Жақында ғана «Сүлеймен Сұлтан» («Тамаша ғасыр», «Великолепный век») сериалындағы ханшайымдар мен сұлтандардың салтанатты көйлектері мен киімдерін қарастырған болатынбыз. Сериал тарихи деректерге сүйенбесе де, көрермендерге әдемі декорациялар мен киімдері арқылы есте қалды. Бүгін сериалдағы сұлу ханшайымдардың асыл тасты әшекей бұйымдарын еске алайық.
Гарем ережелері бойынша ондағы әр аруға тұрмысына қажет қаражат, киіміне керек мата және сұлулыққа қажет әшекей бұйымдары тиеселі болатын. Гарем арулары арасында асыл тасты әшекей бұйымдар әркез жоғары бағаланатын. Әшекей бұйымның құндылығы гаремдегі арудың сарайдағы орны, мәртебесінің белгісі болатын.
«Сүлеймен Сұлтан» сериалында алғаш пайда болған кезінде Настяға (келешекте Хюррем) қарапайым ақ металдан жасалынған, маржан тасты әшекей тағады. Ал кейін оған ессіз ғашық болған Сүлеймен лағыл (рубин) тастары бар алтын алқа сыйлайды. Бұл қымбат әшекей бірден Хюрремнің беделін жоғарылатып көрсетеді.
Сериалдағы ең танымал әшекей бұйым – Сүлеймен Сұлтанның Хюрремге сыйлаған зүбаржат (изумруд) жүзігі. Қазір осындай пішінді жүзік қыздар арасында Түркияда үлкен танымалдыққа ие, осындай түрлі жүзіктің қымбат та, арзан да көшірмелері жақсы сатылады.
«Сүлеймен Сұлтан» сериалында әшекей бұйымдардың арасында басқа тағылатын диадемалар, тәждарды ерекше атап өту керек. Тарихи деректерден Осман империясының гареміндегі арулар бастарына түрлі метал әшекейлерін тағатыны белгілі, жиі жағдайда олар тәж сыртынан мөлдір жамылғы жабатын.
Сериалдағы басты қарсылас арулар Хюррем мен Фирузе
Сериалда тәжға үлкен мағына беріледі. Тәж қарапайым әшекей бұйымы ғана емес, ол билік нышаны. Сериалда Хюррем өзінің басымдылығын көрсету үшін бәрінен жасырып тәж жасауға бұйырады. Тәжді әсемдейтін асыл тастарды өзі таңдап, тәждің Валиде ханымның тәжінен биігірек болғанын талап етеді. Осымен, Хюррем өзінің Сүлейменнің ең сүйікті әйелі екендігін байқатып, гаремнің бастығының орнына сай екендігін көрсетеді.
Сериал кейіпкерлері әсем мойыншақ, алқалар, сырға мен сақиналар, білезіктер мен метал белдіктер тағады. Олардың көпшілік алдына шыққан әр бейнесі әшекей бұйымдармен сәнделген. Әрине әшекейлер алтын, күміс, платина металдарына жасалып, гауһар тас, зүбаржат, лағыл, сапфир сынды асыл тастармен көмкерілген. Сериалдағы кейбір әшекей бұйымдар расымен сол кезеңге сай заттар болып табылады. Олардың әсемдігі көптеген ғасырға сақталған.
Сұлтанның қарындасы Хатидженің рөлін сомдаған Сельма Эргеч кез келген мойынға тағатын алқаны шашына қыстырып, диадема сынды тағатындығын айтты.
Ал сізге «Сүлеймен Сұлтан» сериалындағы қай кейіпкердің әшекей бұйымдары ұнайды?
Дайындаған: Сания Аринова