АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

ШЫРАЙЫ КІРГЕН ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН

бердибекБердібек Сапарбаев облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуымен таныстырды. Бұдан былай облыстардың, Астана мен Алматы қалалары әкімдері елордамызда арнайы баспасөз мәслихаттарын өткізетін болады.
Әрбір әкім елде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар, аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы ақпараттарымен бөлісіп, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап береді. Әкімдердің БАҚ алдындағы есебінің бірінші кезеңі 27 желтоқсанға дейін жалғасады. Ал кеше әкімдердің Астанадағы баспасөз мәслихатын алғаш болып Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өткізді.

Таңның шығыстан ататыны себеп болды ма, әлде Бердібек Сапарбаевтың тәжірибелі әкім екені ескерілді ме, Астанадағы әкімдер есебінің эстафетасы ШҚО басшысына жүктеліпті. Алдыңғы жылдары елордамызда өткен өңірлердің жәрмеңкелерін де дәл осы облыс бастап берген болатын. Бұл жолы да шығыстың шенеуніктері асып-саспағаны байқалады. «Қазмедиа» орталығының кіре берісіне қаз-қатар тізілген мониторларға тұтас облыстың өмірін сыйдырып әкелгендей әсер қалдырды. Әр мониторда әр саланың жаңалықтарымен танысуға мүмкіндік берілген. Монитор жанында әр басқарманың, яки саланың басшысы немесе өкілі қойған сауалыңызға тақылдап тұрып жауап береді. Жақсы дайындық жүргені көзге ұрады. Бастысы, бұл алаңда Шығыс Қазақстан облысында ғана пилотты жоба ретінде енгізілген, өзге өңірлерде әлі қолға алына қоймаған технологиялармен, жаңалықтармен танысуға мүмкіндік беріліпті.

Мәселен, біз сөзге тартқан Өскемен қаласындағы «Рейтинг» ЖШС менеджер-сарапшысы Ғалия Мұстафина айтқан жаңа ІТ бағдарламалар әзірге өзге өңірлерде жоқ көрінеді. Мәселен, «Рейтинг» ЖШС жасаған Өскемен қаласындағы №1 қалалық емхананың амбулаторлық орталығына дәрігерге жазылу бағдарламасының ерекшелігі сол, дәрігер қабылдауына үйден шықпай-ақ жазылуға болады. Бұл бағдарламаны сауда үйі сияқты халық көп жиналатын орындарда орнатылған терминалдарға да енгізу көзделіп отыр екен. Ал келесі жоба – ШҚО-ның интерактивті картасы деп аталады. ШҚО-ның картасында индустриаландыру бағдарламасына енген жобалар енгізілген. Өзіңізге қызықты жобаны интерактивті картадан түртіп қалсаңыз, сол жоба туралы ақпаратты оқи аласыз.

Бұл картадан «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша салынған, салынып жатқан нысындар туралы да мағлұмат алуға болады. «Біз интерактивті картаға қазіргі таңда құрылысы біткен жобаларды енгіздік, алдағы уақытта құрылысы енді ғана басталатын жобалар да енгізілетін болады. Әзірге пилотты негізде пайдаланылып жатқан бұл жоба оң нәтиже берсе, онда еліміздің барлық өңірінде енгізілетін болады» дейді Ғ.Мұстафина.

ШҚО-ның тыныс-тіршілігін мониторға сыйғызған көрмені тамашалаған журналистер қауымына Шығыс Қазақстан облысының әкімі баспасөз мәслихатын Президент жанындағы Орталық коммуникациялар орталығының алаңында өткізді. Әкім әуелі облыстың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне тоқталды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес экономиканы дамыту арқылы біз халықтың әл-ауқатын жақсартуға жұмыс істеп жатырмыз. Облыста өндіріс, ауыл шаруашылығы, құрылыс, шағын және орта бизнес салаларын дамыту бағытында жұмыс жүргізілуде. Былтыр 2011 жылмен салыстырғанда облыста экономиканың дамуы 7 пайыз көлемінде болды. Ал биыл бірінші жартыжылдықта бұл көрсеткіш 6,5 пайызды құрады» деді Б.Сапарбаев.

Әкім дерегіне сүйенсек, елімізде жүзеге асырылып жатқан индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында ШҚО-да жалпы құны 600 млрд теңгеден асатын 53 жоба бар. Өткен екі жылда осы бағдарламаның негізінде қосымша 8 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылған. 2 млрд теңгеден астам бюджетке түсім түскен.

«Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында шығыстағы кәсіпкерлер 2 млрд теңгеден астам несие алды. Ал биыл осы мақсатқа 2 млрд 900 млн теңге қаржы жоспарланып отыр екен.

«Шығыс Қазақстан облысы инвестициялық тартымды өңір саналады. Соңғы үш жылда облыс экономикасына тартылған инвестция көлемі 1,8 пайызға өсті. Ал осы жылдың жеті айында 144 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 25 пайызға жоғары. Осы тұста айта кетер жайт, инвестицияның негізгі салымдарын, яғни 64 пайызын кәсіпорындардың өз қаражаты құрайды» деді әкім. Ал облыстың қаңтар мен шілде айлары арасындағы сыртқы сауда айналымы 2 млрд долларды құрайды деп жоспарланып отыр екен. Соның ішінде экспорттың үлесі 1,3 млрд доллар, ал импорт – 803,8 млндоллар. Бұл салыстырмалы түрде алғанда оң өзгеріс. Себебі сыртқы сауда айналымында өзге облыстарды айтпағанда, республикалық көрсеткіштің өзінде импорттың үлесі басым ғой.

Моноқалаларды дамыту бағдарламасына Шығыс Қазақстан облысынан Риддер, Зыряновск, Курчатов және Серебрянск қалалары енген. Осы қалаларды қалақұраушы өндіріске тәуелділіктен арылту үшін кәсіпкерлікті қолдау орталықтары құрылып, жұмыс істеуде. Мәселен, биыл осы моноқалалардағы шағын және орта бизнесті дамыту үшін 439,6 млн тенге жұмсалмақ екен. Ал моноқалалар инфрақұрылымын дамыту шеңберінде 1,8 млрд теңгеге 13 инвестжоба жүзеге асады деп жоспарланған. Төрт моноқаланың жол, су құбырлары мен жылу желісін жөндеуге, жарықтандыру жүргізуге мен жарамсыз нысандарды сүруге 391,6 млн теңге қарастырылыпты.

Мемлекет басшысының жиі қайталайтын бір тапсырмасы жұмыссыздықты жою. Бұл ретте Шығыс Қазақстан облысында соңғы үш жылда 30 мыңнан астам қосымша жұмыс орны ашылғанын айтады әкім.

«Жол картасы» бағдарламасының нәтижесінде, үш жылда облыста 30 мыңнан астам қосымша жұмыс орнын құрдық. Бұл жұмысты жалғастырып жатырмыз. Республикалық бюджеттен бөлінген қаражаттан өзге облыстық қазынадан жыл сайын 4 млрд теңге шамасында қаржы бөлеміз. Ең бірінші кезекте бағдарламаның мақсаты ауылдағы бизнесті дамыту болып отыр. Мұнымен қатар шалғайдағы ауылдарды дамыту да көзделген» деді облыс әкімі баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, осы іс-шаралардың нәтижесінде, облыста жұмыссыздық деңгейі төмендеп келеді. Мәселен, 2010 жылы бұл көрсеткіш 5,7 пайыз болса, қазір 5,1 пайыз. Ал 2015 жылы бұл көрсеткішті 4 пайыздан асырмаймыз деген мақсат қойылыпты. Ендігі кезекте тұрмысы нашар отбасылардың санын азайтуды басты назарда ұстап отыр.

ШҚО еліміздегі басқа облыстармен экономикалық интеграцияны нығайтуға мүдделі. Нақтылай кетсек, ШҚО бастамасымен осы жылдың шілде айында Өскемен қаласында Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстарының аймақаралық ынтымақтастығын нығайтуға арналған форумы өткен болатын. Форумның негізгі мақсаты – әлемдік дағдарыс жағдайында күш біріктіріп, экономикалық өсімнің қарқынын сақтау. Аталған форум соңында төрт облыстың кәсіпорындары арасында жалпы құны 16 млрд теңгені құрайтын 40 құжатқа қол қойылған. «Біз бұған дейін басқа облыстарда бізге қажетті өнімдердің өндірілетінін білмей келдік. Сондықтан ол өнімді шетелден импорттап келдік. Ал енді бір-бірімізбен облысаралық сауда-саттықты дамыту арқылы отандық өнімнің өтімділігін қамтамасыз етіп отырмыз» деді Б.Сапарбаев.

Әкім әдетте көпшілікті Шығыс Қазақстан облысын өнеркәсіптік өңір деп санайтынын тілге тиек етті. «Ал шын мәнінде, біздің өңір ауыл шаруашылығымен де айналысады. Облыстың жалпы ішкі өнімінің 11 пайызын дәл осы ауыл шаруашылығы өнімдері құрайды. Біз мал шаруашылығы бойынша алдыңғы орындамыз. Халықты жергілікті азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырмыз. Биылғы жылы 1 млн 300 мың тонна егін ектік. Ылғал сақтау технологиясын қолдану арқылы гектарынан 17 центнерден өнім алуды жоспарлап отырмыз. Қазақстан халқының 50 пайызын техникалық дақылдармен қамтамасыз етіп отырған да біздің өңір» деді әкім. Ол сонымен бірге мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік береді деген «Жайлау» бағдарламасы туралы айтып берді. Бағдарлама басқа өңірлер үшін де тиімді болатынына көз жеткізіп отырмыз. Сондықтан жан-жақты тоқталуды жөн көрдік. «Жайлау» бағдарламасы әрбір қатысушыға 100 бас ұсақ малдан береді. Ол үшін 5 жыл мерзімге шарт жасалады. Шарт талабы бойынша бағдарламаға қатысушы шарттың мерзімі біткенге дейін 200 бас малды қайтаруы тиіс. Қалған өсім тұрғынның өз меншігінде қалады және ол шамамен 300 басты құрауы мүмкін. Өткен жылы осы бағдарламаны жүзеге асыруға 200 млн теңге бөлінді. Ал биылғы жылы «Жайлау» бағдарламасын іске асырудың жалғасы аясында облыстық бюджеттен 327,8 млн теңге бөлініпті. Бағдарламаның ерекшелігі әрі тиімділігі сол, бастапқы капиталы жоқ ауыл халқы тұрақты жұмысқа ие болады. Сонымен қоса, ұсақ мал саны артады. Шығыста шыққан тағы бір бастама да бізді елең еткізді. Ол туралы әкімнің өзі айтсын.

«Өздеріңіз білесіздер, осыдан 1,5 ғасыр бұрын Қарқаралы өңірінде Қоянды мал жәрмеңкесі өтетін болған. Сол кезде біздің қазақтар малды экспортқа шығарумен айналысқан. Біз осы дәстүрді жалғастыру мақсатында өткен тамыз айында Абай ауданының Қарауыл ауылында алғаш рет «Шыңғыстау – 2013» республикалық жәрмеңкесін өткіздік. Жәрмеңке республиканың өзге өңірлерімен, әсіресе, Алматы, Қарағанды, Павлодар облыстары және Ресейдің Алтай өлкесі және Алтай Республикасымен, Монғолиямен ынтымақтастық туралы интеграция аясында ұйымдастырылды. Жәрмеңкеде Ақмола, Жамбыл, Қызылорда және ОҚО делегациялары болды. Көрмеге барлығы 3 мемлекеттің 11 өңірінен өкілдер қатысты» деді әкім. Оның сөзіне қарағанда, Қарауыл ауылындағы жәрмеңке жыл сайын дәстүлі түрде өтетін болады. Ал биылғы жәрмеңкеде 4607 бас ірі қара малы, 184,6 мың бас қой және 4987 бас жылқы сатуға қойылыпты. Жәрмеңкедегі сауда кезінде барлығы 960 млн теңгеге мал сатылған.

ШҚО-ның басқа өңірлерден ерекше бренді – бал екенін белгілі. Елімізде омарта шаруашылықтары өндіретін балдың 70 пайызы ШҚО үлесінде. Біздің елде өтетін Халықаралық бал фестивалі де ШҚО-ға тиесілі. 2010 жылдан бері тұрақты түрде өтіп келе жатқан бал фестивалінің бір мақсаты мемлекеттік құрылымдар мен ұйымдардың назарын Қазақстанның бұрынғы омарта шаруашылығын жаңғыртуға, оның әлемдік нарықтағы бағытын қалпына келтіруге аудару. 2010 жылы өткен ең алғашқы бал фестиваліне Ресей, Тәжікстан, Германия, Израиль елінен өкілдер қатысқан болатын. Сол жылы омарта шаруашылығын дамыту мақсатында меморандумға қол қойылды. Нәтижесінде, ара өсіру мамандары Израильде тағылымдамадын өтті. Германиядан заманауи жабдықтар алуға қол жетті.

Ең бастысы, омарта шаруашылығы тұрақты қолдауға ие болды. Мәселен, 2010 жылы облыстық бюджеттен 8 асыл тұқымды омартаға 4 млн теңге, 2011 жылы 32 бал ара шаруашылығына 24 млн теңгеден астам субсидия берілді. Ал 2012 жылы 24,9 мн теңге, биыл осы мақсатқа 26,8 млн теңге қаражат бөлінген.

Дәл осы облыста мектепте берілетін тамақ рационына бал қосылғаны туралы бұдан бірер жыл бұрын БАҚ жазды, айтты. Ал енді мектепте берілетін тамақтың рационына сүт қосуды жоспарлап отыр екен.

«Бір грамм бал өндірмейтін Жапония 1947 жылдан бері оқушыларға 10-15 грамм бал мен 100 грамм сүт беріп келеді. Ал біздің облыста 2011 жылдан бері аптасына үш рет бастауыш сынып оқушыларына 10 грамм, ал жоғары сынып оқушыларына 20 грамм бал беріледі. Қазіргі таңда тамақ рационына сүтті қосу қарастырылуда» деді Б.Сапарбаев. Бұл ұлт, ұрпақ саулығына деген қамқорлық екені даусыз.

Қамқорлық дегеннен шығады, бізді осы облыстағы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды баспанамен қамту жобасы қызықтырды. Әкімдік бастамасымен қолға алынған «Мейірім» кешенді жоспарына сәйкес, облыстың кәсіпорындары мен ұйымдары Тұрғын үй құрылысы жинақ банкінде ашылған жетім балалармен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың есепшотына қаржы аударады.

«Басты мәселелердің бірі жетім балаларды жұмысқа орналастырып, баспанамен қамту болып отыр. Осыған орай аталмыш мәселені шешу үшін меншік түріне қарамастан, өңірдегі барлық кәсіпорындар мен ұйымдарға бір баладан қамқорлыққа алу ұсынылды. 2012 жыл мен соңғы жеті айда 1688 жетім бала 1599 патронаттық ұйымға бекітілді. Олар қамқорлығына алған баланы кейін жұмысқа орналастыратын болады. Ал жетім балаларды баспанамен қамтамасыз ету үшін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-мен келісімдер жасалды. Бүгінгі күннің өзінде 75 млн теңге шамасында қаржы жиналды. Балалар үйінің тәрбиеленушілері оқуларын бітірген кезде, белгілі бір капиталы болады. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ы оларға кредит беріп, баспана мәселесін шешеді» деді әкім.

Облыста медицина қызметкерлерінің жетіспеу мәселесі де шешімін тауып жатыр. Мәселен, бүгінгі күні бұл өңірде 370 медициналық қызметкер жетіспейді екен. Бұл мәселені шешу үшін Өскемен қаласында Семей медициналық университетінің филиалы ашылған. Сонымен қатар жұмысқа орналасатын жас мамандарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында Өскеменде екі жатақхана салынып жатыр екен. Бірінші кезекте, бұл баспаналар денсаулық сақтау саласының мамандарына берілмек. Осылайша 2016 жылға қарай мамандардың тапшылығы шешілетініне әкім сенімді.

Ал білім беру саласындағы басты мәселенің бірі – апатты жағдайдағы мектептерді жою екенін айтқан әкім, бүгінде облыста дәл осындай 47 апаттық мектеп бар екенін жеткізді. Әкімнің дерегінше, осы жылы 41 білім беру нысанының құрылысы жүріп жатыр. Оның 30-ы апатты мектептердің орнына салынуда екен. Облыс әкімі бұл мәселе 2015 жылы толық шешілетінін атап өтті. Оның айтуынша, бұл жұмыс, негізінен, жергілікті бюджет есебінен жүргізіледі.

«Сондай-ақ бұл мәселені шешудің тағы бір жолы – мектептерді оңтайландыру. Әсіресе, бұл жұмысты облыстың ірі қалаларында жүргізу қажет. Кейбір қалаларда мектептің жартысы пайдаланылмай жатқан жағдайлар бар. Сондықтан біз осы жұмысқа кірісеміз» деді әкім.

Баспасөз мәслихатында айтылған сүйінші хабар да болмай қалмады. Мәселен, биыл қазан айында Зайсан қаласының тұрғындарына газ беріледі. Одан кейінгі кезекте 9 елді мекен газбен қамтамасыз етілмек. Ал энергия жетіспеушілігі де шешімін табады.

«Біздің облыс – энергия шығаратын өңір. Дегенмен, экономиканың даму қарқынына орай қазіргі таңда бізде 2 млрд кВт энергия жетіспейді. Біз оны өзімізде өндіру үшін судың, желдің мүмкіндігін пайдаланумыз керек. Қазақстан су қорының 60 пайызы шығыста. Сондықтан біз қазір 12 компаниямен жұмыс істеп жатырмыз. Бірінші компанияның жұмысы Зырянь ауданында басталды. Ол – 24 МВт электр энергиясын беретін шағын су электр стансасының құрылысы. Оған инвесторлар 49 млн евро қаржы құяды» деді әкім.

Баспасөз мәслихатында бізді тәнті еткен тағы бір жаңалық, биыл қазақ футболының 100 жылдығына орай, ШҚО-да 100 футбол алаңын салуды жоспарланып отыр. Тағы бір жаңалық, Дүниежүзі қазақтарының келесі құрылтайы 2014 жылы Шығыс Қазақстан облысында өтуі мүмкін екен. БАҚ өкілдерінің сұрағына жауап берген Бердібек Сапарбаев: «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев осындай ұсыныс жасады. Біз оны қабылдадық. Басшылық тарапынан рұқсат болса, құрылтай келесі жылы біздің облыста өтеді» деді.

Журналистерді ШҚО-ның қылышын сүйретіп келе жатқан қысқа дайындығы да қызықтырды. Әкімнің айтуынша, барлық нысандар кестеге сай жылыту маусымына дайын. 15 қазанға қарай Семей қаласында жылу беріле бастайды.

«Айқын-анықтама»:

Шығыс Қазақстан– Қазақстанның солтүстік-шығысында, Ертіс өзенінің жоғарғы бассейнінде, Алтай тауларының қазақстандық бөлігін және Сарыарқаның ұсақ шоқылы шығыс бөлігін қоса алғандағы аумақта орналасқан. 283,3 мың шаршы шақырым аумақты алып жатыр. Бұл Қазақстанның жалпы аумағының 10 пайызын құрайды. Солтүстігінде Ресейдің Алтай өлкесімен, шығысында және солтүстік-шығысында – Қытаймен шектеседі.

Өткен жылы ғана 80 жылдығын атап өткен облыста 1393,9 мың адам тұрады, оның басым бөлігі, яғни 54,2 пайызы қалада қоныс тепкен.

Облыста 2000 астам көл бар, олардың ішінде 18-і ірі, 1200 астам өзен бар, олардың 20-сының ұзындығы 100 км артық. Мұнда республикадағы пайдалануға жарамды орман алқабының 70 пайызы шоғырланған.

Бірегей табиғатты сақтау үшін облыста екі қорық – Марқакөл және Батыс Алтай қорықтары, төрт зоологиялық және ботаникалық – Тарбағатай, Құлынжон, Төменгі Тұрғысын, «Қаратал құмы» заказниктері, Синегор самырсын орманы, Алтай ботаникалық бағы, «Семей орманы» мемлекеттік табиғи орман резерваты, Қатонқарағай ұлттық табиғи паркі сияқты алты табиғи ескеркіштер құрылған.

Атақты Берел қорғанында, Шілікті және Делбегетай қорым кешендерінде жүргізілген қазба нәтижелері бүкіл әлем археологтары мен тарихшыларын қызықтырып отыр.

Жер қойнауындағы негізгі байлық – көп компонентті полиметалл рудасы. Облыс аумағында жалпы республикалық қордағы қорғасынның 24%, мырыштың 41%, мыстың 45% шоғырланған. Бұған қоса алтын, олова, тантал, титан, магний, никель және кобальт кен орындары бар. Облыс аумағында цемент, шыны шлагы өндірісіне қажетті шикізаттың, цеолит кенінің айтарлықтай қоры орналасқан.

Көмірсутегі шикізатынан – тас көмірдің және жанатын сланецтің, мұнайдың ірі кен орындары бар.

Облыста республикадағы түсті металлургияның ірі кәсіпорыны «Казцинк», «Қазақмыс» корпорациясының филиалы, «Үлбі металлургиялық зауыты», «Өскемен титан-магний комбинаты» орналасқан. «Азия Авто», «Өскемен арматура зауыты» «Востокмашзавод», «Өскемен конденсатор зауыты», «КЭМОНТ», «Казцинкмаш», «Казэлектромаш», «СемАз», «Daewoo Bus Kazakhstan», «Машзавод» тәрізді ірі машина жасау зауыттары бар.

Аграрлық сектордың бағыттары: өсімдік шаруашылығы (дәнді, мал азығы дақылдары, бау-бақша); мал шаруашылығы (ірі қара, жылқы, қой және т.б.).

Облыс күнбағыс майлы дақылын, бал және панты өнімдерін өндіру бойынша республикада монополист болып табылады, сүт өндіруден республика бойынша бірінші, ет және картоп өндіру бойынша 3-орында.

Негізі, ауыл шаруашылығы малдары және құс саны бойынша облыс республикадағы алдыңғы орындарда тұр. Ірі қара малының саны бойынша – 3, жылқы бойынша – 2, қой саны бойынша – 4 орында, марал және теңбіл бұғы бойынша республикада монополист болып табылады. Облыс шаруашылықтары республика көлеміндегі омарта шаруашылығының үштен екісін ұстайды.

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ,

http://www.aikyn.kz/