Антигептил» қоғамдық қозғалысы күн сайын «Қазғарыш» агенттігінің алдында бір-бірлеп наразылық акциясын ұйымдастыруға бел буғаны белгілі. Бұған дейін бұл ұйымның
бірнеше белсендісі, «ҚазҒарыш» агенттігінің алдында флешмоб өткізіп, азаматтық жазаға тартылғаны мәлім. Олардың негізгі мақсаты — «Байқоңыр» ғарыш кешенінен «ПротонМ» зымыран тасығыштарының ұшырылуына мүлдем тыйым салуға қол жеткізу. Бұл наразылық әсіресе, Талғат Мұсабаевтың «Известия» газетіне берген сұхбатынан кейін тіпті өршіп, кейбір белсенділер Талғат Мұсабаевты бокс алаңына жекпе-жекке шақыруға дейін барған еді. Дегенмен, Талғат Мұсабаев та бұл наразылық шараларын үнсіз өткізіп жіберуді жөн санамапты. Әуелі «Қазғарыш» агенттігі «Антигептил» белсендісі Болатбек Біләловтің жекпе-жекке шақыру шарасын сынады.
«Бұл мәселе біз үшін арандату сипатындағы бұзақылық ретінде бағаланады. Олар лауазымды тұлғаны, халық қаһарманын өз нысаналарына алып отыр. Біздіңше, олардың нысаны басқаша болуы тиіс еді. Бұл наразылық акциялары Талғат Мұсабаевтың жеке басына қатысты емес екенін біз түсінеміз. Бұл жеке бас араздығы емес», — деген ондағылар.
«Қазғарыш» агенттігіндегілер Талғат Мұсабаевтың «Байқоңыр» ғарыш кешенін тиімді пайдалану туралы 2004 жылдың 9 қаңтарындағы келісімнің орындау мәселесін 2012 жылы тұңғыш рет көтеріп, «ПротонМ» зымыран тасығыштарының санын азайтуды көлденең тартқандығын еске салды. Осыдан кейін Ресей тарапы Қазақстан Сыртқы істер министрлігіне екі рет нота жіберді. Талғат Амангелдіұлының бастамасымен және жеке талпынысының арқасында ол Қазақстан ғарыш агенттігіне төраға болып келгеннен кейін, 2008 жылы «Байқоңыр» ғарыш айлағынан гептил отынымен ұшырылатын «Циклон-2» зымыран тасығыштарын, 2011 жылдан гептил отынымен ұшырылатын МБР РС-20 зымыран тасығышы ұшырылмайтын болды. 2012 жылдан «Протон-К» зымыран тасығышын пайдаға беру тоқтатылды. «ПротонК» зымыран тасығышы біраз модернизацияланған «ПротонМ» зымыран тасығышына ауыстырылды», — делінеді ондағылардың мәліметінде.
«Қазғарыш» агенттігі «Антигептил» қоғамдық ұйымының өкілдерімен кездесуге және өркениетті диалог құруға әрдайым дайын екендіктерін айтады. 2014 жылдың 15 қаңтарында аталған ұйым өкілдерімен кездесу өткізіп, оларды толғандырған сауалдардың бәріне жауап қайтарған. Сондай-ақ, олар наразылық акциясын өткізушілермен өркениетті диалогтың мүмкін екендігін де ескерткен. Бұл ведомство өздерінің азаматтық жауапкершілігін түсінетіндігін, алайда Ресей үшін аса маңызды болып саналатын «ПротонМ» зымыран тасығыштарын бірден тоқтата алмайтындығын айтады. Өйткені, зымыран тасығыштың бұл түрі халықаралық ғарыш станциясына, Ресей, АҚШ, Еуропаның геостационарлық және Қазақстанның KazSat-2, KazSat-3 байланыс жер серіктерін ауыр модульдерін қамтамасыз ететін көрінеді.
Ал КТК телеарнасының жаңалықтар қызметі «Қазғарыш» агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаевтың бұл мәселеге байланысты пікірін өз аузынан білгендігін көрсетті. Ол тек өркениетті диалогқа дайын екендігін, ал «Антигептил» қоғамдық қозғалысы өкілдерімен кездесуге шықпайтындығын айтты. «Өйткені мен «ауру» адамдармен сөйлеспеймін» деді ол.
Есенгул Кәпкызы
http://www.turkystan.kz/