АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

ШОҢАЙДАН ШЫҚҚАН ГЕНЕРАЛ

генералБиылғы 28 ақпанда көрнекті әскери қайраткер, генерал-майор Шәкір Жексенбаевтың (1901-1988) туғанына 115 жыл толмақ.

Бөкей ордасы ауданы Қаракөл-Шоңай маңында өмір есігін ашқан генерал Ұлы Отан соғысынан кейін Мәскеуде тұрғанымен, туған жерімен байланысын үзген жоқ. Сол келген кездерінде өзі еске алғанындай, Адай руының кеңшалбар бөлімінен тарайтын Қолөткенов Жексенбайдан үш ұл, екі қыз өрбіген. Ұлдары Айталы, Орынбай, Шанабас. Шәкір мен Сәтбай Айталыдан  туған. Шәкірді қарт анасы Айғаным бауырына басқандықтан, ол Жексенбаев, Жексенбайұлы болып жазылған. Нулы да сулы Шоңай көлін қазан төңкерісіне дейін хан тұқымдары Махамбет, Науша, Нәреш, Сұлтан, Ибраш, Сәлім (шын аты Сәлімгерей) Бөкейхановтар жайлаған. Осы маңдағы ең биік те сәнді ғимарат Махамбеттің қарағай үйі болған (Махамбет пен Науша Бөкейхановтардың атақты күйші екені де мәлім). Жалпы, Шоңай көлінде жиырмадан астам рудың екі жүздей шаңырағы түтін түтеткен. Шоңай көлінің шығыс бетіндегі 6-7 шақырым қашықтықта Тастөбе аталған жерде Жексенбайдың жазғы орыны болған. Табиғаты ерекше, айнала көк шалғын. Жазда киіз үйлер тігілген. Соның бірінде 1901 жылы Шәкір шыр етіп жерге түскен. Алдымен Шоңай көліндегі бастауыш мектепке жаяу барып оқыған жасөспірім 1912-1917 жылдары Ордада білім алады. Тіпті осындағы педагогикалық училищенің 1 курсын тәмамдап үлгереді. Ағаларына ілесіп, Басқұншақ тұз өндірісінде жұмыс жасаған Шәкір 1919 жылы 20 маусымда дәл осы Шоңайдың көк шалғын жерінен атқа отырып, Ордаға біржола аттанады. Анасы Жәмила көз жасын көл қылып, қимай шығарып салады. Бұл Хан ордасында жаңа өкімет орнап, қазақтың тұңғыш атты әскер полкі ұйымдастырылып жатқан кез-тін. Шәкір Жексенбаевтың әскери өмірі осылайша басталған еді.

Шакир ЖексенбаевГенералдың өз қолымен жазған өмірбаянына қарағанда, аталмыш полктің курсанты болып қабылданған жас жігіт кейін атты әскер эскадроны құрамында Орынборға ауысады. Борисоглебск атты әскер курсында оқып, 1920 жылы 30 маусымда командир атағын алып, І дербес қазақ атты әскер дивизионына оралады. Әуелі взвод командирі, кейін эскадрон командирінің көмекшісі болған Шәкір Жексенбаев арнайы жолдамамен Бас штаб академиясында төрт жыл оқып, 1924 жылы жоғары әскери білім алып шығады. Қызмет баспалдағымен өрлеген қазақ жігіті рота командирлігінен Қазақ АССР Орталық атқару комитеті атындағы біріккен әскери мектептің оқу бөлімінің бастығы, Қазақстан әскери комиссариаты саптық бөлімінің бастығы, Белорус әскери округі 37-атқыштар дивизиясы 110-атқыштар полкінің штаб бастығына дейін көтерілді. Ал 1930-1931 жылдары Жоғары химиялық академиялық курсында оқып шыққаннан кейін әскери өмірінің жаңа кезеңі басталды. Яғни химиялық қызметке ауысқан ол 1932 жылдан бастап осы қиын саланың ауыр жүгін қайыспай көтерді. Былайғы жұрт қыр-сырына қанық болмаса да, әскерде химиялық қорғаныстың маңызы зор еді. Ұлы Отан соғысына дейін-ақ біраз лауазымды қызметтің басын қайырып үлгерген Шәкір Жексенбаев  бірнеше майданның химиялық қорғау саласын басқарысуға тікелей қатысып, ерекше көзге түседі. Химиялық қарудың аса қауіпті әрі зардабы зор екендігін түсінген әскери басшылар Бас қолбасшы И.В.Сталиннің 1941 жылғы 13 тамыздағы №0285 бұйрығы негізінде арнайы әскерлерді қайта құра бастады. Ұйымдастырушылық жұмыстардың басы-қасында жүрген полковник Ш.Жексенбаев 1941 жылғы 28 қазанда Брянск майданы химиялық қорғаныс бөлімінің бастығы болып тағайындалып, осы қызметті 1943 жылғы қазанға дейін абыроймен атқарды. Соның дәлеліндей қолбасшы тапсырмаларын үлгілі орындағаны үшін сол жылғы 11 наурызда Қызыл ту, 23 қыркүйекте бірінші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталып, 16 қазанда техникалық әскерлердің генерал-майоры атағы беріледі. Ш.Жексенбаев осындай жоғары атақты иеленген тұңғыш қазақ еді.

Айта кетейік, Қызыл ту –  КСРО-да жоғары бағаланған алғашқы ордендердің бірі. Отан қорғауда ерекше батырлығы мен қайсарлық көрсеткені үшін берілетін осынау орденмен Шәкір Жексенбаев бір емес, төрт мәрте марапатталған. Соның алғашқысын алған кезде Брянск майданын генерал-лейтенант Мартиниш (Макс) Рейтер басқарған. Ал штаб бастығы, генерал-лейтенант Леонид Сандалов Ш.Жексенбаевқа: «…ерекше жігерлі және ынталы. Әскери тапсырмаларды орындауда майданның бүкіл химиялық әскерлері жақсы дайындықтан өткізілген. Жаудың химиялық шабуылына қарсы дайындық бойынша әскер арасында үлкен жұмыс жүргізілген. Бұл жұмыс әлі де жалғасуда. Майданның әскери және Один в формеарнайы химиялық бөлімшелері жауынгерлерінің химиялық білімдерін шыңдауға сауатты да батыл басшылық жасайды. Өз мамандығына адал, толық берілген білімді әскери қолбасшы. Неміс фашистеріне қарсы шайқастарға жеке өзі де тікелей қатысқан. Мемлекеттің Қызыл ту ордені марапатына лайық» деген мінездеме бере отырып, марапаттау қағазына қол қойған.

Ұлы Отан соғысы кезінде химиялық әскерлер аз көзге түскен жоқ. Химиялық әскер бөлімшелері талай құрметті атаққа қол жеткізсе, 28 жауынгері Кеңес Одағының Батыры атанып, мыңнан астамы орден-медальдармен марапатталды. Бір ғана мысал, солардың бел ортасында жүрген Шәкір Жексенбаев дайындап, басшылық еткен фугасты отшашқыш роталар 1942 жылдың ақпанында 13-армия құрамында ерлік көрсетті. Сол жылдың жазында аталған роталар 13-інші және 38-армия құрамында жаудың 9 танкісі мен мыңға жуық солдат-офицерлерін жойған. Сондай-ақ Воронеж-Касторное операциясы (1943 жылғы 24 қаңтар – 2 ақпан) кезінде әскери химик Ш.Жексенбаев шабуыл барысында химиялық реакция нәтижесінде жаудан тасалану үшін қою түтінді 8 шақырым қашықтықта қолданып, кеңес әскерлері жаудың 12 дивизиядан тұратын 2-неміс армиясының қорғанысын шығынсыз бұзған. Бұл операцияға екі жақтан 125 мың адам, 2100-ден астам зеңбірек-минометтер, 65 танк қатынасқан. 17 мың дұшпан қаза болып, 82 мыңы тұтқынға түскен.

Курск, Орел, Брянск қалалары азат етілгеннен кейін 2-Прибалтика майданы құрылып, оның да химиялық қорғаныс бөлімін Ш.Жексенбаев басқарады. Кеңес одағы қалалары мен селоларын, соның ішінде Рига қаласын жаудан босатқан әскерлер кейін Ленинград майданына қосылады. Ақыры 1945 жылғы 8 мамырда неміс фашистерінің «Курляндия» тобы да тізе бүгеді. 1944 жылғы қарашада тағы да Қызыл ту, 1945 жылғы 23 ақпанда Ленин орденімен марапатталған қазақ генералының мәртебесі биіктеп тұрған кез еді ол. Қанқұйлы соғыс біткен соң әскерлерді таратып, қайта бөлу, қару-жарақ пен техниканы қабылдаумен айналысқан Ш.Жексенбаевтың өңіріне 1945 жылғы 6 маусымда Лениград майданының қолбасшысы, маршал Л.А.Говоров тағы бір Қызыл ту орденін тағады.

Соғыстан кейін химиялық қорғаныс саласындағы қызметін жалғастырған Шәкір Жексенбаев білімін жетілдіре түсіп, 1949 жылдан В.В.Куйбышев атындағы әскери академияда дәріс береді. 1950 жылғы мамырда төртінші Қызыл ту орденімен марапатталған генерал-майор әскери кадрларды даярлауға да айрықша еңбек сіңірді.

Генералдың ұлы, марқұм Олег медицина ғылымдарының докторы атанып, отбасымен дәрігерлік салада қызмет етсе, немересі Марина қазіргі таңда Мәскеу қаласында тұрады. Ал інісі, Ұлы Отан соғысының ардагері, ұзақ жыл Бөкей ордасы ауданында ұстаздық еткен Сәтбай Айталиевтен тараған ұрпақтар, шүкір, баршылық. Осы аудандағы Ұялы ауылындағы мектеп Ш.Жексенбаевтың есімімен аталса, Орал қаласындағы бір көшеге генералдың аты берілген. Биыл қазақ тарихында ерекше орны бар бірегей тұлғаның туғанына 115 жыл толып отыр. Ендеше, халықтың қаһарман ұлына қандай құрмет те артық емес

   Айболат ҚҰРЫМБАЕВ,

      тарих магистрі,

   Ғайсағали САМИҒОЛЛАҰЛЫ,

       Орал қаласы