АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

СОЗАҚ АУДАНЫНДАҒЫ ҚЫЗЫЛКӨЛ КЕМЕРІНЕ ҚАЙТА КЕЛМЕК

01Созақ ауданындағы Қызылкөлді суға толтыратын күн алыс емес. Ауданға жасаған сапары кезінде облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов күн санап суы тартылып бара жатқан көлді Бабата каналының суымен толтыру мақсатында жауаптыларға тапсырма берді.

Оған сәйкес, енді Бабата су қоймасынан каналдың бас қондырғысына дейінгі 4,7 шақырым тастақты арна канал ретінде салынатын болады. Бұған дейін 13,2 шақырымы бетондалып, талаптарға сәйкестендірілген су арнасы толықтай жөнделсе, бүгінде небары 30 миллион текше метр суы қалған Қызылкөл қайта кемеріне толмақ. Айта өткен жөн, тіршілік нәрі төрт есеге азайып кеткен аталмыш көлде бұрын 121 миллион текше метр көлемінде су болып, сол маңдағы елдімекендерді ағын сумен қамтамасыз еткен.

Сонымен қатар, Б.Атамқұлов Теріскейге сапары кезінде өңірдегі «Құрманәлі» шаруа қожалығының тыныс-тіршілігімен танысты. Аймақ басшысы қожалықтағы шаруалармен сөйлесіп, мәселелерін тыңдады.

Аудандағы мал шаруашылығын дамытуға он жылдан бері үлес қосып келе жатқан қожалықта 1500 бас ұсақ мал, 345 бас түйе, 121 бас жылқы мен 60 шақты ірі қара бар. Күн сайын 150 литрге дейін қымыран сауып, жергілікті сұранысты қамтамасыз етіп отырған кәсіпкер таяуда кіші қымыран цехын ашуды жоспарлап отыр.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі