АЛТЫНОРДА
Новости

Украина «Еуромайдан» құрбандарына тағзым етпек

«Еуромайдан» шеруінде қаза тапқан Юрий Вербицкийді жерлеу. Украина, Львов, 24 қаңтар 2014 жыл.Украина «Еуромайдан» көтерілісінің бір жылдығын атап өтуге әзірленіп жатыр. Ал сол аласапыранда жақынынан айырылған жандардың қайғысы әлі жеңілейген жоқ.

Ульяна Вербицкая Украинаның батысындағы Львов қаласында сейсмолог болған әкесі Юрий Вербицкийді қайғыра еске алады. Қаңтар айында 50 жастағы Вербицкий жұмысынан демалыс алып, «Еуромайдан» шеруіне қатысу үшін Киевке аттанады.

Ол шерушілер лагерінде ас қамдауға көмектесіп, бутербродтар жасады, наразыларға ыстық шай беріп, жылы сөзбен демеп жүрді.

«ӘКЕМ — КҮЛЛІ УКРАИНА ҚАҺАРМАНЫ»

Львовта сәулетші мамандығын оқыған 26 жастағы Вербицкая әкесінің өте мейірімді адам болғанын айтады. «Әкем көмекке зәру адамдардың қасынан айналып өте алмайтын» дейді ол.

Қаңтардың 22-сі күні екі айға созылған шеру полициямен аяусыз қақтығысқа ұласты. Осы күні Киев маңындағы орманнан сейсмологтың мәйіті табылды, оны аямай азаптағандары анықталды. Вербицкий Еуромайданның алғашқы құрбандарының бірі болды.

«Оның Киевтегі Майданда жүргенін білдім, әрине қатты уайымдадым, үй ішімізбен алаңдап отырдық. Сөйте тұра, біз ол шеруді қолдадық» дейді Ульяна Вербицкая.

Вербицкий соңғы рет қызымен Киев госпиталінде жатқан кезінде сөйлескен. Оның көзіне полиция жарған электр гранатасының жарықшағы тиіп, емделіп жатқан еді. Марқұм қызын «уайымдамаңдар, бәрі жақсы болады» деп жұбатқан.

Осыдан көп ұзамай оны белсенді досы, танымал журналист Игорь Луценкомен бірге госпитальде жатқан жерінен бір топ ер адам алып кеткен.

Юрий Вербицкий.Юрий Вербицкий.

Луценко соққыға жығылса да, келесі күні аман-есен оралды. Оның айтуынша, әлгі адамдар оларды ұрып-соғып, азаптап, «Еуромайдан» туралы сұраған. Луценко бұдан соң қылмыскерлердің өздерін «орманға тастап кеткенін» айтады, ол әупіріммен аман қалған.

Ал Вербицкий оралмады. Ресми дерек бойынша, ол «үсіп өлген».

Қазір бұл қылмысқа күдікті бір адамнан басқалары әлі еркіндікте жүр. Украинаның жаңа билігінің мәлімдеуінше, оның өліміне бұрынғы президент Виктор Януковичтің ішкі істер министрлігі мен прокуратурасы жол берген. Бұл мәлімдемеге қарамастан, оны өлтірген 13 күдіктінің біреуі ғана сот үкімін күтіп, қамауда отыр.

«БЕКЕР ӨЛГЕН ЖОҚ»

Жаратылысынан жұмсақ, мінезі момын адам болған Вербицкийді соншалықты азаптап өлтірген. Онымен араласқан адамдар марқұмды «көкке шығуды, тауға өрмелеуді ұнатқан жаны нәзік, қамқор адам еді» деп сипаттайды. Сол кездегі президент Янукович айтқан «есірген әсіреұлтшылдар» бейнесіне оның мінезі еш сәйкеспейтін.

Қызы «Ол күш қолдануға қарсы еді, барлық мәселені келісіп шешуге болады деп ойлайтын. Ол маған табиғатты, барлық тіршілік иелерін сүюді үйретті» дейді.

Киевтегі шерулер кезінде болған түрлі қайғылы оқиғалар мен Украинаның шығысында сепаратистер мен Украина армиясы соғысып жатқанына қарамастан, Вербицкая әлі күнге «Еуромайдан» мақсаттарын қолдайды және әкесін «күллі Украина қаһарманы» санайды.

«Әкем бекер қаза тапқан жоқ. Ол Украинаның жарқын болашағы үшін күресті. Әрине, қазір біздің елде жағдай нашар. Бірақ болашағымыз үшін өмірін қиғандарды ұмытпауға тиіспіз. Олардың құрбандығы бекер кетпесін десек, қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек» дейді ол.

«ТҰҢҒЫШ ҚҰРБАН»

Алайда «Еуромайданда» қаза тапқан жандардардың барлығының туысы осылай ойлайды деуге келмейді. Опат болған алғашқы шерушінің әкесі Гарик Нигоян ұлының шерушілерді қолдағанын ешқашан құптаған емес.

Қарулы қақтығыс ошағына айналған Таулы Қарабақтан 1992 жылы Украинаға көшіп келген этникалық армян ұлының «Украина үшін опат болғанын көңіліме жұбаныш ете алмаймын» дейді.

«Украинаның болашағы жарқын шығар, бірақ біз үшін бәрі бітті. Ұлдан айырылдық» дегенде оның дауысы ашу-ызадан қалтырап шығады.

Майданда опат болған алғашқы шеруші Сергей Нигоян.

Майданда опат болған алғашқы шеруші Сергей Нигоян.

Сергей Нигоян Украинаның шығысындағы Днепропетровск қаласының түбіндегі Березноватовка ауылынан «Еуромайдан» шерушілеріне қосылуға 2013 жылдың желтоқсан айының басында аттанған.

Қара сақалымен ерекше көзге түскен 21 жастағы жігіт Киевтегі Тәуелсіздік алаңына бойын тез үйретіп, отын жарып, күзетке шығып жүрді. Ол қаңтардың 22-сі күні шерушілер лагеріне арнайы жасақ рейд жасаған кезде қаза тапты. Дәрігерлер оның кеудесіне, басы мен мойнына бірнеше жерден оқ тиген дейді.

Сергейдің әке-шешесі «елді кім басқарса да бәрібір» деп, оның Киевке баруына үзілді-кесілді қарсы болған. Енді олар «Еуромайданның» бұрынғы жетекшілерін айыптап, «Бірқаншасы жаңа үкіметтің билігінде отыр, шеруде қаза тапқандарды ұмытып кетті. Олардың бәрі Майданда жүгіріп, жөн сілтеп, бағыт көрсеткен еді, бірақ бүгін оларын еске алмайды. Бізге ешкім келмеді, қоңырау да шалмады, хал-жағдайымызды сұрамады» дейді.

Алайда осы аптада миллиондаған украиналықтар Нигоян мен шеру кезінде опат болған 110-нан астам белсендіні еске алады. Украинаның түкпір-түкпірінен құрбандарға тағзым етіп, құрметпен еске алу туралы ұсыныстар түскен.

Батыстағы Бережани қаласындағы алаңға Сергей Нигоян есімі берілді. Ал украиналық сазгер Валентин Сильвестров оның құрметіне гимн жазды.

Львовтағы альпинистер клубы Кавказдың шығысындағы бір тауға құрбан болған достары Юрий Вербицкийдің атын беруді жоспарлап отыр.

(Клэр Бигтің мақаласын ағылшыннан аударған – Динара Әлімжан)

http://www.azattyq.org/content/ukraine_victims_of_maidan/26697266.html