АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

СОФРОНИЙ НЕГЕ САЙРАНДАП ЖҮР?

орорДін әлемінде «Софроний әкей» атанып кеткен өзге елдің азаматының заңбұзушылық әрекеттері бірнеше рет дәлелденсе де, біздің сенген серкелеріміз құқық бұзарды ел аумағынан шығара алмай отыр.

Осы күндері отандық БАҚ-та Алматы облысының Іле ауданындағы Ащыбұлақ ауылдық округінде орналасқан «Свято-Сергиевский приход Астанайской и Алматинской Епархии» жергілікті православ діни бірлестігіне қарасты «Радонеж» Корпоративті қайырымдылық қорының директоры  Петр Евтихеевтің  Қазақстанда заңсыз жүргенімен тұрмай, аталмыш қор жанындағы кәмелетке толмағандарды уақытша ұстайтын жетімдер үйінде жасаған қайшы әрекеттері туралы үлкен тартыс жүріп жатыр. Ең өкініштісі, құқық қорғау ұйымдары қызметкерлерінің біліксіздігі, жауапсыздығынан ба, әлде мемлекеттің атынан шешім шығаратын Соттан да «жоғары» ықпалды күштер бар ма, әйтеуір, дін әлемінде «Софроний әкей» атанып кеткен өзге елдің азаматының заңбұзушылық әрекеттері бірнеше рет дәлелденсе де, біздің сенген серкелеріміз құқық бұзарды ел аумағынан шығара алмай отыр.

 

Мәселенің мәнісі
1969 жылы туылған, Тобыл діни семинариясын бітіріп, Ащыбұлақ ауылдық округіндегі Свято-Сергиевский храмының діни басшысы, «Радонеж» КҚҚ директоры болып істейтін Петр Владимирович Евтихеев – Ресей азаматы. Қазақстан Респуб­ликасының  заңнамасы бойын­ша оның біздің елімізде қан­дайда бір қызмет істемек түгіл, ұзақ жылдар бойы жүргенінің өзі заңсыз. 1999 жылы 16 қараша күні одан 8 жыл бұрын тарап кеткен КСРО азаматының төлқұжатымен Түймебаев ауылы, Заречный көшесі, 41 үйге тіркелген П.Евтихеев тек 2010 жылы 2 шілде күні ғана Ресей азаматының төлқұжатын алады. Қазақстан Респуб­ли­касының заңдарын бұзғаны үшін ол бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке де тартылған. Айталық, Іле аудандық ІІБ әкімшілік полиция бөлімінің учаскелік инспекторы, полиция капитаны А.Муралимов П.Евтихеевтің 04.10.2012 жылы 1997 жылы туылған, кәмелетке толмаған Агния Рангаеваға құлағын, бармағын бұрап, денсаулығына қасақана зақым келтіргені үшін хаттама тол­тырып, сотқа жолдайды.  Алайда Алматы облысы Қарасай ауданаралық мамандан­ды­рылған әкімшілік соты бұл әкімшілік материалды мерзімі өтіп кеткендігі себепті ӘҚБК 580 бабы, 1 бөлім, 2 пунктімен тоқ­тады. Мұны айтудағы мақ­сатымыз, біздің ішкі істер ұйым­дарының қызметкерлері көп жағдайда өте жай  және  жауап­сыз әрекет етеді. Егер жедел қозғалып, полиция қызмет­керлері кез келген құқық бұзу­шылық немесе қылмыстық деректі ізін суытпай, өздерінің қызметтік міндеттеріне сәйкес дер кезінде тіркеп, талапқа сай жұмыс істегендерінде,  П.Евтихеевтің үстінен әкімшілік емес, қылмыстық іс қозғап, тиісті жауапкершілікке тартуға болар еді.
Әрине, бұл жерде шіркеудің аумағы жеке меншік екенін алға тартып, ондағылар жай адам түгілі сол балаларға жауапты ау­дандық білім басқар­масының, ішкі істер ұйым­дарының  өкіл­дерін де кіргізе бермейтінін  ескерте кеткен жөн. Бірақ мау­сым айында аталмыш кә­мелетке тол­мағандарды уақытша ұс­тайтын жетімдер үйінің қыз­метін тексеру көптеген кем­ші­ліктердің бетін ашқан. Ең ойландыратыны, жетімдер үйі діни ұйым болып санал­май­тындығына қарамастан, мұнда тәрбиеленіп жатқан 117 баланың барлығы шіркеуге барады екен. Соның 7-еуінің ұлты қазақ және бәрі де шоқындырылған! Олар­дың барлығы Софроний әкейдің айтқанын бұлжытпай орындауы міндет. Қарсылық көрсету – қатал жазалану деген сөз.

 

Көзі көргендердің куәлігі
– Мен бұл жетімдер үйінде 10 жыл жұмыс істедім. Бірақ балаларға жасалып жатқан озбырлық, оларды ұрып-соғу мен қатал қарым-қатынасты күнде көзіммен көріп жүр­гендіктен, әбден төзімім бітті. Бұдан екі жыл бұрын өзімнің туған қызыммен бір сыныпта оқитын баланың құлағы жұлып алынғанының куәсі болдым. Бармақтың ізі анық көрінеді, қып-қызыл қан кәдімгідей сорғалап, нәрестенің жағасына құйылып тұр. Әлгі баладан не болды» деп сұрасам, Софроний әкей жазалағанын айтты. Жеті жастағы жетімді осылай жа­залауға бола ма?! Ең өкініштісі, бұған ешкім көңіл бөліп жатқан жоқ. Мені Софронийдің ойына келгенін істейтіндігі және оған қарсы тиісті ұйымдардың дәр­менсіздігі қатты ойлан­дырады, – дейді Ирина Нагорная.
Ал осы жетімдер үйінде төрт жыл істеп, Софроний әкейге оның жұмысын заң талаптары негізінде ұйымдастыруды ұсы­нып, талай әрекет етіп көрген дәрігер Людмила Корчагина былай дейді:
– Мен барлық әрекет заң аясында болуы керек деген ұстанымда болдым. Ал әкей шіркеу талаптарын алға тартты. Әрине, Денсаулық сақтау министрінің бұйрығы орын­далмағаны бір басқа да, Қа­зақстан Республикасының заңнамалары бұзылғаны бір басқа екені түсінікті шығар. 2009 жылы жетімдер үйіне мерез ауруына шалдыққан бір кіш­кентай қыз түсті. Заңнама бо­йынша ондай қауіпті науқас оқшаулануы керек. Мен соны айтып, нәрестені тексертуді ұсынсам, Софроний әкей мені қатты балағаттап, намысыма тиді. Содан соң ол жерден мүлде кетіп кетіп қалдым. Жалпы, бұл жерде балалар одан өлердей қорқады, сондықтан ешкімге ештеңе айта алмайды. Тек ол жерден біржола шыққан соң ғана айтулары мүмкін.
«Бұл жерде сәл нәрсе үшін балалардың бармағын бұрау, қолын сындыру деген түк емес. Кейде әкей бүлдіршіндердің бір нәрсе ұрлауын өзі ұйымдастырып та соңынан оларды  қатаң жа­залайды. Ваня Каймаков деген тәрбиленушіні  тіпті бассейнде тұншықтырып өлтіре жаздады», – дейді 2007-2011 жылдар ара­лығында осы жетімдер үйінде жұмыс істеген Людмила Теплинская.

 

Анықталған заң бұзушылықтар
Сұмдық емес пе?! Жалпы адамгершілік нормалар, за­йырлы мем­лекеттің заңдары түгіл кез келген діни  ережелерде де  мұндай қатыгездіктер жоқ шығар. Оның үстіне  елі­мізде мемлекет қам­қор­лығынан басқа, осындай әртүрлі қорлар мен діни ұйымдардың жанында ұйым­дас­тырылған балалар мен жетімдер үйлері де аз емес. Сонда, шіркеудің немесе басқа бір жеке меншіктегі иеліктің ішінде орналасқанын сылтау етіп, тұл же­тім яки қа­раусыз қалған балаларды «қам­қор­лыққа» алып, оларды өз біл­­гендерінше тәр­биелеп, адам­гершілік және заңдық та­лап­тарды бұзатын, жас жет­кін­шектерді тіпті қо­ғамға қарсы әре­кеттерге үгіт­тейтін меке­мелерді, олар­дың бас­шыларын ешкім тәртіпке ша­қыра алмай ма?  П.Евтихеевке Қазақ­стан Респуб­лика­сының айма­ғында тұру рұқсатынсыз он күннен артық жүр­гені үшін Іле аудан­дық ІІБ көші-қон по­лициясы тарапынан ӘҚБК нің 206 бап, 1 бөлімінің талабына сәйкес, бір рет 20 АЕК мөл­шерінде №32260 теңге, екінші рет  30 АЕК мөлшерінде 42 390 теңге әкімшілік айыпұл са­лынған.  Тек осыдан кейін ғана П.Евтихеев Іле аудандық ІІБ көші-қон полициясы бөліміне шетелдік азамат ретінде Қазақ­станда тұруға рұқсат сұрап өтініш берген.  Алайда 2013 жылдың 26 ақпанында ҰҚК Алматы облысы бойынша департаменті Ресей Феде­рациясының азаматы П.В.Евтихеевке Қазақстан Рес­публикасының «Ұлттық қауіп­сіздік туралы» Заңының 6 бап, 3 бөлімінің талаптары негізінде оның бұл өтінішін қанағат­тандырудан бас таруды ұсынады.  Заңнан кішкене ғана хабары бар адамға осының өзі-ақ көп нәр­сені білдіретін шығар?!

Соттың соңғы шешімі

Алматы облысының Іле аудандық сотының судьясы Ж.Арыстанова 2013 жылы 29 шілде күні Ресей Федерациясының азаматы П.Евтихеевке қатысты Алматы облыстық ІІД КҚПБ өтініші негізінде оның еліміз аумағында Қазақстан Рес­пуб­ликасының заңнамасын әл­денеше рет бұз­ғанын анықтап, оны 10 күн ішінде елден қуып шығу жөнінде шешім қа­былдаған. Оған кететін шығын бюджет есебіне жат­қы­зы­латыны, шешім қабыл­данған күннен заңды күшіне енетіні және шетел азаматын  немесе азаматтығы жоқ тұлғаны Қазақстан Республикасынан шығарып жіберуге негіз бо­латыны, бұл шешімге аудандық сот арқылы 15 күн ішінде, Алматы облыстық сотына ша­ғым түсіріп, ке­ліс­пеушілік білдіруге бола­тыны тайға  таңба  басқандай  жазы­лып тұр.
Содан бері толық бір ай өтті. Алайда біздің құқық қорғау­шыларымыз  дәрменсіз бе, әлде Софроний әкейдің қол­даушылары мен қорғаушылары тым күшті ме, әйтеуір ол әлі арамызда сайрандап жүр.
…Неткен бейшара едік!

 

Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ

 

Айкын