Жыл сайын Жаңа жыл жақындағанда шырша құруға жарыса кірісіп, Тәуелсіздікті естен шығаратын әкімдерге биыл ескерту ерте-бастан жасалып жатыр. Мәжіліс депутаты Розақұл Халмұрадов Үкіметбасына үшбу хат жолдап, Тәуелсіздік күнін тойламас бұрын жаңа жылдық қызылды-жасылды безендіруге тұтастай тоқтау салуға қатысты ұсыныс білдірді.
Жасыратыны жоқ, тәуелсіздік күнін атап өту көп жағдайда жаңа жылдың тасасында қалып қояды. Бұған қатысты сан рет дабыл қағылғанымен, оны елеп, жүзеге асырып жатқан әкім-қараны көрген көз жоқ. Тек былтыр Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов «Тәуелсіздікті тойламай тұрып, шыршаны жақпаймын» деген бастаманы қолға алған еді. Алайда, шырша төңірегіндегі шырғалаң басқа әкім-қараға сабақ бола ала ма? Ең ақыр аяғы жылдар бойы қалыптасып қалған әдет әкімдер үшін дәстүрге айналғанындай. Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаты Розақұл Халмұрадов осындай олқылықтың орнын толтырып, Тәуелсіздікті тойламайынша, Жаңа жылға жол бермеу керектігін айтады.
Депутат сауалында желтоқсан айы басталмай жатып биік ғимараттарда жаңа жылдық құттықтаулар ілініп, миллиондаған ақша жұмсалған шыршалар орнатыла бастайтыны да айтылды. «Жағдай осылай бола тұра жаңа жылға дейін еліміз үшін ұлы мерекелер саналатын Тәуелсіздік күні мен Тұңғыш Президент күні мейрамдары туралы ақпараттар кездестірмейсіз», – дейді ол. Сондай-ақ, халық қалаулысы ұлт ретінде тәуелсіздігімізді қадір тұтатын болсақ, ең алдымен осы ұлық мейрамдарға көңіл бөлуіміз керек дегенді алға тартады.
Розақұл ҚАЛМҰРАДОВ, Мәжіліс депутаты:
– Біз жаңа жылды тойлауға қалаларды, елдімекендерді безендіруге, шыршаларды орнатуға қарсы емеспіз. Бірақ алдымен Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздік мерекесінен кейін жаңа жылды қарсы алуға кіріссек те болар еді. Желтоқсан айын тұңғыш Президент күні, Тәуелсіздік күні ретінде атап өткізудің тәрбиелік тағылымдық мәні қандай зор екені айтпаса да түсінікті.
Бұл ретте депутат Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекетіміз ғұмырлы болуы үшін осындай қадамға барған жөн екенін еске салады. «Тәуелсіздік күні – жас мемлекетіміз үшін біртұтас елдіктің, ынтымақ пен татулықтың, өткенге деген тағзымның, салауат пен болашаққа деген сенімді үміттің мерекесі. Ендеше, бар игілігіміздің бастауы болған тәуелсіздігімізді бағалап, ардақтау үшін тәуелсіздік мерекесіне дейін жаңа жыл мерекесіне қарқынды дайындалуға өркениетті түрде шектеу қойып, ауқымды түрде дайындық жүргізуді үкіметтік деңгейде қолға алуды тиіс деп санаймыз», – дейді ол.
Толығырақ: http://alashainasy.kz/politic/tauelszdk-toylanbay-jana-jyilga-jol-jok-54321/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі