АЛТЫНОРДА
Новости

Сочи олимпиадасына кімдер қауіп төндіреді?

Сочи олимпиадасының алауы. (Көрнекі сурет)«Имарат Кавказ» қарулы тобының басшысы Доку Умаров Сочи олимпиадасы кезінде «мұсылмандар кегін қайтаратынын» мәлімдеген еді. Волгоградтағы жарылыстардан кейін осы мәлімдеме еске түседі.

Жарияланған уақыты: 31.12.2013

Желтоқсанның 29-ы күні Ресейдің Волгоградвокзалында жарылыс болып, 17 адам өлді, 45 адам жараланды. Ертеңінде троллейбус жарылып, 14 адам қаза тауып, 15 адам зардап шекті. Осыдан соң «Доку Умаров Сочи олимпиадасының өтуіне кедергі жасай ала ма?» деген сауал туады.

Алты ай бұрын интернет арқылы видео-үндеу таратқан Умаров «Олар ойынды Қара теңіздің жағасында жерленген мұсылмандардың сүйегі үстінде өткізбек. Мұсылмандар Алла рұқсат еткен кез келген әдісті қолданып, бұған жол бермеуі тиіс» деген еді.

УМАРОВТЫҢ МҮМКІНДІГІ

Бұл сұрақтың жауабын бір-бірімен байланысты екі мәселеден іздеу керек.

Біріншіден, оның олимпиадаға кедергі келтіретіндей әскери күші мен әдіс-айласы бар ма? Екіншіден, бұл сауалға «жоқ» деп жауап берген күннің өзінде, Ресей билігінің қауіпсіздікті қамтамасыз ету қабілетін бөлек қарастыру керек: Мәскеудің спортшылар мен көрерменді террорлық шабуылдардан қорғауға қауқары жете ме?

Сочи олимпиадасының алауы. (Көрнекі сурет)Сочи олимпиадасының алауы. (Көрнекі сурет)

Бірінші сауалға жауап беру оңай емес. Себебі Умаровтың тұтқындарды кепілге алып, «Ойын өтпесін, әйтпесе жүздеген адам өледі» деп шарт қоюы мүмкін. Немесе терактілер жасап, нәтижесінде Ресей билігі 40 миллиард доллар жұмсаған ойыннан бас тартуы да ықтимал дүние.

Өткенге көз жүгіртсек, бұл екі жағдайдың да болуы әбден мүмкін екенін байқаймыз. 1995-2004 жылдар аралығында шешен қарулы топтары 4 ірі операция өткізді: 1995 жылдың маусымында дала командирі Шамил Басаев бастаған шешен содырлары Буденновск қаласында тұтқындарды кепілге алды; 1996 жылдың желтоқсанында Салман Радуевтің басшылығымен Кизлярда да дәл сондай оқиға болды; 2002 жылы содырлар Мәскеудегі театрды басып алып, көрермендерді кепілге алды; 2004 жылдың қыркүйегінде содырлар Бесландағы мектепті басып алып, оқушыларды кепілге алды.

Бірақ бұл қарулы топтардың ешбірі талаптарын орындата алмады. Бірақ сол кездегі Ресей премьер-министрі Виктор Черномырдин Басаев пен оның адамдарының Шешенстанға оралуына мүмкіндік берді.

Басаев та, Радуев те кейіннен қаза тапты. Умаровтың өзі ешқашан үлкен операция жүргізіп көрген емес, оның қасындағы командирлерінің маңызды әскери операцияны жоспарлап, іске асыруға қабілетті екені күмән тудырады.

ШЕШЕНСТАНДЫҚ ДАЛА КОМАНДИРЛЕРІ

Умаровтың орынбасары Аслан Бютукаевтың (Амир Хамзат ака) жанкештілерге материалдық-техникалық құралдар жеткізіп, оларды психологиялық дайындықтан өткізу қабілеті бар екені белгілі.

Солдан оңға қарай: Асланбек Вадалов, Доку Умаров және Муханнад атты содыр. 2010 жылы тамыз айында Youtube желісіне жарияланған видеодан скриншот.Солдан оңға қарай: Асланбек Вадалов, Доку Умаров және Муханнад атты содыр. 2010 жылы тамыз айында Youtube желісіне жарияланған видеодан скриншот.

Аман қалған дала командирлерінің арасында әскери операция жасауға қабілетті деп Асланбек Вадаловты да атауға болады. Ол 2010 жылы тамыз және қазан айларында Шешенстанда екі теракт жасады. Бірақ ол Умаровтың видео роликтерінен сирек көрінеді. Ол 2011 жылы Умаровқа адал болуға қайтадан ант берген.

«Олимпиада кезіндегі шабуылды кім басқара алады?» деген сауалға оралсақ.  2007 жылы Доку Умаров шешен командирі Тархан Газиевпен араздасып қалды. Умаров оны бағынбағаны үшін шариғат сотына тартқан еді.

Саяси ақпарат орталығының төрағасы Алексей Мухин «Умаровтың жауынгерлерін Ауғанстаннан немесе Сириядан тәжірибелі командирлер басқаруы мүмкін» деген жорамал айтады.

Солтүстік Кавказдағы қатаң қауіпсіздік шараларына қарамастан терроршылар екі рет теракт жасады. 2004 жылдың мамырында сол кездегі Шешенстан президенті Ахмат-қажы Қадыровты қасындағы бес адамымен Грозный стадионында жарып жіберді. Федералды қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) бұрынғы директоры Николай Патрушев «бомбаны орнатуға Қадыровтың қасындағылардың бірі көмектескен» дейді.

Алты жылдан соң Қабардин-Балқардың бұрынғы ішкі істер министрі Хачим Шогеновты өлтіру үшін Нальчик тас жолына жарылғыш зат орнатылды. Шогенов жарақат алды.

Мухиннің пікірінше, терроршылар қолдан жасалған жарылғыш затты олимпиада ойындары үшін тұрғызылған нысандарға орнатуы мүмкін.

СОЧИДЕГІ ҚАУІПСІЗДІК ШАРАСЫ

Олимпиада таяған кезде жанкештілер бірнеше дүркін жарылыс жасауы мүмкін деген де болжам бар. Ондай жарылыстар 2010-2011 жылы Мәскеуде жасалған еді. 2010 жылы Назрандағы автокөлік жарылысынан 25 адам қаза тауып, 250 адам жараланған.

Сочидегі олимпиада қалашығы. 10 қараша 2013 жыл.Сочидегі олимпиада қалашығы. 10 қараша 2013 жыл.

Терроршылардың шабуыл жасау мүмкіндігін ешкім жоққа шығармайды. Бірақ Сочиде бұрын-соңды болмаған қауіпсіздік шаралары жасалып жатыр. Инфрақұрылымдық нысандарда жұмыс істеп жүрген, басқа аймақтан келген құрылысшылардың бәрі желтоқсанның аяғында үйлеріне қайтады. Ойын біткенше Сочиге кіретін көліктер саны шектелді.

2009 жылы дайындалған жоба бойынша, Сочи олимпиадасы кезінде Ресей полициясының 42 мың қызметкері мен ішкі әскердің 10 мың жауынгері қауіпсіздікті қадағаласа, төтенше жағдай министрлігінің 20 мың қызметкері жағалау мен тауларды бақылайтын болады. Шабуылға шыққан әскерилердің кез келген тобы бұндай күшке төтеп бере алмайды.

Дегенмен agentra.ru сайтының бас редакторы Андрей Солдатов олимпиада кезінде террорлық шабуыл болуы мүмкін деген пікірді негізсіз деп санамайды. Азаттықтың Солтүстік Кавказ қызметінің директоры Аслан Дукаев сияқты ол да «Олимпиаданы болдырмау үшін көп әскермен үлкен шабуыл жасау міндетті емес. Жарылысты бір террорлық ұйым, тіпті оның бір бөлімшесі де ұйымдастыра алады» дейді.

ANONYMOUS CAUCASUS

Солдатовтың мәлімдеуінше, ресейлік арнайы қызмет өкілдеріне «олимпиада кезінде тосын оқиғаларды болдырмаймыз» деген кепілдік беру оңайға түспейді.

Сочи олимпиасын болдырмаймын деп қоқан-лоқы жасаған жалғыз Умаров емес. Желтоқсанның 27-сі күні Anonymous Caucasus атты бүркеншік ат иеленген хакерлер Ресей үкіметіне видео-үндеу жолдады. Олар «Сочи үшін кек алу» деген ұранмен «ауқымды кибер-соғыс жүргіземіз» деп мәлімдеді. Олар черкес халқының байырғы жеріне қол сұққан Ресей үкіметін «жауыз» деп айыптайды.

«Халқымыздың және ислам дінінің жауы – Ресейге қарсы күресетін халықтарды қолдаймыз. Сочи аумағындағы әрекеттеріңді тоқтатыңдар, әйтпесе өз мақсатымызға жету үшін аянбаймыз» дейді Anonymous Caucasus.

Ресей президенті Владимир Путин Сочи олимпиадасына дайындықтың соңғы кезеңінің тұсаукесерінде отыр. Сочи, 28 қараша 2013 жыл.Ресей президенті Владимир Путин Сочи олимпиадасына дайындықтың соңғы кезеңінің тұсаукесерінде отыр. Сочи, 28 қараша 2013 жыл.

Anonymous Caucasus осыдан үш ай бұрын «Сбербанк» пен «Ресей банкінің» сайттарының жұмысын уақытша тоқтатып тастаған еді.

Дегенмен «Умаров черкестердің атамекенін қорғау үшін олимпиадаға шабуыл жасайды» дегенге шешендердің 50 пайызы ғана сенеді. Азаттықтың Солтүстік Кавказ қызметі желтоқсан айында Умаровтың мәлімдемесіне қатысты сауалнама жүргізген еді. Респонденттердің 10 пайыздан астамы «Умаров өзінің тірі екенін еске салғысы келеді» десе, 8 пайызға жуығы «қоқан-лоқы жасау арқылы өз ықпалын дәлелдегісі келеді» дейді. Тек 6 пайызға жуық респондент «ол шынымен де Ресейді алған бетінен қайтарады» деп жауап берген.

(Лиз Фуллердің мақаласынағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)