АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

СОТ ОТЫРЫСЫ ТӨБЕЛЕСПЕН АЯҚТАЛДЫ

photo_118352Алматыда бүтін бір отбасын өлтіргендерге қатысты апелляциялық сот отырысы айқаймен аяқталды.Қалалық сот ішінде жаға жыртысқан жәбірленуші және сотталушы тараптардың туыстарын тыныштандыруға приставтардың күші жетпей, тәртіп сақшыларын шарытуға тура келді.

Өзбекстандық келімсек пен оның сыбайластары 4 бірдей адамды қырып салғандарын мойындап, былтыр өмір бойына бас бостандығынан айырылған. Енді үкіммен келіспей, апелляциялық шағым түсіріпті. Сол талап-арыз қаралған болатын.

Ақша үшін 3 пен 7 жастағы қос жеткіншекті суға тұншықтырып, аяғы ауыр шешесі мен 19 жастағы бозбаланы буындырып өлтірген қаскөйлер қараша айында өмір бойына сотталған. «Қара бүркітте» жазасын өтеп жатқан үшеуіне сол түрмедегі ерекше тәртіп жандарына батса керек. Үкімді өзгертуді сұрап туыстарына апелляциялық шағым түсірткізіпті. Талап-арызды қарау төбелеспен басталды.

Таңертең келген сотталушылардың ата-аналары мен адвокаттары ішке еніп жәбірленушілер тыста қалған. Қарасы көп тарап дәл осылай сот ғимаратына баса көктеп кірмек болды. Ақыры ішке енгендерді тысқа шығаруға тура келіп, төбелес есік алдында жалғасты.

Әрі тартта бері тартқа айналған сот процесі ақыры айтылған уақытынан кеш басталды. Сотталған Бақытжан Мұқажановтың туыстары адвокаттарын ауыстырып тастапты. Алайда бұл заңға қайшы деп танылды.

Осылайша сотталушының өзінен арыз түспей туыстарының араласпауы керектігі ескертіліп, отырыс кейінге қалдырылған. Тараптардың жаға жыртысуы осы жерде тағы басталды.

Жұмсалған жұдырықтар талайдың көзін көгертті. Тіптен кейбірі естен танып еденге құлады. Ал шаңырағы ортасына түсіп, тұтас отбасынан айрылған отағасының кеудесін кек кернеді.

«Бұлар істеген ісіне қалай өмір сұрайды, бұлар басқаның өмірін қиды жанын жіберді жәһаннамға. Ал өзіне қалай өмір сұрайды, өзіне қалай жан сұрайды. Сонда жауызға да жан керек пе? Ол халықтың жауы», — дейді Ержан Сатыбалды.

Арты ұрда-жық төбелеске ұласқан сот процесін тыныштандыруға тәртіп сақшылары да шақырылды. Сәрсенбіге белгіленген кезекті сот отырысына дейін тараптардың тынышталуы қажеттігі де, ескертілді.

Қазір сотталушы Мұқажановтың адвокаты ауруханада екен. Сондықтан айыптының өзі арызданса іске жаңадан тағайындалған қорғаушы білек сыбана кіріспек.

Айдана НҰРМҰХАН

http://www.aikyn.kz/