[:kz]
Өткен жолғы пайымымызда «Бас шілде амалы» жүріп жатқанын, күннің күрт ыситынын жазғанбыз. Ауаның қызуы 37 – 39 градуска, қала төңірегінде 40 градуска дейін көтерілді. Түннің өзінде жылылық 20 – 22 градусқа жетті.
Қолданыстағы күнтізбе бойынша, қазір шілде айы орталанып қалды. Қазақы есеп бойынша, бүгін шілденің бірінші күні. Ай жүйесімен есептесек, бүгін айдың 10-жұлдызы. Қазір үркердің толғағы жүріп жатыр. Ауа райының тұрақсыз болуы, күннің күрт салқындауы, жаңбырдың жиілеуі, бәрі-бәрі орын алуы әбден мүмкін. Үркер туған соң жер құрғайды, күн ысиды, шөптердің сабағы қатайып, өзі сарғаяды. Бұл малға да, жанға да жайлы кезең. Шілденің аптап ыстығынан кейін саршада туатын Үркер бір-екі күндік жүріп өткен жаңбырымен тынысты бір кеңітіп тастап отырған, мұны ел Үркер толғағы деп атайды.
Табиғат тамыршысы атанған халқымызда Үркерге қатысты айтылған қанатты сөздері көп-ақ: «… үркер туса таң ұзарады, үркер құрғақ жерге түссе, аңызақ жел көп болып, қуаңшылық болады, үркер тасқа түссе, шылыңғыр қатты ыстық болады, үркер көтерілсе, бидай бас тартады, үркер жерге түспей, жер қызбайды, үркер жерге түсерде қой қырқылады, үркер туса, сорпа қоюланады, қой семіреді, үркер көтерілсе, қошқар басын көтереді, үркер батқанда таутеке тастан ұшады», т.б. осындай пайымдар мен тұжырымдар толып жатыр. Қазір сорпа қоюланатын, әңгелек пісетін кез. Енді бір аптадан соң шілде қауын піседі.
…Жаңа туған айды көрдік (үшінші жаңасын). Көкке іліп қойғандай, тігінен салбырап тұр. Бұл шілде айының шаруаға аса жайсыз болмайтынын аңғартса керек. Алдағы аптада Алматы мен қала төңірегінде мөлшерден тыс жауын-шашын көрініс беруі мүмкін. Бұл күн қайта салқындайды, аптап болмайды деген сөз емес. Бас шілде амалы жүріп жатқандықтан жел мен сел апатынан сақ болған артықтық етпейді. Жауын-шашын болуы, күн күркүреуі ықтимал. Бірақ, бәрібір ыстық сақталады.
Аптаның соңына қарай, күннің ыстығы көтеріле түседі. Өйткені, осы айдың 20-сына Сарша амалы басталады. Қырық күн шілде күшіне енеді. Жаңбыр да жаууын тоқтатпайды. Өкпек жел, салқын самал болуы, найзағай ойнап, күн күркіреуі ғажап емес…
Табиғат құбылыстарына қарап жасалған жорамал:
Жазда күн кенет ысып кетсе, ұзамай жауын жауады.
Жазда құйын көп болса, қыс аязды болады.
Жаз найзағайлы болса, қыс жайлы болады.
Жаз айында аңызақ ыстық болса, ол – қыста қатты аяз болатындығының белгісі.
Жазда жұлдыздар жарқырап тұрса, келер күн ыстық болады.
Жазда бұлт желге қарай көшетін болса, ұзамай-ақ жаңбыр жауады.
Өлара жазда жауын-шашын болса, қыста боран көрініс береді, келер ай шаруашылыққа жайсыз тиеді.
Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ.
http://almaty-akshamy.kz/
[:]