АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Түлкібаста Қазақ хандығының 550 жылдығы атап өтілді

dsc_7917 (1)Жұмысшылар қалашығы – Састөбе поселкесінде Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған іс-шара осыдан бес ғасырдан астам уақыт бұрын Көк Орда билеушісі Орыс ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібек сұлтандар Әбілқайыр ханға бағынудан бас тартып, Шу өзенінің бойындағы Қозы басы атты қоныста дербес хандықтың Туын көтеруден бастау алды. Сол замандағы әскери қолбасшылар мен сарбаздардың киімдерін киген бүгінгі дәуірдің ұрпақтары 550 жыл бұрынғы көріністерді қаз-қалпында айнытпай көрсете білді. Сахна төрінен еркіндік аңсаған елін азаттық ұранымен жігерлендірген батыр бабаларымыз Керей мен Жәнібектің мәңгі өлмес рухтары айқын көрініп тұрды. Осылайша, алғашқы Қазақ ордасы құрылғанда алдымен жасы үлкен Керей сұлтан ақ киізге көтеріліп хан атанды. Міне, Састөбеде өткен тарихи іс-шара осылайша сол бір қилы заманның көріністерін көз алдымызға елестеткен дей әсер қалдырды. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған Састөбедегі мерекеге аудан әкімі Қ.Әбдуәлиев, аудандық мәслихаттың хатшысы Ә.Сапаров, аудандық мәслихаттың депутаты С.Қалдыкөзов, Састөбе поселкелік округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Отарбаев, А.Макаренко атындағы ЖОМ директорының орынбасары А.В.Карлаш жиналған қауым алдында құттықтау сөз сөйлеп, көпшіліктің қуаныштарын бірге бөлісті. Осы игі-шараның әсерлі өтуімен Састөбе маңайындағы елді мекендердің тұрғындары, мектеп мұғалімдері де белсене қатысып, тарихи суреттер мен қол өнер бұйымдарын осында жиналғандардың назарларына ұсынды. Салтанаттың тартымды өтуіне балабақшаның бүлдіршіндері мектеп оқушылары да өз үлестерін қосып, өнерлерін аямады. Орыс жәрмеңкесін ұйымдастырған кент аумағында тұратын славян халықтарының өнерлері де тартымды шықты. Қазақ хандығының 550 жылдығы өз дәрежесінде өте шыққан соң келген қонақтар арнайы тігілген ақ шаңқай киіз үйлерге кіріп, көпшілік үшін жайылған дастарханнан дәм татты. Ата-бабалар әруағына оқылған құранға қол жайып, тағзым етті. Осылайша, Қазақ хандығының 550 жылдығы Састөбе кентінде кең көлемде аталып өтілді.

Түлкібас аудан әкімінің баспасөз хатшысы