегіме үңілуге басқаның да құқы жоқ. – Балаларыңыздың өзіңізді таңғалдырған кездері болды ма? – Жоқ, алабөтен қабілетін көрген жоқпын. Кәдімгі бала. – Өзіңіздің ізіңізді қууға икемі қандай? – Жоқ, ондайды да көрген жоқпын. Үлкен екі ұлым Америкада оқып жатыр. Мұнай-химия саласы бойынша білім алып жүр. Философия емес, басқасы емес, әйтеуір, қазір қазаққа не керек, соны үйренбек. Қазір елдің бәрі я тілмаш, я адвокат боп кетті ғой. – Жаңа мүфтидің сайлануын қалай қабылдадыңыз? – Өте жақсы қабылдадым. Қатты білем деп айта алмаймын. Бірақ қазақ: «Түсі игіден түңілме» – дейді. Бұл жігіттің бойынан керемет бір сабырды байқадым. Бұл салаға эмоциясы жоқ, мінезі ауыр, ақылды адам керек қой. Ержан мырза сондай адам боп көрінді. Мүфти болғанға дейін атын естімедік те, білмедік те. Бірақ оны қойған кісі, меніңше, көп нәрсені таразыдан өткізіп мүфтилікке сайлаған. Сосын бұл азаматтың аузынан шыққан сөзі жақсы. «Бірлік пен бір-бірімізге кешірім болсын» деген сөздері дұрыс. Нағыз дін адамына тән ұстанымда. Оған «Алла абырой берсе екен!» деп дұға қылам… – Сұхбатыңызға рақмет! Әңгімелескен |