Әбден тозығы жеткен көпқабатты тұрғын үйлерді қайтадан қалпына келтіруге таптырмас мүмкіндік осы бағдарлама. Бағдарлама коммуналдық инфрақұрылымды жақсартуға, тұрғындарға әсіресе, қыс кезінде қолайлы жағдай жасауға лайықталған. Семейде нақты бүгінге дейін 12 тұрғын үй терможаңғырту бағдарламасына қатысыпты. Айта кету керек, қазақстандық көп пәтерлі тұрғын үйлер Еуропа елдеріне қарағанда әр шаршы метрге жылу энергиясын екі-үш есе көп жұмсайтындығы анықталып отыр. Сондықтан да Үкімет пен облыстық әкімдік тұрғын үйлердің жылы болуын басты назарға алған. Жөнделген 12 тұрғын үйге 200 миллион теңге жұмсалыпты. Мәселен, Глинка көшесіндегі сегіз пәтерлі үй 1954 жылы салынып, пайдалануға берілген. Осы уақыт ішінде тұрғындар бірде-бір рет үйді жөндемеген. Олардың айтуынша, жарты ғасырдан астам уақыт ішінде подъезд, шатыр, инженерлік құрылымдар, су және жылу құбырлары жарамсыз болып кеткен.
– Соңғы кезде бұл үй апатты жағдайда болды, – дейді «Рысқұлова,33» ПИК-інің төрайымы Ғалия Мұқанова, – содан тұрғындар абыржып кеткен соң, бастамашы топ құрып, терможаңғыртуға қатысуды жөн көрдік. Сөйтіп жоғарыда аталған дүниелерден басқа есік алды, аула, құбырлар, барлығы жаңартылып, жөнделді. Бұл бағдарлама өте пайдалы.
Біз өз күшімізбен осындай ауқымды шаруаны атқара алмас едік, деді тұрғын Ләйла Нұрпейісова, төрт миллион теңгеге шатыр жөнделіп, домофоны бар есік қойылғанда қуанышымызда шек болмады. Басқа көршілеріміз келіп, қызығып жүр. Сондықтан да барлығыңызға осы бағдарламаның қызығын көріңіздер, үйлеріңізді жылылап алыңыздар дегім келеді.
Мамандардың айуынша, Семейде 1306 тұрғын үй бар. Оның 20 пайызы ғана терможаңғыртуды пайдаланған. Қалғандары әрине, әртүрлі деңгейде жөндеуді талап етеді. Сондықтан да терможаңғыртудың игілігін көріп, үйлерін жөндеп алу тұрғындардың өз қолында. Айта кету керек, осы бағдарламаға сәйкес тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі Қазақстандық дамыту және жаңғырту орталығымен бірге тұрғын үйді жөндеудің екі жүйесін әзірлеген болатын. Бұл екі жүйе бойынша да қалада біршама жұмыстар атқарылды. Қазіргі уақытта осыған орай ТКШ бөлімі, тұрғын үй инспекциясы мамандары мен әлеуметтік жәрдемақы бөлімі мамандары бірігіп жүйелі жұмыс жасауда. Толығырақ айтқанда, кондоминимум нысандарын жөндеу және терможетілдіру жүргізудің қажеттілігін түсіндіру жолында көпқабатты пәтер иелерімен кездесулер ұйымдастыру басты мәселе. Осындай кездесулердің нәтижесінде терможаңғырту бағдарламасы бойынша жөндеуді жүзеге асыруға қатысуға ниет білдіргендер қатары біршама артып отыр. Жоспарға сәйкес, қайта жөндеуді қажет ететін 40 тұрғын үйдің тізімі жасалды. Жалпы, Семей қаласы бойынша М.Әуезов даңғылындағы №27 үй терможаңғырту бағдарламасы бойынша ең алғаш рет қолға алынған болатын. Төбеден бастап жертөлеге дейін жүргізілген кешенді жұмыстардың нәтижесі бүгінде айтарлықтай. «Гарнизон KZ» ПИК-нің төрайымы Наталья Сабусова болса, тұрғындардың мердігер компанияға ризалықтары ерекше екендігін айтады. Жобалық-сметалық құжаттарда көрсетілген инженерлік коммуникацияға күрделі жөндеу, суық және ыстық су құбырларын ауыстыру, подъездерді жылылау мен әр пәтерге пластик терезелер қоюды мердігер компания мүлтіксіз орындаған. Ал, төбе жабындысына келер болсақ, мердігерлер төбені үш қабат етіп қаптаған. Сондықтан болар тұрғын үйдің соңғы қабатында тұратындар төбеден су тамшылау дегенді соңғы бір жыл көлемінде ұмытқан. Құрылысшылар сонымен қатар әр балконды пластикпен қаптап, сыртқы келбетін алыстан көз тартатындай етіп сырлаған.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА.
СЕМЕЙ.
http://egemen.kz/
сурет Егемен Қазақстан газеттінен алынды