АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

СМС НЕГЕ КЕШІГЕДІ?

 Қыстың қатал мінезін қаңтарда сезіндік. Аяз қысқан аймақтардағы мектептерде са­бақ жиі тоқтатылуда. Мектепте сабақ болм­ай­тыны туралы ақпаратты «112» нөмірі ха­барлап отыр.
Алайда кейбір абоненттерге сабақтың болмайтыны туралы смс-хабар­ла­ма кешігіп жететінді шығарды. Мұның се­бебін Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божконың өзі түсіндірді.

Орталық коммуникациялар қызме­тіндегі кезекті брифингке келген В.Бож­коның айтуынша, смс-тің кешігуінің техникалық себебі ғана бар. «Операторлар сағатына 200 мың абонентке смс-хабар­лама жөнелтеді. Әйтпесе, олар адал еңбек етіп жатыр» деді министр.
Осындай смс-хабарламалар жолдардың жабылуы туралы да күнделікті ақпарат беріп отыр. Мәселен, жыл басынан бері жалпы 62 миллионнан астам абонентке жолдардың жабылуы туралы 138 смс-хабарлама жіберілген. Ал «112» нөміріне қар құрсауынан құтқару туралы 25905 қоңырау түсіпті. Мұндай қоңыраулар адамдарды қар құрсауынан құтқаруға септігін тигізуде.
«Жыл басынан бері Алматы қаласы, Маңғыстау, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарынан басқа еліміздің барлық өңірлерінде жолдар 128 рет жабылды. Жыл басынан бері қар құрсауынан барлығы 3685 адам және 1132 техника құтқарылды. Биыл Ақтөбе облысында қысылтаяң жағдай болды. Көліктер қар құрсауында қалып, жұмыс негізінен Самара–Шымкент, Ақтөбе–Ор, Ақтөбе–Астрахань жолдары учаскелерінде, Хромтау қаласынан Қос­танай облысы шекарасына дейінгі жолдар­да жүргізілді» деді министр.
Министр Президент Жолдауынан туындаған тапсырмаларды орындау үшін атқарылатын жұмыс легін де тілге тиек етті. Мәселен, ТЖМ биыл бірінші кезекте жергілікті атқару органдарымен бірге аймақтарда төтенше жағдайлардың алдын алу үшін инфрақұрылымдарды дамытуға күш салмақшы. Бұл ретте, үстіміздегі жылы үш қалада – Астана, Алматы, Жаңаөзен қалаларында өрт сөндіру деполарының құрылысы аяқталады. Қарағанды облы­сындағы Приозерскіде су-құтқару стан­циялары салынады.  Ал Көкшетау, Ақтөбе, Қарағанды, Шымкент қалаларында өрт сөндіру деполарының құрылысы жал­ғасады.
«Соңғы үш жылда өртке қарсы қыз­меттің құрылымын күшейтуге үлкен көңіл бөлінуде. Қазірде инфрақұрылымға бөлінетін қаржының артқанын да айту керек» деді министр.
«Қорғас» шекара маңы ынтымақтасты­ғы халықаралық орталығын қорғау мақ­сатында Қорғас өзенінде селден қорғау және тасқынға қарсы құрылыстар салы­нады. «ЭКСПО – 2017» көрмесі нысан­дарын өрттен қорғау да маңызды міндет­тер­дің қатарында екен. «ЭКСПО-2017» көрмесінің нысандарын өрттен қорғау үшін 2 өрт сөндіру депосы және орталық өңірлік аэромобильді жедел құтқару жасағының базасын салу керек. Бір де­по­ны салу мәселесі шешілді, барлық үш нысан­ға жер телімі бөлінді. 2017 жылы елімізде өтетін универсиада нысандарының да өртке қарсы қорғанысын күшейтуге көңіл бөліп отырмыз. Бұл ретте Универсиада өтетін спорт нысандарының өртке қарсы қор­ғанысын қамтамасыз етуді қолда­ныстағы өрт сөндіру бөлімшелері мен осы жылы «Ақбұлақ» шағын ауданында пай­далануға берілетін өрт сөндіру депосының есебінен шешуді жоспарлағанбыз» деді В.Божко

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ, Астана

http://www.aikyn.kz/