АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Ұлттық банк төрағасы ауысты

скачанные файлы (4)Бүгін Қазақстанның ұлттық банкі төрағасы Қайрат Келімбетов қызметінен кетіп, орнына президент әкімшілігінің әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімі меңгерушісі Данияр Ақышев тағайындалды

Қазақстан президентінің ресми сайтының хабарлауынша, Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетовті қызметінен алу туралы шешім қабылдап, парламент сенатына президенттің көмекшісі міндетін атқарушы Данияр Ақышевті ұлттық банк төрағасы етіп тағайындауға келісім беру туралы ұсыныс түсірген. Жергілікті ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, сенат бүгін пленарлық отырысында президенттің бұл ұсынысын қолдаған.

Мұнан соң Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Данияр Ақышевті ұлттық банк төрағасы қызметіне тағайындау туралы жарлық шығарған.   

37 жастағы Данияр Ақышев 2007 жылдан 2014 жылдың тамызына дейін ұлттық банк төрағасының орынбасары қызметін атқарған. Ұлттық банктегі бұл қызметінен кеткеннен кейін Ақышев президент әкімшілігіндегі әлеуметтік-экономикалық мониторгинг бөлімі меңгерушісі болып, президенттің уақытша көмекшісі міндетін атқарған. 

Назарбаев сенатқа жолдаған ұсынысында «Қазір [ұлттық] банкке және ұлттық валюта — теңгеге деген сенім азайды, бұған жол беруге болмайды. Елде теңге өтімділігінің тапшылығы сезіледі, экономиканы несиелеу көлемі төмендеді. Бұлар — төмен көрсеткіштер, оларды түзету үшін жұмыс істеу керек. Данияр Ақышевтың білімі мен тәжірибесі оған осы міндетті атқаруға септігін тигізетініне сенімдімін. Парламент сенатынан елдің қаржы жүйесінің игілігі үшін менің осы шешімімді қолдауды сұраймын» деген

 

Келімбетов ұлттық банк төрағасы болып 2013 жылдың қазан айында тағайындалған еді. Оның ұлттық банк төрағасы қызметінен босатылғаннан кейін қандай лауазымға тағайындалғаны әзірге хабарланған жоқ. 

Келімбетовтің тұсында Қазақстан валютасы 2014 жылдың ақпанында және биыл тамызда — екі рет күрт құнсызданды. Алғашқы девальвацияда теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бағамы 155 теңгеден 185 теңгеге түскен еді. Ал биыл тамыз айында ұлттық банк теңге бағамын ұстап тұрудан бас тартып, нәтижесінде теңге құны бірден 30 пайызға құлдырап, бүгін долларға шаққандағы ұлттық валюта бағамы 280 теңге төңірегінде болып тұр.

http://www.azattyq.org/