АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

 Сочидегі серпініміз қалай болмақ?

Биыл Сочиде байрағы көтерілетін ХХІІ қысқы ойындар 7-23 ақпан аралығында Ресейдің Сочи қаласында өтеді. Жалпы, Сочиде 80-нен астам елден бес мың спортшы қатысады деп күтілуде. Дүбірлі дода барысында спорттың 15 түрінен 98 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Қазақстан Республикасы Дене шынықтыру және спорт істері агенттігінің төрағасы Тастанбек Есентаев спортшыларымыз Сочиде кемінде екі медаль жеңіп алуы қажет деген жоспар құрғандығын атап өтті. Жалпы, Қазақстан құрамасы олимпиадалық бағдарламаның 15 спорт түрінің 11-і бойынша кемінде 40 лицензия жеңіп алу мақсатын қойып отыр. Қазірдің өзінде спорттың 7 түрі бойынша 30-дан астам спортшы қысқы Олимпиадаға қатысуға жолдама алып қойған. Агенттік төрағасының айтуынша, Қазақстан құрамасы Сочи Олимпиадасында жалпыкомандалық есепте 20-23 орынды иеленуді жоспарлап отыр. Ақ Олимпиадада Қазақстан құрамасының 6 спорт түрінен медаль алуға мүмкіндігі бар. Бұл – шаңғы жарысы, биатлон, фристайл-могул, коньки тебу, мәнерлеп сырғанау және сноуборд.
Сочи олимпиадасынан зор үміт күтетін спортшыларымызды санамалай кетсек, ауыз толтырып айтатындай 3-4 атлетіміз бар екені белгілі. Алексей Полторанин былтыр «Тур де Ски» көпкүндігіндегі қос алтынын олжалағаны белгілі. Бұдан басқа Франция, Норвегия, Финляндия және Дания елдерінде өткен әлем кубогы жолында 2 алтын, 2 күміске қол жеткізді.
Конькимен жүгіру спортында Денис Кузин атты спортшымыздан да жүлде дәметуге болады. Ол былтыр Сочи қаласында өткен әлем біріншілігінде алтыннан алқа тағып, мәртебемізді бір көтеріп тастаған еді. Кузиннің бұл жеңісі аталмыш жарыс барысында Қазақстан құрамасын бесінші орынға көтерген болатын. Бұдан бұрын ол өзімізде өткен Азия ойындарының жеңімпазы атанды. Соңғы жетістіктерін саралай келе Д.Кузинді үздік үштікке ілігеді деуге әбден болады.
Келесі үмітіміз – Денис Тен. Ол осы күнге дейін мәнерлеп сырғанаудан әлем біріншілігінің күмісін еншілеген болатын. Тіпті осы жарыстан кейін оны алтынға лайық деп танып, батыстық басылымдар жарыса жазды. Өнерімен талайды тәнті етіп жүрген жігіттің жетінші Азия ойындарының жеңімпазы екені де белгілі. Денистің небәрі 20 жаста екенін ескерсек, одан әлі талай жүлде тосуға болатындай.
Десек те, жоғарыда айтылған үшеуден бөлек Ванкувер олимпиадасында күміске қол жеткізген биатлоншы қызымыз Елена Хрусталеваның да жүлдесіз қайтпайтынына сенуге болады. Ол өз қанжығасын соңғы Азия ойындарында қос алтынмен майлаған болатын. Міне, үш айға жуық уақыттан кейін Ресейде өтетін ақ Олимпиада ойындарында біз айтқан қыз-жігіттердің мойнына ауыр жүк түсетіні анық. Себебі елдің бәрі соларға көбірек үміт артып отыр. Сонымен қатар Екатерина Айдова (конькимен жүгіру), Юлия Галышева, Дарья Рыбалова (екеуі де фристайл), Валерия Цой (сноуборд) сынды спортшылар жүлде алып қалуы да ғажап емес.
Ал орыстардың «Спорт-Экспресс» басылымы қазақстандық спортшылардың дәрежесін өздерінше бағамдаған екен. Олар Сочиде 25 елдің өкілдері жүлдеге ілінеді дей келе, 21-інші орынға Қазақстан тұрақтайды деп болжайды. Олардың жазуынша, біздің құрама Украина мен Беларусь мемлекеттерін артқа тастап, жалпы командалық есепте Хорватия және Латвия­мен бір орынды бөлісіп, жалғыз алтынды қанжығамызға байлайды деген болжам жасады. Тіпті аталмыш газет алтын иесінің түрін түстеп те берді. Ол – Алексей Полторанин. Орыс басылымының Алексей туралы айтуы орынды. Өйткені Ванкуверде үздік бестіктен көрінген біздің шаңғышы жігіт, ұсақ-түйек жеңістерін айтпағанда, былтыр Италияда өткен «Тур де Ски» көпкүндігінде қатарынан екі алтын еншілеген болатын. «Спорт-Экспресс» газетінің сәуегейлігіне сенсек, А.Полтораниннен басқа еш спортшымыз Сочи олимпиадасында жүлдеге іліне алмайды.
«Қызғалдақтар елі» атанып кеткен Голландияның спорт сарапшылары алдағы олимпиадада қазақ спортшылары жалғыз жүлде алады деп болжайды. Бірақ олар орыс басылымдары сықылды бізге бір алтынды да қимай отыр.
«Infostrada» сарапшыларының сөзіне сенсек, А.Полторанин үшінші орынға табан тіреп, Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте 24-інші орында тұрақтайды деп болжауда. Алайда А.Полтараниннен басқа ешкімді көзге ілмейтін батыс басылымдары біздегі қысқы спортшыларға сенбейді деуге негіз жоқ. Өйткені олар әр спортшының соңғы жарыстарда көрсеткен нәтижесіне қарай өздерінің болжам кестесін ай сайын жаңартып отырады.
Соңғы ақ Олимпиада бұдан төрт жыл бұрын, яғни 2010 жылы Канаданың Ванкувер қаласында өткен болатын. Ол жолы Қазақстан құрамасы бір ғана күміспен, жалпы есепте 25-інші орынды місе тұтты. Ал биыл қазақстандық спортшылар Сочиде табысты өнер көрсететініне толық негіз бар. Өйткені спортшыларымыздың шеберлігі жылдан-жылға артып келеді.

Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ

http://anatili.kz/