АЛТЫНОРДА
Новости

Украина Еуромайдан жылдығын атап өтеді

Бүгін Киевтің Тәуелсіздік алаңындағы қарсылық толқуы — Еуромайдан оқиғасы басталғанына бір жыл толды. Украиналықтар осы күнді арнайы атап өтіп жатыр.

Украина президенті Петр Порошенко өткен аптада Еуромайдан басталған қарашаның 21-ін мемлекеттік мереке — Ар-намыс және еркіндік күні деп жариялаған.

Осыдан бір жыл бұрын екі мыңға тарта адам сол кездегі Украина үкіметінің Еуропа Одағымен ассоциация туралы келісімге қол қоюына қарсылық білдіру үшін Киевтің орталығына жиналған. Жаппай толқулар қыс бойы жалғасып, президент Виктор Януковичке бағынышты арнайы күштердің шерушілермен қақтығысынан бірнеше жүзден астам құрбан болды. Толқулардың нәтижесінде Янукович биліктен кетіп, орнына жаңа басшы мен парламент сайланды. Демонстранттарды мерген мылтығымен атқандар әлі күнге жазаға тартылған жоқ.

Мерекелік ресми шаралар бүгін Киевтің орталығындағы толқу болған алаңдар мен көшелерде өтеді. Институтский көшесіндегі құрбан болғандарға орнатылған ескерткішке гүл шоқтары қойылып, шамдар жағылады. Шараларға мемлекет басшылары қатысып, Тәуелсіздік алаңында сурет көрмесі ашылады. Кешке қарай мұнда «халықтық жиын» өтіп, одан соң «Еркіндік әні» концерті болады.

Киевтегі билік мерекеде арандатушылық болуы мүмкін деген қауіппен қауіпсіздік шараларын күшейтті. Украиналық БАҚ-тың хабарлауынша, бірқатар белсенділер бейресми, өздерінің акцияларын ұйымдастырып жатыр.

Ар-намыс және еркіндік күніне арналған шаралар Киевте ертең де өткізіледі деп жоспарланған.

http://www.azattyq.org/archive/news/20141121/330/330.html?id=26703152