АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Сотталушы Тайшыбеков судья мен прокурордан ант беруді сұрады

EAA1798C-56FA-4E4A-B6F3-F7732123B7C6_w640_r1_s_cx0_cy11_cw0Әлеуметтік желілерде ресейшіл жазбаларымен танылған блогер Ермек Тайшыбеков «араздық қоздырды» деген айыппен сотқа тартылды. Журналистерге сот процесінен аудио және видео түсіруге тыйым салынды.

Жамбыл облысы Қордай аудандық сотында «ұлтаралық араздық тудырды» деп айыпталған 37 жастағы блогер Ермек Тайшыбековтің соты басталды. Блогерге қарсы қылмыстық істі Алматы тұрғыны Ботагөз Исаеваның «Facebook әлеуметтік желісіндегі Тайшыбековтің жазбалары ұлтаралық араздықты қоздырады деп санаймын» деген арызы негізінде ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) қозғаған. Ботагөз Исаева сот процесіне де негізгі куәгер ретінде қатысты.

Сотталушы Тайшыбековті сот залына қолына кісен салып, айдауылмен әкелді. Отырыс залына кіре берісте кісенін шешіп, сотталушыны жоғарғы жағы пластиктен, төменгі жағы ағаштан жасалған арнайы орынға отырғызды. Екеуінің арасы шамамен 25-30 сантиметр ашық. Сотталушы адвокатымен әлгі «саңылау» арқылы сөйлесуіне болады. Бірақ ол қорғаушысын көру үшін басын бір жағына қисайтуына тура келеді.

Процеске қатысушылардан бөлек сотқа Ермек Тайшыбековтің бауырлары, Азаттық тілшісі, «Аңыз адам» журналының бас редакторы Жарылқап Қалыбай және осы журналдың қызметкері, штаттық киімдегі белгісіз ер адам қатысты. Сот отырысы басталарда судья әлгі ер кісі мен басқалардан кім екенін және қайдан келгенін сұрап шықты.

Қарашаның 4-і күні сотталушының өтініштері қаралды, прокурор сотталушы Тайшыбековті «БАҚ арқылы ұлтаралық араздықты қоздырды» деп айыптайтын актіні оқыды. Кеше тергеу жүргізу тәртібін де қарау жоспарланған болатын. Бірақ сотталушы Тайшыбеков «іс материалдарымен таныспағанмын» деп мәлімдеген соң судья отырысты қарашаның 9-ына ауыстырды.

«ШЕКТЕН ШЫҚҚАН» ӨТІНІШ

Сотталушы Ермек Тайшыбековтің бір өтінішін прокурор Ардақ Бәкішев «шектен шыққан өтініш» деп атады. Сотталушы судья мен прокурордан қолын қылмыстық кодекске қойып, «сот процесі кезінде жеке саяси көзқарастарым емес, заңды ғана басшылыққа аламын» деп ант беруін өтінді.

107495F9-1000-4834-BC16-1797C520A239_w268_r1_cx2_cy6_cw99Ермек Тайшыбековтің адвокаты Анатолий Окуньков. Жамбыл облысы Қордай кенті, 4 қараша 2015 жыл.
Сотталушы бұл өтінішін «мені қамауға санкция берген судья саяси көзқарастарымды қабылдамайтынын мәлімдеген» деп негіздеуге тырысты. Тайшыбековтің адвокаты Анатолий Окуньков клиентінің өтінішін қолдады. Бірақ судья Қайрат Белгішев өтінішті орындаудан бас тартты.

Судья Тайшыбековтің оқудағы, оның ішінде шетелдік оқу орындарындағы жетістіктері мен кәсіпкерлік саладағы жетістіктері туралы құжаттардың фотокөшірмелерін іс материалдарына қосуға келісті. Сотталушы судьяға «Еуропа Одағының ең үздік кәсіпкері» ретінде алғанын айтып, шағын мүсінді де көрсетті.

Ермек Тайшыбековтің қамау түріндегі бұлтартпау шарасын ешқайда кетпеу туралы қолхатпен ауыстыру туралы өтінішін судья Белгішев қанағаттандырмады. Процесте журналистерге аудиожазба жүргізіп, фотоаппарат пен видеокамераны пайдалануға тыйым салынды. Судья мұның себебін «сот отырысы өтетін зал аудио және видео түсіретін аппаратурамен жабдықталған, ал процеске қатысушылар (журналистерден басқасы) әлгі жазбаларды белгіленген тәртіп бойынша сұратуға хақылы» деп түсіндірді.

ҮЗІЛІСТЕГІ ДАУ

Судья Қайрат Белгішев өтініштерді кеңесуші бөлмеде қарау үшін сот залынан шығып кеткен кезде залда пікірталас басталды. Оған сотталушы Ермек Тайшыбеков, прокурор Ардақ Бәкішев, былтыр журналдың бір санын Гитлерге арнағаны үшін жанжалға ілінген «Аңыз адам» журналының бас редакторы Жарылқап Қалыбай қатысты.

Пікірталас Ермек Тайшыбековтің Тараз қаласындағы тергеу абақтысындағы тұрмыстық жағдайға қатысты прокурор Ардақ Бәкішевке шағымдануынан басталды. Тайшыбеков «қантым көтеріліп кетті, ал тиісті медициналық көмек алмадым» деп шағымданды. Сотталушы «тергеу абақтысынан жазған төрт хатым туыстарыма жетпепті, ал өзім жақындарым әкелген сәлемдемелерді алмадым әрі адвокатыммен кездестірмейді» деп мәлімдеді.

Прокурор Ардақ Бәкішев сотталушыға түрмедегі жағдайына қатысты Жамбыл облыстық прокурорына шағымдануға болатынын түсіндірді.

Сотталушы Тайшыбеков іске қатысты пікірін «мұндай сандырақ айыптың мән-мағынасын түсінбеймін» деп білдірді.

 — Көшеден кез келген адамды ұстап алып, отырғызып қоюға болады. Үлгі алатын прецедент бар, — деп қорытты Ермек Тайшыбеков.

Сотталушының тағылған айыпқа қатысты пікіріне прокурор комментарий бермеді.

CDBD2551-D206-4AF3-8F3B-444F4544B68E_w640_r1_cx2_cy17_cw98_s«Аңыз адам» журналының бас редакторы Жарылқап Қалыбай. Жамбыл облысы Қордай кенті, 4 қараша 2015 жыл.
Кенет сотталушы Ермек Тайшыбеков сот залында отырған «Аңыз адам» журналының бас редакторы Жарылқап Қалыбаймен танысып, журналға қатысты жанжалды бірден есіне түсірді.

 — Көзқарастарыңызға қарсымын, бірақ сізді еркіндікте қалдырғанын құптаймын, — деді Ермек Тайшыбеков Жарылқап Қалыбайға.

Ал «Аңыз адам» журналының бас редакторы Жарылқап Қалыбай «сіздің көзқарастарыңызға мен де қарсымын, бірақ мен керісінше, сіздің еркіндікте жүргеніңізді қаламаймын» деп мәлімдеді.

Бұдан кейін Жарылқап Қалыбай прокурор Ардақ Бәкішевке «Аңыз адам» журналының бір санын берді.

 — Жақсы журнал екен! — деді басылымды парақтап шыққан прокурор.

Судья шығып кеткенде қызған пікірталасты процеске қатысушылардың сот залынан шығуын талап еткен сот жасауылы тоқтатты, ал сотталушыны айдауыл алып кетті.

Кеше бас куәгер ретінде Алматыдан арнайы келген Ботагөз Исаевадан жауап алынады деп жоспарланған еді. Бірақ одан жауап алып үлгермеді.

Сотталушының ағасы Ердос Тайшыбеков бұл істе «интернеттің де кінәсі бар» деген болжамы мен інісінің еш жазығы жоқ деп санайтынын айтты.

Жамбыл облысы Қордай ауданының 37 жастағы тұрғыны Ермек Тайшыбеков Facebook және «ВКонтакте» әлеуметтік желілерінде ресейшіл пікірлерімен танылған.

Ермек Тайшыбековтің үстінен қылмыстық іс «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік және діни араздықты қоздыру» бабы бойынша биыл маусымның 30-ы күні қозғалған. Ол қыркүйектің 19-ында ұсталып, сол айдың 21-інен бері Тараз қаласындағы тергеу абақтысында отыр. Сот процесі өтуіне байланысты оны Тараздан Қордай кентіне (бұрынғы Георгиевка) этаппен жеткізіп, уақытша тергеу абақтысына қамаған.

Ермек Тайшыбековтің ақыл-есінде ауытқу бар-жоғын тексеу үшін оны биыл жазда Алматыдағы психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталығына бір айға жатқызған. Ол тексерудің нәтижесі бойынша Тайшыбеков психиатриялық клиникада емес, түрмеде ұстауға жарамды деп танылған.

Тайшыбеков өзіне қарсы қозғалған қылмыстық істі «қолдан ұйымдастырылған» деп санайды.

Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

http://www.azattyq.org/