Астана. 14 сәуір. BAQ.KZ – Астана қаласында өткен Мұстафа Өзтүріктің 60 жылдығына арналған Түркия қазақтарының концертінде еліміздің Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов пен түркиялық ғалым қандасымыз Әбдіуақап Қараның «Түркия қазақтарының ән-күйлері» деп аталатын кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Бұл Түркия қазақтарының музыкасын зерттеген тұңғыш еңбек. Онда Алтайдан Анадолыға көшкен қазақ көшінің қысқаша тарихы, Түркия қазақтарына аты мәлім Жармұхаммед пен Сарымолла атты күйшілердің орындаған күйлерінің қысқаша тарихы және олардың ноталары, партитуралары, сондай-ақ, әндердің сөзі мен ноталары қамтылған. Ыстамбұлдағы Мимар Синан көркемөнер университетінің профессоры Әбдіуақап Қараның жеке мұрағатынан алынған бұл күйлер мен әндерді жинап, нотаға және оркестрге түсірген күйші Нұрлан Алданышбайұлы Ыстамбұлдағы сапарын былайша баяндады.
«Қазақтың қазақ болып сақталуына, ең алдымен, қанмен келген ұлттық сана қажет болса, екіншіден, ұлттық музыканың ұмытылмауы аса маңызды. Сондықтан, Түркиядағы қазақтардың тілі мен музыкасын ұмытпауы жолында жұмыс жасауымыз керек. Олай дейтінім, Түркия қазақтары үшін қара домбыраның орны бөлек. Ал, басқа ұлттық аспаптар оларға мүлде ұмыт болған. Күй өнерін бертінгі уақытқа дейін жалғап келген Сарымолла мен Жармұхаммед сияқты күйшілер бір қарағанда жай күй тартқан өнерпаздар ғана сияқты көрінгенімен, олар – бір халықтың мәдениетін жалғастырушылар. Бұл күнде Бешір Ахмет Көсе, Ғани Макин, Зейнел Өзқалып, Мұстафа Бұйырған, Мұстафа Көк, Ержан Тұнжыр, Мұрат Түркқан, Өмер Қая, Талха Газер, Седат Солақұлы және тағы басқа өнерге құштар азаматтар қазақ өнерінің өлмеуіне еңбек етіп жатқандығын атажұрттағы әрбір ағайын бағалауымыз керек. Мен Ыстамбұлға барған сапарымда таспаға жазылған Түркия қазақтарының 50 күйі мен еш жерде жарық көрмеген Міржақып Дулатовтың «Әуез» атты күйін, сондай-ақ халық арасында ғана айтылып нотаға түспеген әндерді әкелдім. Осы жолғы кеште орындалған ән мен күй соның бір бөлшегі ғана. Кітапқа да 19 күй мен 3 әнді ғана қамтыдық. Яғни менің қолымда нотаға түсірілмеген 30-дан астам күй бар. Бұлардың да алдағы уақытта нотасы мен тарихын жазып, Түркия қазақтарының музыкасын толыққанды зерттеген тұтас еңбекті де оқырманға ұсынатын боламыз»,- дейді мәдениет қайраткері Н.Бекенов.
Майгүл СҰЛТАН, Ғабит МАДАЛИЕВ
http://baq.kz/kk/diaspora/979