Ұлттық бірыңғай тестілеудің 3 күнінің қорытындысы бойынша 20 693 түлек (28,9%) 50 балл тиісті межені бағындыра алмады. Бұл жөнінде BNews.kz тілшісіне ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, ұлттық бірыңғай тестілеудің 3 күні ішінде 71 592 түлек (95,5 пайыз) 148 емтихан пунктінде сынақ тапсырған.
Бүгінгі күні орташа балл 74,2 құрайды. 2012 жылы ол 70,9 балл болатын. 20 693 түлек (28,9%) 50 балл тиісті межені бағындыра алмады. 7814 талапкер (10,9%) 100-ден артық балл жинаған. 2012 жылы 6 421 (9,2%) оқушы осындай нәтиже көрсеткен еді.
125 балл — ең жоғары көрсеткішке үш түлек қол жеткізді. Олар: Павлодар облысы Екібастұз қаласының дарынды балаларға арналған №1 мамандандырылған мектеп-лицейінің түлегі Әсел Айткенова, Шымкенттегі М.Х.Дулати атындағы үш тілде оқытатын мамандандырылған дарынды балаларға арналған №8 гимназия түлегі Аида Ысқақ және Алматы қаласындағы О.Жәутіков атындағы республикалық мамандандырылған физика-математикалық мектеп-интернатының түлегі Ботагөз Құспанғалиева. 2012 жылы ең жоғары көрсеткішке екі түлек қол жеткізген болатын.
Баспасөз қызметі хабарлағандай, бірнеше мәрте заң бұзушылық жасағаны үшін 24 мектеп түлегі дәрісханадан шығарылған, олардың тест нәтижелері есептелмеді. Түлектерден 9 763 рұқсат етілмеген заттар алынды, оның 7 482-і — тестілеу барысында (ұялы телефондар, калькуляторлар, фотоаппараттар, рациялар).