Астана. 29 наурыз. Baq.kz – Таиланд оппозициясы мерзімінен бұрын өтетін сайлауға қарсылық танытып және премьер-министр міндетін атқарып отырған Йинглак Чинаваттың орнынан кетуін талап етіп, наразылық шерулерін өткізіп жатыр.
Билікке наразы топ шеруді Бангкоктегі Люмпини саябағынан бастады. Бұл орын соңғы бірнеше айдан бері шерушілердің жиналатын орталығына айналған.
Айта кетейік, наурыз айында Таиланд соты ақпанда премьер-министрдің шешімімен уақытынан бұрын өткен сайлауды заңсыз деп тауып, оның нәтижесін жоққа шығарған болатын.
Судьялардың айтуынша, сайлаудағы дауыстарды санау кезінде Таиланд конституциясы бұзылған. Нақтысын айтқанда, билікке қарсы топтар елдің оңтүстігіндегі аудандарда дауыс беру учаскелеріне халықты кіргізбей қойған.
Дегенмен, жаңа сайлаудың қашан өтетіні әлі белгісіз. Сот бұл мәселеге қатысты ешқандай шешім шығарған жоқ.
Естеріңізге салайық, Таиландтағы наразылық акциялары 2013 жылдың қараша айында басталған болатын. Көтеріліске шыққан халық елді билеп отырған Чинават әулетінің ісіне көңілі толмайтындығын айтып, оның кетуін талап еткен.