АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Шымкент қаласы «Ақылды қала» жүйесі бойынша жұмыс істеуі мүмкін

скачанные файлыБүгін, 17 қыркүйек, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов Канаданың Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Шон Перри Стайлмен кездесті. Айта өткен жөн, Канадалық мейман өңірімізге алғаш рет табан тіреп отыр. Кездесу барысында екі тарап облыстың инвестициялық мүмкіндіктері мен өңірдің экономикасын дамыту мақсатында тартылатын канадалық инвестицияны талқылады. Аймақ басшысы облыстың ауыл шаруашылығы саласында әлеуеттің жоғары екенін айтып, Канадалық елшіні ет, сүт бағытындағы инвестициялық жобаларды сол елдің кәсіпкерлерімен бірлесе жүзеге асыруға шақырды. Б.Атамқұловтың айрықша назар аударған мәселесінің бірі Канаданың халыққа қызмет көрсету жүйесі болды. Канадада муниципалитеттік басқару әдісі енгізілген. Сондай-ақ, канадалықтар «Smart-City» — «Ақылды қала» жүйесі бойынша жұмыс істейді. Еліміздің үшінші мегаполисі саналатын Шымкент шаһарын басқаруда бұл жүйенің тиімді тәсіл екенін айтқан әкімге Канадалық меймандар қолдау көрсетіп, болашақта бірлесе жұмыс істеуге уағдаласты. Сондай-ақ, жиында аталған елдің ирригациялық жүйесіндегі артықшылықтар, ауыл шаруашылығындағы асылдандыру, жүзімді өсіру технологиялары, тау-кен ісіндегі жұмыс істеу тәсілдері облыс жұрты үшін үлгі екені айтылды. Өз кезегінде, Елші мырза сөз болған барлық мәселелер бойынша тәжірибесімен бөлісуге дайын екенін білдірді. Облыс басшысы өңірде мұнайгаз машина жасау жобаларын жүзеге асырғысы келетін шетелдік компанияларды жанжақты қолдауға дайын екенін жеткізді. Сөз соңында Б.Атамқұлов Канадалық жастарды елімізге саяхаттап келуге шақырып, Оңтүстік өлкесінің географиясы туралы сериал түсіруді ұсынды. Мәртебелі меймандардың Оңтүстік Қазақстанға жасаған сапары барысында Ордабасы ауданындағы күркетауық етін өңдейтін «Ордабасы Құс» фабрикасы, Қазығұрт ауданындағы «Амангелді» шаруа қожалығының интенсивті бау-бақшасы мен асылдандыру орталығы көрсетілді. Түс ауа қонақтар Созақтағы «Инкай» ЖШС-нің өндіріс нысандары мен Түркістан қаласындағы тарихи-мәдени орындарымен танысады.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі