АЛТЫНОРДА
Новости

Украина сайлауының сегіз қыры

Сайлау туралы жарнама. Киев, 20 мамыр 2014 жыл. Ертеңгі сайлауда «шоколад патшасы» Петр Порошенко «газ патшайымы» Юлия Тимошенкодан көп дауыс алуы мүмкін. Сауалнама осыны көрсетіп отыр. Бірақ бұл сайлаудың біз білмейтін тұстары көп.

Сарапшылар сайлаудың екінші туры болуы мүмкін екенін де ескертеді.

1. ТӨҢКЕРІСКЕ ҚАТЫСҚАН ЖАЛҒЫЗ ТИМОШЕНКО ЕМЕС

Әрине, есімізде тек Тимошенко қалды. Бірақ 2004 жылы қызғылт-сары революцияны қаржыландырушылардың бірі ірі кәсіпкер Порошенко болған. Ол «Канал-5» телеарнасын ашып, төңкеріске ақпараттық қолдау көрсетті.

Петр Порошенко — Виктор Ющенконың серігі. Ющенконың президент болып сайлануына үлес қосқан, өзі премьерлік қызметтен үміттенген адам.

Алайда президент оны қауіпсіздік және қорғаныс кеңесіне төраға етіп тағайындап, премьерлік креслоны олигархтарды, соның ішінде Петр Поршенконы жақтырмайтын Юлия Тимошенкоға берді.

2005 жылы Порошенко мен Тимошенко бір-бірін «жемқорлықпен айналысты» деп айыптап, араларында кикілжің басталды. Бұдан үкімет жұмысы нашарлап, ақыр соңында екеуі де қызметтерінен кеткен. Бұл даудан соң да Порошенко президенттің жақын серігі болып қала берді, оның бір айғағы – Ющенко оның егіз қызының өкіл әкесі саналады.

Украина президенті Виктор Ющенко (сол жақта) мен қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің төрағасы Петр Порошенко. Киев, 2005 жыл.

Украина президенті Виктор Ющенко (сол жақта) мен қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің төрағасы Петр Порошенко. Киев, 2005 жыл.

2. РЕСЕЙМЕН ІСТЕСЕ АЛАТЫН БАСҚА АДАМДАР ДА БАР 

Қызғылт-сары төңкеріске қатысқанына, батысшыл риторикасына қарамастан, Тимошенко әрдайым Кремльмен жақсы қарым-қатынаста болып келген. 1990 жылдары Ресей газын импорттаумен айналысқан ол «газ ханшайымы» деген лақап атқа ие болды. 2009 жылғы газ дағдарысы кезінде Ресей мен Украина арасындағы газ бағасына қатысты келіссөздерден соң Владимир Путин Юлия Тимошенконы «бірлесіп жұмыс істеуге ыңғайлы әріптес» деп атаған. Алайда Виктор Януковичтің (биыл биліктен қуылған Украина президенті – ред.) тұсында Тимошенкоға тиімсіз шарттарға қол қойды деген айып тағылып, түрмеге қамалғаны белгілі.

Жақында ол «Украинаның шығысындағы сепаратистерге күш қолданбау керек» деген мәлімдеме жасады. Оның бұл сөзі көп сынға ұшырады, кейбіреулер оны «Путиннің мүддесін көздеп отыр» деп айыптады.

Леонид Кучманың кезінен бергі барлық президенттермен істес болған Порошенко «оңай достасатын» саясаткер саналады. Оның Roshen шоколад фабрикаларының ең үлкені Ресейдің оңтүстігінде орналасқан. Соған қарамай ол Украинаны НАТО-ның құрамына кіргізу жоспары бар екенін жасырмайды.

Украиналықтар арасында Ресейге деген қарсылық күшейіп тұрған қазіргі сәтте екі кандидат та Кремльден іргесін аулақ салып, өздерін патриот әрі күрескер етіп көрсетуге тырысып жатыр.

Жария болып кеткен телефонмен әңгімесінде Тимошенко «орыстардың бәрін украин жерінен қуу керек» десе, Порошенко Ресейдің оның шоколад өнімдеріне тыйым салуын бедел жинауға пайдаланып қалмақ. Ол өткен аптада Харьковтегі кездесуінде:

— Бұл тыйым менің дұрыс қадам жасап жүргенімді аңғартады. Бұл менің саясатым Украинаның мүддесін қорғауға бағытталғанын айғақтайды, — деді.

3. ЕКІНШІ ТУР

Киевтегі «Демократиялық бастама» қоры мен «Разумков» орталығының соңғы сауалнамасына сүйенсек, респонденттердің 44,6 пайызы — Порошенконы, ал 8,4 пайыз Тимошенконы қолдайды. Бірақ «шоколад патшасы» бірінші турда-ақ жеңіп шығатын межеге әлі жете алмаған.

Оған қоса, әлеуметтанушылар атап көрсеткен «Тимошенко феноменін» де естен шығармауымыз керек. Мамандардың айтуынша, «Батьківщина» партиясының жетекшісі сайлауда сауалнамадағы көрсеткіштен 15 пайызға дейін артық дауыс жинап кетуі мүмкін. Әзірге нақты шешім қабылдамаған 15 пайыз сайлаушы ақырғы сәтте Тимошенконы таңдаса, ол да 40 пайызға жетеқабыл дауыс жинап, Порошенконы ығыстыруға шақ қалады.

Тіпті Порошко алғашқы турда жеңіске жеткен күннің өзінде сайлауды бұрмалау фактілері немесе басқа да төтенше оқиғалар билікті маусымның 15-і күні екінші тур өткізуге мәжбүрлеуі мүмкін. Бұл қиын жағдайда отырған шығыс жұртшылығына жаңа мүмкіндік береді, ал өзі де Украинаның шығысынан — Днепропетровскіден шыққан Тимошенко осы сәтті пайдаланып, қолдаушыларының санын еселеп алуы ықтимал.

Сарапшылар «Тимошенко феноменін» ұмытпауды ескертеді.

Сарапшылар «Тимошенко феноменін» ұмытпауды ескертеді.

4. ПОРОШЕНКО ДЕБАТҚА ҚАТЫСПАЙДЫ

Петр Порошенко кандидаттармен, соның ішінде ЮлияТимошенкомен теледебатқа шығудан бас тартып келеді. Мұндай «ақысы төленген шоуға» қатыспаймын деп қарсылық білдірген ол тек екінші тур болған жағдайда ғана дебатқа шығуға әзір екенін айтты. Оның бұл оқшау позициясына ашуланған Тимошенко мамырдың 22-сі күні басты қарсыласын тағы бір мәрте дебатқа шақырған.

2010 жылғы президент сайлауында Януковичпен бәсекеге түскен Тимошенко бос креслоға қарсы дебат өткізіп, онысы жұрт есінде қалған еді. Сол дебатта ол «халық алдында мен жауап бере алмайтын сұрақ жоқ» деп кесіп айтқан.

Ал қазіргі қарсыласы жайында ол «Порошенко дебатқа бірде-бір рет қатысқан жоқ. Неге деп ойлайсыздар? Себебі ол халық үшін өте маңызды сұрақтарға жауап беруден қорқады» деген пікір айтты. Мамырдың 23-і күні өткен телесайысқа Тимошенкомен бірге екінші орынға таласып отырған ресейшіл кандидат Тигипко мен экономист Конвалюк қатысты.

5. ТИМОШЕНКО БАТЫС ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫНЫҢ БӘРІН ҚОЛДАМАЙДЫ

Жақында Днепропетровск облысында кездесу өткізген Порошенко сайлаушылардың «қысымына» шыдамай біржынысты некеге қарсы екенін мәлімдеді.

Тимошенконың бұл мәселеге қалай қарайтыны беймәлім. Дегенмен оның жақын үзеңгілесі, қазіргі премьер-министр Арсений Яценюк былтыр мұндай некеге қарсы екенін білдіріп «Христиан әрі католик ретінде мен біржыныстылардың үйленуін қолдамаймын» деген еді.

6. БАСҚА КАНДИДАТТАР

Сайлауға 20 шақты кандидат қатысып жатыр. Олар туралы мына сілтемемен оқи аласыз.

7. ҚОШ БОЛ, ВИТАЛИЙ

Мамырдың 25-і күні Виталий Кличконың саяси карьерасында жаңа кезең басталады десек те болады. Осы күні президент және Киев мэрі сайлауы қатар өтеді. Бокстан ауыр салмақтағы әлем чемпионы, «УДАР» партиясының жетекшісі Виталий Кличко Петр Порошенкоға жол беріп, президенттік додадан бас тартты. Енді ол Киев қаласының мэрі болып сайлануы мүмкін.

Украина президенті сайлауының кандидаты Петр Порошенко (оң жақта) мен УДАР партиясының лидері Виталий Кличко. Киев, 13 мамыр 2014 жыл.

Украина президенті сайлауының кандидаты Петр Порошенко (оң жақта) мен УДАР партиясының лидері Виталий Кличко. Киев, 13 мамыр 2014 жыл.

Украина астанасын басқару маңызды әрі ауыр жұмыс. Қаланы абыроймен басқарған адам кемде-кем. 2010 жылы Черновецкий қызметінен кеткелі бұл қалаға мэр тұрақтаған емес. Киевті басқару — «барсакелмеске» кетумен бірдей. Советтік кезеңнен бері Киевке мэр болған саясаткерлердің ешқайсысы кейін республикалық билікке шақырылған емес.

Өзі жақсы көретін спорт тілімен айтсақ, «Кличко төтеп берер еді, бірақ оны бұрышқа тығып тастады». Оның «төтеп беретіндей» қауқары бар ма, жоқ па – ол жағын білмейміз. Әзірге ол Киев тұрғындарына жаңа аквапарк пен «Диснейленд» салуға уәде беріп отыр.

8. ЖОҒАРЫДА АЙТЫЛҒАННЫҢ БӘРІ ӘДІРЕ ҚАЛУЫ МҮМКІН 

Президент сайлауындағы басты үш қарсыластың үшеуі де миллиардерлер мен миллионерлер.

Үшеуі де он жылдан астам уақыт саясатпен айналысып келеді. Сондықтан, олардың ешқайсысы радикалды өзгерістер жасауды талап еткен «Еуромайдан» талаптарына сай келмейді. Жүздеген көтерілісшінің қазасы халықтың әлі көкейінде тұр.

Украинаның 17 солдаты қаза тапқан қарулы қақтығыстар келесі президенттің алдында елдің шығыс аймағында бейбітшілік орнату міндеті тұрғанын айқын аңғартты.

Экономиканың тұралап қалғанын, алда тағы парламент сайлауы тұрғанын ескерсек, Украинада әлі талай толқулар болуы мүмкін. Қазіргідей ел екіге жарылып тұрған заманда елді тығырықтан шығаруға ілеуде біреудің болмаса, көп ешкімнің шамасы жетпейді.

Кейбір сарапшылар «қысқа қарай жаңа «Майдан» басталып, Украинада қайтадан хаос болады» деп болжап отыр.

(Дейзи Синделардың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)  

 http://www.azattyq.org/content/ukraine-presidential-elections/25396558.html