Маусымның 2-сі күні Қазақстанда жоғары оқу орындарына түсуден үміткерлер тапсыратын ұлттық бірыңғай тест (ҰБТ) басталды. Алматы қаласы Бостандық ауданының түлектері сынақ тапсыру үшін ҚазҰУ-ге келді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық унверситетінің алдына (ҚазҰУ) ҰБТ тапсырушылармен бірге оларға қолдау білдіру үшін келген туған-туыстары мен таныстары да таң ата жинала бастады. Ата-аналары таңғы сағат 8-ден бастап бір сағатқа жуық саппен кіріп, қатаң тексеруден өтіп жатқан балаларына алаңдап тұрды. Сондай адамның бірі – «Алтын белгі» алуға үміткер баласын ертіп ҰБТ-ға ертіп келген Қарлығаш Қазыбекова. Ол ҰБТ-ға дайындалу кезінде оқушының да, ата-ананың да жүйкесіне айтарлықтай салмақ түсетінін айтады.
– Түрлі тексерулер көп екені және оның қажет екені де белгілі. Бірақ, тіпті, тест тапсыратын аудитроияның өзінде оқушының психикасына салмақ түспейтіндей жеңіл аура болғанын қалаймыз, – дейді Қарлығаш Қазыбекова.
Ол Қазақстанда бірнеше жылдан бері қолданылып келе жатқан ҰБТ жүйесі жемқорлықты азайтудың бір жолы екеніне сенетінін айтады.Қарлығаш Қазыбеков өзі сияқты басқа ата-аналармен бірге балалары сынақ тапсырып шыққанша оқу ғимаратының сыртында күтіп жүрмек.
ҰБТ өткізу пунктінің жетекшісі Жандас Құмғанбаевтың Азаттыққа айтуынша, Қарлығаш Қазыбеков тәрізді сыртта жүрген ата-аналардың аудиторияда емтихан тапсырып отырған балаларын монитор арқылы көріп отыруына жағдай жасалған.
– ҚазҰУ-дың 300 орындық интернет залына ата-аналар еркін кіріп, тест барысын қадағалап отыруына болады, – дейді ол.
Білім және ғылым министрлігі дерегінше, биыл түлектер 2-15 маусым аралығында ҰБТ тапсыратын орын саны 10-ға көбейіп, 165-ке жеткен. ҰБТ-ға бір пунктке бір лекпен кіретіндер саны 600 адамнан аспайды. Ал былтыр бір лекпен ҰБТ тапсырушылардың саны 800-ден асқан. Биыл түлек ҰБТ нәтижесін бұрынғыдай аты-жөні арқылы емес, өзіне берілетін идентификациялық нөмірі арқылы ғана біле алады.
Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, елде биыл 124 мың 346 түлек (олардың үштен екісі – мектепті қазақ тілінде, қалғаны орыс тілінде аяқтаған) мектеп бітірген. Олардың 87 мың 770-і ҰБТ тапсыруға өтініш берген. (ҰБТ-ға қатысушы түлектердің арасындағы 4 мың 498 түлек – «Алтын белгі» алудан үміткер). Министрлік дерегінше, бұл жастар биыл бөлінген 32 мыңдай оқу грантына ие болмақ.
2014 жылы жоғары оқу орындарында оқуға 34 мың 165 грант бөлініп, ҰБТ-ға 87 мың 593 түлек қатысқан. Ал 2013 жылы бөлінген 34 мың 115 грантқа81 мың 931 талапкер таласқан.
Қазақстанда ҰБТ орта мектеп бітірушілерінің білім деңгейін бағалау әдісі ретінде 2004 жылдан бері қолданылып келеді. Советтік кезеңдегі емтихан жүйесін жойып, ҰБТ енгізілгенде «парақорлық пен тамыр-таныстыққа» жол бермейтін әдіс ретінде бағаланған еді. Бірақ жыл сайын сынақты өткізу процесі сынға ұшырап, оған балама жүйе енгізу мәселесі жиі қозғалып жүр.
Асылхан МАМАШҰЛЫ
http://www.azattyq.org/
Сурет//www.azattyq.org/ сайтынан алынды
Сурет
Сурет