Соңғы кезде қазақ кинематографы жаңа жанрдағы фильмдермен толығып, күн өткен сайын түрленуде. Әсіресе, фантастика, триллер жанрындағы туындылардың қатары көбейіп келеді. Оларды халық әртүрлі қабылдауда.
Көрерменнің сынына ұшырап жатқандары да аз емес. 2013 жылғы «Еуразия» кинофестивалінде Гүлнар Әбікеева «Қазақ киносы – киноиндустрияға айналып барады» дегенді айтты. Киносыншының пайымдауынша, бүгінде қазақ режиссерлері жанрлық ізденіске көп барып жатыр. Яғни санымен қуантып жүрген қазақ киносы енді жанр өзгешелігімен де ерекшелене түспек.
Расында, осы жылдың басында үлкен экранға «Фуга» үрейлі фильмі шықты. Еркебұлан Жолдасов пен Самат Базыханов түсірген триллерде Әсел Сәдуақасова, Рано Омарова, Дастан Оразбеков сынды актерлер бой көрсетті. Өкінішке қарай, адам психологиясында болатын тылсым құбылыс-тар жайлы баяндайтын бұл фильм жанр ерекшелігімен есте қалмаса, көп көрермен жинай алмады. kino.kz сайтында жарияланған көрермендердің сын-пікірлерінен-ақ аталмыш көркем туынды сценарийінің олқы, сапасының нашар, сәтсіз шыққан дүние болғанын аңғару қиын емес. Десе де, тың жанрмен таңғалдырғысы келген режиссерлердің талпынысын жоққа шығаруға болмас. Еңбектері ақталмаса да, олар қазақ көрермендерінің назарына өзгеше сипаттағы туынды ұсынып көрді. Енді олар айтылған сыннан сабақ алып, жұмыстарын тоқтатпай, осындай сипаттағы фильмдер түсіруді жалғастыра түссе, нұр үстіне нұр.
Дәл осындай үрейлі картина үлкен экрандардан 3 сәуірден бастап көрсетіле бастайды. Бұл – Еркін Рақышевтың «М-Агент» триллері. Аталмыш фильмнің жарнамасы ғаламторда кеңінен насихатталып-ақ жатыр. Зәуре Көпжасарова, Гүлшарат Жұбаева, Жасұлан Молдақұл, Дина Тасболатова сынды таныс та бейтаныс актерлер ойнайтын фильмнің қандай бағаға ие болатыны белгісіз. Десе де, Гүлнар Әбікеева өткен жылғы фестивальде қонақтар назарына ұсынылған Еркін Рақышевтың бұл жұмысын: «Халық арасында ұлттық сипаттағы мелодрамалар түсірумен танылған режиссер үрейлі фильм түсірді» деп ерекше атап өтіп, көпшілікті туындыны тамашалауға шақырған. Сондықтан да «Жаралы сезім», «Жетімдер» сынды көркем туындылары-мен танылған киногердің жаңа жанрдағы жобасын қазақ көрермендері асыға күтуде. Осы күткеніне орай, бұл фильм сәтті шығады деген үміттеміз.
Иә, бұған қарап, «қазақ режиссерлер триллер түсіре алады» деп ауыз толтырып айта алмаймыз. Себебі жоғарыда аты аталған бір-екі картина бұл жанрдың тағдырын шешуде аздық етеді. Әйткенмен қазақ режиссерлерінің триллер төңірегінде талпыныс жасап жатқаны көңіл қуантады. Уақыт өте келе, қазақ киносының бұл саласы да көш түзер деген үміт те жоқ емес.
Еркін РАҚЫШЕВ, режиссер:
– Бүгінгі таңда қазақ киносы ақырындап дамып келеді. Яғни саны ғана өсіп жатқан жоқ, сонымен бірге сапасы да түзеле бастады. Бағыты өзгеріп, жанрлық сипаты күн өткен сайын түрленуде. Мен де өзімді тың жанрда сынап көрмек болып, «М Агент» фильмін түсірдім. Қорқынышты жанрдағы бұл туынды тек үрейлендіріп қана қоймай, адамға үлкен ой салады. Біріншіден, кинотуынды сюжетінің астарында «біреуге қиянат жасасаң, бәрібір алдыңнан шығады» деген қағида жатыр. Ал екінші мәселе – ғаламторға тәуелділік. Бүгінде ғаламторды жастары-
мыз бей-берекет пайдаланып жатыр. Фильмде мұның соңы жақсылыққа апармайтыны баяндалады. Сондай-ақ бұл туындының шетелдік қорқыныш-ты фильмдерден бір ерекшелігі – оқиға соңында жұрттың үрейін алып жүрген елес қызға көрерменнің жаны ашып, көзіне жас алғызады. Яғни бұл кинотуындының басты мақсаты – қорқыту емес, адамдарды ойландыру.
Сабина ЗӘКІРЖАНҚЫЗЫ
http://www.aikyn.kz/articles/view/45936