АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Темірлан АЛМАС.КӨШЕЛЕРГЕ СОҒЫС АРДАГЕРЛЕРІНІҢ АТЫ БЕРІЛЕДІ

20141103183556Оңтүстік Қазақстан облыстық Ономастика жөніндегі комиссиясының төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Е.Айтахановтың төрағалығымен өткен облыстық ономастика комиссиясының кезекті отырысында ономастика комиссиясы 16 көшенің атын өзгерту туралы ұсынысты мақұлдады.

Оңтүстік Қазақстан облыстық Ономастика жөніндегі комиссиясы кезекті басқосуда Бәйдібек, Қазығұрт, Мақтарал, Ордабасы, Сайрам, Сарыағаш, Созақ, Түлкібас, Төлеби, Шардара аудандарындағы білім және мәдениет мекемелері мен әкімшілік-аумақтық бірліктерге, олардың құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау жөнінде келіп түскен 30 ұсынысты (оның ішінде 8 мектеп,1 мәдениет үйі, 18 көше, 1 саябақ, 2 елдімекен) қарап, талқылады. Нәтижесінде, 7 мектептің, 16 көшенің, 1 саябақтың ұсыныстары оң шешімін тапты. Ал қалған 1 мектеп, 1 мәдениет үйі және 2 көше, 2 елді мекеннің құжаттары әртүрлі себептермен кері қайтарылды. Комиссия бұл мәселеге кейінірек қайта оралатын шығар.

Биылғы жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 70 жыл толып отыр. Бұл мереке республика көлемінде кеңінен аталып өтті, әлі де жалғасып жатыр. Осыған орай, Кеңес Одағының батырлары мен соғыста көрсеткен ерліктері үшін бірнеше орден, медальдармен марапатталған Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімдерін халықтың есінде мәңгі сақтау үшін әкімшілік-аумақтық бірліктерге, олардың құрамдас бөліктеріне және объектілерге тоқтамнан тыс атау беру бойынша Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі орынбасарының 2015 жылғы 16 сәуірдегі №20-56/И-204 тапсырмасына сәйкес, нысандар мен көшелердің бұрынғы атаулары өзгертіліп, соғыс ардагерлерінің есімімен аталып жатыр.

«Осындай әлеуметтік нысандарға отан үшін қан кешіп, жастық шағын құрбан еткен ардагерлеріміздің есімін берудің жастарымызға үлгі болатындай тәрбиелік маңызы бар. Ұлы Отан соғысының ардагерлерін бүгінгі жастарға кеңінен насихаттап, батыр аталарымызды есімізде мәңгі сақтауымыз қажет», — деді өз сөзінде облыстық Ономастика жөніндегі комиссиясының төрағасы Е.Айтаханов.