АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Талдықорғанның «Қала күніне» орай 80 келі тартатын алып торт әзірленді

DSM_8319Бүгін Талдықорған қаласының «Қала күніне» арнайы 80 келі тартатын тәтті торт әзірленді.

Жылдағы қалыптасқан үрдіс бойынша биыл да Қала күні жоғары деңгейде аталып өтті. Осы күні қала тұрғындары көптеген игі істердің куәсі болды. Қала күніне арналған мәдени-көпшілік шаралар легі Алматы облысының әкімі Амандық Баталов бастаған қонақтардың Даңқ обелискісіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Батырлардың ерлігіне тағзым еткен өңір басшысы Талдықорған қаласының әскери гарнизонының тіз қатар орнатқан Қазақстан Республикасының қарулы күштерінде қолданыста тұрған қару-жарақтар мен әскери техникалардан ұйымдастырылған көрмені тамашалады. Бұл көрме көпшіліктің көзайымына айналды.

Мереке күніне орай қаланың тағам саласында еңбек етіп жүрген кәсіпкерлері де өздерінің сүбелі үлестерін қосты. Атап айтқанда Қала күні мен Қазақ хандығының 550 жылдығына арнайы диаметрі 550 см. болатын алып пицца мен 80 келі тартатын көлемді торт әзірленіп, қала тұрғындарына тарту етілді.

Сонымен қатар қаланың кәсіпорындары мен өндіріс ұжымдары өз өнімдерінен көрме ұйымдастырып, халықтың қызығушылығын оятты. Қаланың өнерлі жас бүлдіршіндерінің әзірлеген концерттік бағдарламасы жиылғандардың көңілдерінен шығып, ықыласына бөленді.

DSM_8534

Мерекелік шаралар Талдықорған қаласының орталық стадионында жалғасты. Осы күні стадион да жұртшылыққа толы болды. Шараны облыс әкімі Амандық Баталов ашып, талдықорғандықтарды мерекелерімен құттықтады:

  • Қадірлі талдықорғандықтар!

Сіздерді Қала күні мерекесімен және Құрбан айт мейрамымен шын жүректен құттықтаймын.

Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясатының арқасында, Ұлт жоспары «100 нақты қадам» бағдарламасы аясында қаржылық дағдарысқа қарамастан елімізде тұрғын үйлер, мектеп, балабақша, ауруханалар салынып, жолдар жаңартылуда.

Соның ішінде Жетісудың кіндік қаласы Талдықорғанның келбеті көз алдымызда жаңарып, жақсарып келеді.

Дана халқымыздың «Ырыс алды ынтымақ» деген аталы сөзі бар. Халықтың ынтымағы, татулығы, бір-біріне деген құрметі – ел өркендеуінің кепілі. Ендеше, әсем қаламыз – бақ-береке бесігі болсын деп тілейік. Еліміздің болашағы баянды болсын! Әр шаңыраққа жақсылық, мол бақыт тілеймін! 

Мерекелік шара қаланың үздік өнер ұжымдарының әзірлеген гала концертімен жалғасты.

Қала күніне орайластырылған мерекелік шаралар кешқұрым Қазақстан эстрадасы әншілерінің қатысуымен өтетін қала жастарына арналған би кешімен және мерекелік отшашумен өз межесіне жетеді.

Атап өтерлігі, Қала күнін тойлау бір күнмен шектелген емес. Қала тұрғындары мен қала қонақтары тамыз айының соңынан бастауын алып, бір айға созылған түрлі шаралардың куәсі болып, әр шараға өздерінің үлестерін қосып отырды.