Белгілі саясаттанушы, «НұрОтан» партиясының хатшысы Ерлан Қарин осындай пікірде. Саясаттанушы интернетте пайда болған «Тәжин тізімі» туралы ойларға келіспейтіндігін айтты.
Ерлан Тынымбайұлы «Жебе» газетіне берген сұхбатында «Мемлекеттік хатшы өткізген жиынды ақпарат құралдарында насихаттауда жаңсақтық болды. Бірқатар ойлар мен тезистер ашық бұрмаланбаса да, кең ауқымда қабылданбады. Яғни, қоғам біраз мәселені түсінбей қалды. Тіпті, әдейі бұрмалаушылық та байқалып қалғандай болды. Мәселен, көптеген әлеуметтік желілерде, болгтарда «Тәжиннің тізім құрылады екен», «бұған дейін әлеуметтік желілер мен блогтарда жазып жүрген блогшылардың тізімі құрылады екен, бақылауға алынады екен» дегендей жаңсақ пікірлер пайда болды. Шын мәнінде ол жөнінде біз сөз етіп отырған жиында бір ауыз да сөз айтылмады. Мемлекеттік хатшы өзінің баяндамасында мемлекеттік билік құрылымдары мен ақпарат құралдарына өз жұмыстарына қатысты тұрақты мәліметтер базасын құру жөнінде және ол базада сарапшылар, блогшылар, жалпы әлеуметтік белсенді тұлғалардың тізімі құрылса дегенді айтқан болатын. Мемлекеттік хатшы бұл пікірді қандай мағынада айтты? Міне, біз осыны түсінбей қалдық. Шын мәнінде Марат Тәжин мырза ақпарат құралдарына тартып жүрген пікірлері мен сұхбаттары берілетін азаматтардың тізімі жаңартылса дегенді айтты. Өйткені, бізде қандай да бір мәселеге қатысты пікір білдіретін тұлғалардың саны санаулы. Біз оларды қайта-қайта баспасөзге, эфирге шығара береміз. Бізде әртүрлі тақырыптар жөнінде бір адам пікір бере салады. Ол бірде ауыл шаруашылығы жөнінде, бірде экономика, бірде саясат, бірде медицина, бірде әлеуметтік жағдай, тағы бірде әкімшілік реформа туралы пікір білдіруі мүмкін. Негізі белгілі бір тақырып жөнінде пікір білдіріп, ой бөлісуге сол саланы зерттеп жүрген немесе сол іспен кәсіби түрде шұғылданып жүрген мамандарды тартуымыз керек. Мемлекеттік хатшының айтқан осы болатын. Ал, бұл пікірмен келіспеуге болмайды. Расы солай. Бізде түрлі тақырыптарда сөйлейтін бірнеше белсенді депутат бар. Саны да көп емес. Олар биліктің позициясын жақтаймыз деп барлық тақырыптарға пікір айта береді. Мал қырылып жатса да, латын қарпі мәселесі көтерілсе де, терроризм жөнінде әңгіме болса да, қысқасы кез-келген тақырыптарда теледидар экрандары мен газет беттерінен түспейтін санаулы азаматтар бар. Ал, шын мәнінде олардан бөлек мұндай тақырыптармен айналысып, зерттеп-зерделеп жүрген сарапшылар бар ғой. Олар қайда? БАҚ оларды неге тартпайды пікірталас алаңдарына? Мәселен, оралмандар мәселесі жөнінде Семейде БҰҰ-ның арнайы бағдарламасы бойынша 10 жылдан астам жұмыс істеп жүрген бір азамат бар. Бірақ, оралмандардың мәселесі бойынша оның эфирден сөйлегенін немесе басылымдарға берген сұхбатын көрген жоқпыз. Бұл бір ғана мысал. Біз қандай да бір салада маманданып, сол саланың білгірі болып алған азаматтардың пікірін ескермейміз. Екіншіден, соңғы төрт-бес жылда біздің ақпарат құралдары ішкі саясаттағы жаңа бір бағыттарды насихаттау кезінде Мәскеуден келген ортанқол бірнеше сарапшыны сөйлету әдеті пайда болды. Баспасөз бен эфирден солар түспейтін болды. Еліміздегі жағдай туралы айдаладағы Мәскеуден келген, орташа деңгейдегі саясаттанушылар қалай сараптайды?! Өзіңіз айтыңызшы. Олар әрі кетсе Астана мен Алматыны ғана көрді. Облыстардағы, аудандар мен ауылдардағы жағдайы көріп, танысты дегенге өз басым сенбеймін. Бізге жетпегені солар еді. Біздегі саясаттанушылар, сарапшылар қайда?! Өз басым жүзге жуық жігіттерді білемін. АҚШ-та, Жапонияда және басқа елдерде білім алған. Олар қазақша да, орысша да, ағылшынша да білетін, көптеген тақырыптарды жетік меңгерген азаматтар. Мысалы, Данияр Қосназаров деген жігітті білемін. Жапонияда танысқам. Қазір елге келіп, жұмыс істеп жатыр. Жапон ақпарат құралдарын қарайды, ағылшын тіліндегілерді оқиды, Түрік тіліндегі ақпарат құралдарын да назардан тыс қалдырмайды. Яғни, жан-жақты жігіт. Көптеген тілдердегі ақпарат құралдарындағы деректер оған қолжетімді болғандықтан, ол түрлі мәселелерге неғұрлым тереңірек үңіле алады. Неге біз осындай мамандарды ақпарат құралдарында пікір білдіруге тартпаймыз? Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің айтқан ұсыныстары осындай жағдайларға қатысты еді. Мемлекеттік хатшы қоғамда танымал болып, біліктілігімен елге белгілі болған тұлғаларды дәстүрлі ақпарат құралдарының алаңына жиі-жиі шақыра бермеуді айтты. Өз басым Тәжиннің бұл пікірлерін бірінші кезекте дәстүрлі ақпарат құралдарынан гөрі, интернеттегі блоггерлер қолдайтын шығар деп ойлаған едім. Әлеуметтік желіде белсенді әрекет етіп жүрген азаматтар қолдауы керек еді.Себебі мемлекеттік хатшы дәстүрлі ақпарат құралдары өкілдерінің интернеттегі блоггерлерді, жаңа медиа өклдерін менсінбеуден арылу керектігін айтты. Керісінше дәстүрлі БАҚ пен «жаңа медианың» арасында үйлесімді байланыс орнату қажет екендігін атап өткен болатын»-деді.
Жебе-ақпарат
Сұхбаттың толық нұсқасы «Жебе» газетінің 28 ақпандағы санында жарық көреді.