АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Словакия мен Қарағанды бірлескен жобаларды жүзеге асырмақ

словакияСловакия Республикасының бизнес өкілдері Қарағанды облысында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниетті.  Қазірдің өзінде бұл бағытта екі меморандумға қол қойылды.

Жақында Словакия Республикасы Ұлттық Кеңесінің төрағасы Павол Пашка бастаған делегация Қазақстан Республикасына ресми сапары аясында Қарағанды облысына ат басын бұрған болатын. Осы сапар аясындағы ресми кездесуде негізінен екі тараптың іскерлік байланысын жандандыру мәселесі талқыланды.

Сөз басында облыс басшысы Бауыржан Әбдішев қонақтарға өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі, түрлі салалардағы ынтымақтастық мүмкіндіктері туралы кеңінен әңгімелеп берді.

Ол еліміздің егемендік алғаннан бергі уақытта әлемнің көптеген мемлекеттерімен, оның ішінде Еуроодақ елдерімен сыртқы экономикалық байланыстарының нығайып келе жатқандығын атап өтті. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ашық та жан-жақты саясатының арқасында өңірлер де әлемдік қауымдастыққа кірігіп, іскерлік байланыстарды дамытуға мол мүмкіндік алып отырғандығына тоқталды.

— Қарағанды облысының Словак Республикасының өңірлерімен өзара байланыстары алдағы уақытта нығая береді деген сенімдемін, — деді облыс әкімі.

Ресми кездесумен қатар «Космонавт» қонақүй кешенінде Словак Республикасының бизнес-делегациясы мен Қарағанды облысының 60-тан аса кәсіпорын өкілдерінің қатысуымен «дөңгелек үстел» өткізілді.

Келіссөздер нәтижесінде екі меморандумға қол қойылды. Оның біріншісі «Шахтинсктеплоэнерго» ЖШС мен «ФОТОВОЛЬТ Кошице» және IEG «ISTROENERGO GROUP» словак компаниялары арасында Шахтинск ЖЭО жаңғырту инвестициялық бағдарламасын жүзеге асыру бойынша бірлескен іс-шараларға қатысты болды.

Саран қаласының әкімдігі мен «ФОТОВОЛЬТ Кошице» компаниясының арасында жасалған екінші меморандум өнімділігі 60 МВт фотовольтты электростанциясының құрылысын көздейді.

Словак делегациясы сапар соңында Қарағанды қаласының Оңтүстік-Шығыс ауданындағы католик соборына барып, ғибадатхананың жай-күйімен танысты.

Қ.Жұмағалиұлы

Қарағанды