АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

«Терроршылар» Таразды тағы да шулатты

скачанные файлы2011 жылдың күзінде 7 адамның, оның ішінде 5 полицей мен 2 бейбіт тұрғынның өліміне алып келген Тараздағы теракті көпшіліктің есінен әлі шыға қойған жоқ. Содан бергі аралықта тып-тыныш тіршілігін жасап келе жатқан Әулиеата өңірін былтырдан бері тағы да террор деген пәле төңіректей бастады. Абырой болғанда кісі өлімі жоқ. Алайда тұрғындардың шырт ұйқысын бұзған тентектердің әрекетіне тыйым болмай тұр.

Сейсенбі күні түнде әлдебіреулер құқық қорғау органдарына телефон шалып, қалалық жүйке аурулары ауруханасына, «Ауыл Береке» базарына және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жамбыл облыстық департаментінің ғимаратына бомба қойылды деген хабар беріпті. Үрейлі хабар шамамен түнгі сағат 11-35-те түскен. Арада 15-20 минут өткенде аталған нысандарға құқық қорғау мен құтқарушылардан құрылған топ суыт жетеді. Үш нысан да қоршауға алынып, полицейлер ішке көліктерді, адамдарды жібермей ұстап тұрған. Жүйке аурулары ауруханасы мен Ұлттық қауіпсіздік департаментінің ғимаратында анау айтқандай әбігер болмаған сияқты. Есесіне «Ауыл Береке» базарына жақын қоныстанған тұрғындар үйлеріне кіре алмай біраз уақыт мазасызданғанға ұқсайды. Оқиға орнында жұмыс істеген саперлер бомбаның жоқ екендігіне көз жеткізгенше бір сағатқа жуық уақыт өткен. Берілген хабардың жалған екендігі анықталған соң Тараз қайтадан қалыпты тіршілігіне түскен. Енді құқық қорғау органдарының қызметкерлері «телефон терроршысын» іздеп жатыр.

Осылайша Таразда былтыр басталған «жалған террорлық актілер» биыл да жалғасын тапты. Былтыр жаз бойы Тараздың халқын үрейде ұстаған бес адамнан тұратын топты полицейлер құрықтаған болатын. Қазір олар сот алдында жауап беріп жатыр.

Істің мән-жайына қарағанда 2014 жылдың 31 шілдесінде сотталушылардың бірі полицияға телефон шалып, «Ауыл Береке» базарына үш бомба қойылды деген жалған ақпарат береді. Оқиға орнына шұғыл жеткен құқық қорғау органдары ештеңе таппай, сан соғып қалады. Арада бір ай өткенде сотталушылардың бірі полицияның жедел қызметіне телефон шалып, жоғарыда аталған базардың көлік тұрағында терролық акті болайын деп жатыр деген хабар береді. Полиция аталған орынды бақылауға алуды күшейте түседі.

Бұл жолы сотталушылардың берген ақпараты шылғи өтірік емес еді. «Терроршылар» нақты әрекетке көшеді. Олар «Ауди 80» көлігін тауып, оның нөмірін шешіп тастаған. Бұдан кейін көліктің артқы орындықтарына бензин, газ балоншаларымен толтырылған пластик бөтелкелерді үйіп тастаған. Бұдан бөлек жалыны қаттырақ, түтіні қоюырақ шықсын деген мақсатпен артқы орындыққа көліктің екі доңғалағын тастап, тілсіз жау тез тұтансын деген ниетпен олардың араларын қағаз қиындыларымен толтырған. Сондай-ақ, өрт тұтанған кезде біреу-міреу келіп өшіріп қоймасын деп, көліктің есіктерін сырттан ашылмайтындай етіп байлап тастаған. Осы жоспармен жасалған «террорлық актінің» әсері сұмдық болуы тиіс еді. Алайда «Ауыл Береке» базарында тұрған иесіз көліктен тұтанған қызыл жалынды сол жерде жүрген жүргіншілер байқап қалып, ол дер кезінде өшірілген. Зардап шеккен ешкім болмағанымен, сол күні базар жұмысы бір күнге тоқтатылды.

Сотталушылар өздерінің жасаған әрекеттері үшін жазаға тартылмайтындарына, полицияның өздерін таба алмайтындарына сенімді болса керек. Бәз баяғы әдеттеріне қайта басады. 2 қыркүйекте олар төтенше жағдайлар департаментіне телефон шалып, «Ауыл Береке» базарына бомба қойылды деген ақпарат береді. Саудагерлер тағы да дүрбелеңге түскен. Ұзамай полиция «терроршылардың» кімдер екенін анықтап, қолға түсірген. Бес сотталушының тентектігінен мемлекетке келген шығынның көлемі 1 миллион 141 мың 382 теңгені құрайды. Оларға Қылмыстық кодекстің бұзақылық және террорлық актілер туралы жалған ақпарат берді деген баптары бойынша айыптар тағылып отыр.

Енді мәселенің негізгісіне тоқталайық, елді осыншама шулату, дүрбелеңге түсіру сотталушыларға не үшін керек болды? Ұсталғандардың діни радикалды, экстермистік топтармен ешқандай байланысы болмаған сияқты. Бірақ осыншама тентектіктің арғы жағында бір мақсат, турасын айтқанда баспайда деген болады ғой. «Караван» газетінің жазуына қарағанда ұсталғандар Тараздағы бір базардың қызметкерлері көрінеді. Жалған ақпарат берудің арғы жағында бақталастықтың, іштарлықтың жатқаны осыдан кейін-ақ белгілі емес пе? Сотталушылар «Ауыл Береке» базарындағы саудагерлердің берекесін кетіріп, оларды өз жақтарына тартуға тырысқан сияқты. Былтыр «Ауыл Береке» базарында әлдебіреулер сауда орнының жақын арада жабылатындығы туралы парақшалар таратқан көрінеді. Бұл хабардан құлақтанған саудагерлерді біраз әбіргерге түскенге ұқсайды. Алайда Тараз қаласының әкімдігі күн тәртібінде «Ауыл Береке» базарын жабу туралы мәселе қойылмағанын айтып отыр.

«Ауыл Береке» базарына қарсы «шабуыл» биыл қайта басталды. Тасада жүрген тапсырыс беруші әшкереленбейінше бұл іске нүкте қойылмайтын сияқты.

Сәбит Төленді

http://www.oinet.kz/