АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Шымкентте Қазақ хандығының 550 жылдығына орай мерекелік шаралар өтуде

20150911160200Оңтүстік Қазақстанда Қазақ хандығының 550 жылдығына орай бірқатар салтанатты шаралар өтуде. Мәселен, облыс орталығындағы «Түркістан» сарайында бүгін Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мерекелік жиын өтті.

Шараға қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Д.Сатыбалды жұртшылықты айтулы мерейтоймен құттықтады. Тарихи күннің құрметіне өңірдің өнерпаздары әннен шашу шашып, торқалы тойдың мерейін асырды. Аталған жиында белгілі тарихшы ғалымдар ата тарихымыз туралы зерттеулері жайында баяндамалар жасады.

 Сонымен қатар, Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты жастардың қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылып, автошеру өтті. Ал облыстық орыс драма театрында 10-13 қыркүйек аралығында Иран Ғайыптың «Абылай» тарихи драмасының премьерасы сахналануда. Ал бүгін кешке облыстық орыс драма театры мен Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында «Театрға бастар нұрлы жол» атты музыкалық театрландырылған қойылымы өтпек. Облыстық бейнелеу өнері мұражайында 18 қыркүйек күні суретші Батухан Байменнің «Қазақ хандығының 550 жылдығына» арналған жеке көрмесі ашылады, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.