АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Тұйық баламен тіл табысу жолдары.

0001_1373-300x240Тұйық баламен тіл табысу жолдары

 

Сәбиіңіз мінезі елгезек және көпшіл балалардан оқшауланып, ерешеленіп тұра ма? Бәрі де дұрыс, тек сіздің балаңыз тұйық. Ғылыми тілмен айтқанда – интроверт. Оның осы ерекшеліктерін қалай білуге болады?

Қазақстан Республикасы Президентінің Халықаралық «Болашақ» бағдарламасы бойынша стипендия иегері, Психологтардың Қазақ Ассоциация мүшесі, «Жан шуағы» психологиялық орталығының директоры,психолог-практик Елшібаева Күлмаш Ғалымжанқызы:

Елден ерек туған жан

Балабақшада интроверт балалар таңертеңгіліктерде тақпақ айтудан қашқақтауы мүмкін. Мектепте біліп тұрса да мұғалімнің сұрағына жауап бермеуі ықтимал. Танымайтын адамдардың алдында күмілжіп, қобалжиды. Мұндайбалалар көбіне жалғыздықты жандарына серік етеді. Тасада отырып компьютер немесе конструктор жинастырғанды ұнатады. Ал, кейбір ата-аналар сәбиініңбұл мінезінен шошып, қорқа бастайды.

Интровертті қалай тануға болады

Сіздің балаңыздың денсаулығында кінәрат жоқ. Тек ол интроверт. Егер экстраверттер көпшілікпен араласу арқылы күш-қуат жинаса, интроверттер керісінше жалғыздықты қалайды. Ерекше балалардың ата-аналары көбінде сәбиім жатырқауық, елмен араласа алмайды деп уайымдайды. Қамықпаңыз! Психологтар интроверттерде көпшілікпен араласудың өзіндік тәсілдері барын ескертеді.

Интроверт балалардың ерекше қасиеттері

• Сәби ата-анасының күні бойы өзімен алысып ойнағанын қаламайды, ұзақ уақыт үлкендерсіз отыра береді.

• Балалардың у-шуын ұнатпайды. Дегенмен, жанына жақын бір-екі досы болады.

• Жалғыздықты жаны сүйеді.

• Жиын-тойларды жек көреді. Ондай жерлерден шаршап қайтады.

• Мектепте болған жағдайларды ата-анасына айта бермейді. Әңгімеге тарту оңай емес.

• Бірдеңе айтар алдын ұзақ ойланады. Егер әңгімелесуші ұнаса ұзақ, ашылып сөйлесе бастайды.

• Ол үлкен аудитория алдында сөйлегенді ұнатпайды.

• Ұзақ ойландыратын, шешуі қиын ойындарды ұнатады. Пазл, конструктор құрағанды, сурет салғанды жақсы көреді.

Өз балаңызды тани бастадыңыз ба? Құттықтаймыз, өйткені интроверттер бойынан өте көп жақсы қасиеттерді көруге болады. Мысалы олардың мінездері салмақты, ой-өрістері дамыған, шығармашыққа жақын әрі төзімді. Мұндай сәбилерден болашақта ақын, жазушы, суретші және архитектор, математик, психолог, инженер, дизайнерлер өсіп шығады. Ал, олардың осы ерекшеліктерін шыңдай түсу үшін ата-аналар алдымен балаларын осы қалпында қабылдап, тіл табысу қағидаларын ескергендері жөн.

Жатырқауық па әлде ұялшақ па?

Интроверт балаларды ұялшақ деп қабылдап жатамыз. Шындығында олай емес. Тек олар жалғыздықты жақсы көреді. Интроверттер қажет кездің өзінде белсенділік таныта алмайды. Жаңа орта, танымайтын адамдар, кез-келген жаңашылдық оны тығырыққа тірейді. Ұяңдық соңы өзіне деген сенімсіздікке алып келеді. Елдің ойынан, сөзінен қашқақтаған мұндай балалар тіпті жеңіл қалжыңды да көтере алмайды. Cондықтан мұндай кезде оларға ата-ананың көмегі ауадай қажет. Балаңызға тым биік талаптар қоймаңыз, әр уақытта қолдап отырыңыз.

Тұйық баламен тіл табысудың 10 тәсілі

1. ОНЫҢ ЖЕКЕ АУМАҒЫ БОЛУЫ КЕРЕК. Баланың жалғыз қалып қуаттануына кедергі келтірмеңіз. Жеке бөлмесі болғаны дұрыс. Егер ондай мүмкіндік болмаса ең болмаса сәбидің өзінің демалатын, жұмыс істейтін бұрышы болуын қадағалаңыз. 

2. МАЗАСЫН АЛМАҢЫЗ. Ол жұмыс істеп жатқанда кедергі келтірмеңіз. Алдын ала келісіп алыңыздар. Оның бөлмесінің есігіне «Кедергі келтірмеңдер» деп жазып қоюға болады. Міне, осындайда ол өзін қауіпсіз сезінеді. Не болмаса кірпіш белгісін қоюға болады. Өздеріңіз де тұйық болсаңыздар бұл қуантарлық жағдай. Ал, балаңызға ұқсамаған, ашық, көңілді адам болсаңыздар сәбиіңізге түсіністікпен қараған жөн. 

3. ҚОРҒАН БОЛЫҢЫЗ. Әрине, балалар алаңында, мектепте балаңызды жеке дара ұстау мүмкін емес. Дегенмен ол өзінің қорғаушысы барын сезінуі керек. Егер абайсызда оған біреу тиіссе ол тез жылап қалады, не болмаса оған қарсы шығып, оны ұрып жіберуі де ықтимал. Мұндай кезде сіз балаңызды қорғап қалыңыз. Оның мінезіндегі ерекшеліктері туралы мұғаліміне есерткеніңіз жөн.

4. ОЙЛАНУҒА УАҚЫТ БЕРІҢІЗ. Ұстазымен сөйлесіңіз. Өйткені интроверттер біліп тұрса да жауап бере алмауы мүмкін. Мұғалім балаңыздың білімін тексеру үшін жазбаша түрде тапсырмалар бергені дұрыс. Сондай-ақ ойлануына кедергі келтірмегені жөн.

5. ОЙЫНҒА АРАЛАСУ ҮШІН ӨЗІНЕ МҮМКІНДІК БЕРІҢІЗ. Сәбиіңіздің өзге балаларға тез қосылуын талап етпеңіз. Сыртынан бақылатыңыз, ойынның шартын, ережесін түсінген соң ол өзі ақ көпшілікке қосылып кетеді.

6. МЕРЕКЕ, МЕРЕКЕ! Әлбетте әрбір ата-ана баласының мектептегі қойылымдарда басты рөлді сомдағанын, үйдегі отырыстарда тақпақ айтып, пианинода ойнағанын қалайды. Ал интроверт бала мұндай кезде қатты қысылып, қойылым ортасында сақынадан қашып кетуі мүмкін. Үйде болса бөлмесіне тығылып қалуы да ықтимал. Сондықтан оны көпшілік алдына шығуға күштеп итермелемеген жөн.

7. ДЕМАЛЫС ЖАРИЯЛАҢЫЗ. Егер сіз балаңыздың жиын, той кезінде шудан шаршағанын байқасаңыз оны тез арада жеке бөлмеге алып кетіңіз. Не болмаса таза ауаға алып шығыңыз. Осылайша оның өз-өзіне келуіне көмектесесіз. Кейінірек ол жиынға қайта келуге қарсы болмайды.

8. ҚЫЗЫҚТАРДЫ АЗ-АЗДАН ҰСЫНЫҢЫЗ. Интроверт бала бір күнде бірнеше оқиғаны бастан кешіре алмайды. Сондықтан қыдырудың өзін алдын-ала жоспарлап алыңыздар. Балаңыздың шаршамауы үшін жағдай жасағаныңыз жөн. 9. АСЫҚПАҢЫЗ! Тұйық баланы асықтыруға болмайды. Көрген білгенін сұрап есін шығармаңыз. Уақыты жеткенде ол өзі ақ бәрін айтып береді.

10. АЙТЫЛҒАН СӨЗ, АТЫЛҒАН ОҚПЕН ТЕҢ. Тұйық балалар өз қатарластарына қарағанда ұялшақ келеді. Айналасындағылардың жеңіл қалжыңдарының өзі оның көңіліне қаяу түсіреді. Сондықтан сәбиіңізді өзге балалармен салыстырып оның шамына тимеңіз.

http://anabol.kz/