Украинаның шығысында сепаратистер үкімет армиясы шебіне шабуыл жасады. Украина шекара қызметінің хабарлауынша, маусымның 22-сіне ауған түні Луганск облысындағы екі елді мекен артиллерия шабуылына ұшыраған. Армия шабуыл жасаған сепаратистерге қарсы оқ атқан. Атыс кезінде бір шекара қызметкері жараланған.
Донецк облысындағы Артемовск қаласында түн ішінде А2730 әскери бөліміне шабуыл жасалған. Қала сайтындағы ақпарат бойынша, бөлімді тұрғын үйлерге бекінген снайперлер атқылаған. Қаза тапқандар мен жаралылар туралы ақпарат жоқ. Донецк қаласында түн тыныш болған, көшелерді Украина ішкі істер министрлігі қызметкерлері мен еріктілер бақылап жүр.
Краматорск пен Славянск қалаларында түнде атыс, жарылыс дыбысы, ауыр техниканың гүрілі естілген.
Украина президенті Петр Порошенко 20 маусым күні үкімет әскеріне атысты бір аптаға тоқтату туралы бұйрық берді. Осы уақыт ішінде сепаратистерге қаруларын тастауға және ел аумағынан шығып кетуге мұрсат берілді.
http://www.azattyq.org/archive/news/20140622/330/330.html?id=25431123