Украинадағы ұрыстарға Қазақстан азаматтары қатысып жатқан жоқ, — деп хабарлайдыTengrinews.kz тілшісі. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов твиттер-чат барысында мәлімдеді.
Желі қолданушылары Сыртқы істер министрлігінің «Украинада соғысып жатқандар арасында қазақстандықтардың бар-жоғын тексереміз» деген уәдесін елдің бас дипломатының есіне салды. Оған Ыдырысов: «Тексерудің нәтижесінде бұл ақпарат расталмады», — деп жауап берді.
Бұған дейін Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев Украинада қазақстандықтардың соғысып жатқаны туралы ақпаратқа күмән келтірген болатын. Мұндай қауесеттің тууына Украинаның ақпарат құралдары себеп болған еді.
Сондай-ақ, бұған дейін Украинаның оңтүстік-шығысындағы тұрғындарға гуманитарлық жүк жинаушы қазақстандықтардың даудың ортасында қалғаны хабарланған болатын. Оларға көтерілісшілерге көмек көрсетті деген айып тағылды. Украиналықтар үшін киім-кешек, азық-түлік, дәрі-дәрмек Қарағанды, Шымкент, Ақтөбе қалаларында жинастырылған еді.
Еске салайық, Украинада 30 маусым күні 10 күн бұрын жарияланған ымыраласу мерзімі аяқталды. Бұл уақыт ішінде президент Петр Порошенконың бастамасы ақталмады — оқ ату тыйылмады, тараптар бір-бірін келісімді бұзғаны үшін айыптап жатыр.
http://alashainasy.kz/sabaktar/52051/