АЛТЫНОРДА
Новости

Ұлттық идея және қазақ тілді шетелдік БАҚ

434_422788f12c35fbf723635e18ebaafb31Астана. 117 шілде. BAQ.kz — Бүгінгі күні қазақ халқының үштен бірі өз тарихи отаны – Қазақстаннан тысқары жерде өмір сүріп жатқанын ескерер болсақ, қара шаңырақ Қазақ елі мен шетелдегі қандастардың рухани және мәдени салада бірігуі мәселесінде ақпараттың рөлі өте үлкен әрі күшті болып отыр. Әлемнің 40 шақты елінде өмір сүріп жатқан осы 5 миллиондай қандастарымыз үшін Қазақстанның күнбе-күн жаңалық хабарларын естіп отыруы, олардың рухани тұрғыдан қажеттілігі екендігі түсінікті. Сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанды әлем елдері толықтай танып, оның абырой беделі халықаралық сахнада барған сайын өсіп бара жатыр. Осы жағдайларды ескеріп әлемнің бірқатар мемлекеттері қазақ тілінде хабар таратады. Бұл туралы халықаралық журналист, ұлағатты ұстаз Досан Баймолдаұлы тереңірек зерттейді.

Бұл мәселеде бұқаралық ақпарат құралдары арасынан радионың орны ерекше болмақ. Бұған қазақтар көп тұратын Қытай, Моңғолия, Түркия және Иран секілді елдердің қазақ тілінде хабар тарататын радиоларын және АҚШ-тың қаржыландыруымен қазақша хабар тарататын «Азаттық» радиосын жатқызуға болады.

Кеңестік заманда тек Қытайдың өзінде қазақ тілінде хабар тарататын екі радиостанция – Бэжиндегі Орталық радио бекеті және Шыңжаң халық радио бекеті жұмыс істеді. Ал Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында қазақша хабар тарататын радиостанциясы жарты ғасырға таяу уақыт жұмыс істеп келеді. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Орта Азия аймағындағы геосаяси жағдайға байланысты Иран Ислам Республикасы және Түркия елдері қазақша хабар тарататын радиоларын ашты. Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанда қазақ тілінде хабар тарататын жергілікті шағын радиостанциялар бар. Ал шетелдік халықаралық радиостанциялардан «Азаттық» радиосы жарты ғасырдан астам уақыт бойы қазақша хабар таратып келеді. Ал 1996 жылдан қазақша хабар таратып келген ағылшынның Би-Би-Си радиостанциясы 2006 жылдан бастап хабар беруін тоқтатты. Енді жоғарыдағы қазақша хабар тарататын радиоларға жеке-жеке тоқталар болсақ:

1. Шыңжаңдағы халық радиосы 1955 жылы 15 ақпанда қазақша алғашқы хабарын тарата бастады. Сол кезден бастап Шыңжаңның радио істерінде жаңа бір бет ашылды. Қытайдағы қазақ радиосының алғашқы дикторы Кәрімбек Әлімбаев Шыңжаң радиосынан әлемге қазақша алғашқы хабарды қалай жеткізгенін: «1955 жылдың 15 ақпаны өмірімдегі есімнен кетпес күн. Сол күні диктор Сарқыт Байтақова екеуіміз «Шыңжаң халық радио станциясынан сөйлеп тұрмыз» деп радио хабарын қазақша дүниеге тараттық. Сол күннен бастап еліміздің радио тарихында қазақ үні эфирге тарады»,–деп еске алады.
Шыңжаң халық радиосының басынан талай қиын кезеңдердің өткені белгілі. 1980 жылдардан кейінгі уақытта Шыңжаңның барлық аймақ, облыс, қала, аудандарында сымсыз радио хабарларын тарату жүйелері іске қосыла бастады. 1985 жылдың жағдайымен Орталық халық радиостанциясы және Шыңжаң халық радиостанциясынан басқа аймақ, қала, ауданға хабар тарататын 7 халық радиостанциясы құрылды. Бұл жаңадан ашылған радио бекеттері қытай, ұйғыр және қазақ тілдерінде хабар таратып тұрды. Қазақ тіліндегі радиобағдарламаларының мазмұны, сапасы, пішіні, кәсіби деңгейі, техникалық жабдықталуы қоғам талабына сай, халықтың қажетіне қарай жақсара түсті. Бүгінгі күні Шыңжаңдағы қазақ радиосы партияның саясатын насихаттаушы ірі күшке айналумен бірге халықтың жанашыры әрі сырлас досына айнала білді.
Шыңжаң халық радиостанциясының қазақ редакциясы 1994 жылы желтоқсан айында жасанды байланыс серігі арқылы қысқа және орта толқындарда және интернет байланысы арқылы күніне 18 сағат бойы қазақша хабар тарата бастады. Қазақ тіліндегі бұл бағдарламалар Шыңжаң өлкесін толық қамтумен бірге көршілес Моңғолияны, Қазақстанды, Қырғызстанды, Ресейді, Тәжікстанды тіптен Азияның басқа мемлекеттерін және Тынық мұхит жағалауы елдеріне дейін толықтай қамтып отыр. Шыңжаң халық радиосының қазақ тіліндегі күнделікті хабарларын кез келген уақытта интернет арқылы тыңдауға болады. Ол үшін Шыңжаң радиосының қазақша интернет сайтына кіру керек. Шыңжаң қазақ радиосының интернеттегі адресі — www.xjbs.com.cn. Осы адрес арқылы Шыңжаң радиостанциясының қазақ тіліндегі хабарын және одан басқа қытайша, ұйғырша, қырғызша және моңғолша хабарларын тыңдауға болады. Қазақша интернет сайты 2003 жылы 17 желтоқсанда ресми түрде ашылды. Қытайдағы бірден-бір қазақша хабар сайты саналатын «Шыңжаң хабарлары сайтының қазақша тор бетінің» құрылымдық жағдайына тоқталар болсақ:

–Тораптың (сайттың) негізгі бетінде радиода күн сайын берілетін сан алуан хабарлар туралы, арнайы бағдарламалар жайында және радионың басты мақсаты және ерекшелігі туралы айтылады. Осы тор бетіндегі хабарлар мен бағдарламаларды интернет арқылы тікелей тыңдай аласыз.

– Бұл торап беті ұлттық сипатта, көркем жазумен өрнектелген. Торап бетінде әдебиет-көркемөнер, тұрмыс ақылшысы, оқу-ағарту, суреттер жинағы секілді қосымша беттер бар.

– Әдебиет-көркемөнер бетіне осы салаға қатысты хабарлар, қазіргі заман әндері, әдеби әңгімелер, радио театры, қызықты көріністер, комедиялық қойылымдар, ақындар айтысы, өнер иелері жайындағы хабарлар енеді.

– Тұрмыс ақылшысы бетінде қазақ халқының ұлттық тағам түрлері таныстырылады. Сонымен бірге жанға жайлы саяхат орындары, денсаулыққа қатысты ақыл-кеңестер, түрлі тағамдардың жасалу әдістері таныстырылады.

– Оқу-ағарту ұлт сапасына тікелей байланысты маңызды фактор.
Мұнда сіз оқу-ағартуға қатысты хабар-ошардан дәл уақытында хабардар бола аласыз. Қытайша, қазақша хабарларды көріп отырып, салыстыра үйренуге болады.

– Суреттер жинағы бетінде суретті хабарлар көрсетумен бірге, әдет-ғұрыптық, тұрмыстық әдемі, әжуа суреттер қойылады.
– Станция ахуалы бетінде қазақ тіліндегі бағдарламалар таныстырылады. Сондай-ақ қазақ тіліндегі бағдарламалардың уақыт кестесі, қазақ редакциясында еңбегі сіңген азаматтар мен азаматшалар туралы қысқаша таныстырылады. Сонымен бірге радио тыңдармандары мен жанашырларынан келген хаттардың мазмұны ашық жарияланып, жұртшылық назарына ұсынылып отырады.
2. 2010 жылдың шілде айында өзінің орнағандығының 70 жылдығын тойлаған Моңғолияның Баян-Өлгей аймағы 1940 жылдан бері «ұлттық аймақ» деген мәртебеге ие. Моңғолия қазақтарының осы ұлттық ерекшелігін ескерген Моңғолия үкіметі о бастан қазақ баспасөзін, қазақ тілінде хабар тарататын радионы дамытуды қолға алды. Моңғолияның батысындағы ең қиыр, ең алыс өлке саналатын Баян-Өлгей аймағының қазақ тұрғындарына арналған қазақ тіліндегі алғашқы хабар 1944 жылдан эфирге тарай бастады. Қазақша бұл радиохабарларында алдымен аймақ өміріндегі және елдегі жаңалықтар сондай-ақ шетел жаңалықтары да берілетін. Негізгі хабарлар халықты білім алуға, өнерге, мәдениетке және мал шаруашылығын өркендетуге үндеген Моңғол Халық Революциялық Партиясының саясатын бұқара халыққа таныстыру соны үгіттеген үгіт насихат жұмыстарына арналды. Бұл заман талабы еді. Қазақша хабарларды Бай-өлкеден басқа көршілес Қобда, Увс аймақтарында тұратын қазақ ағайындар және кейде шекараның аржағындағы қазақ ағайындар да тұрақты тыңдай бастады.
Алтай тауларының бөктерінде мал бағып, күн көрістерін тауып келген Моңғолия қазақтары үшін радио үкімет саясатын насихаттайтын тиімді құрал болумен бірге 120 мыңдай халқы бар аймақ тұрғындарын ішкі және сыртқы жағдайлармен, түрлі оқиғалармен дер кезінде таныстырып отырды. Яғни халықтың көзін ашып, сауатты болуына көмекке келді. 1961 жылы қазақ аймағының өмірінде алғаш рет Чехословакия елінің техникалық көмегімен аймақ орталығы – Өлгей қаласында қазақ тілінде радио хабарларын тарату станциясы орнады. Ол үшін 1435 гц жиілікте хабар тарататын 60 квт күш қуаты бар,365 метрбиіктікте, 47 бөліктен тұратын, 170 тоннадай салмағы бар, сол жылдары Азия құрлығындағы ең биік антенна орнады. Чехословакияның көмегімен салынған бұл радиостанцияның хабар тарату ұзақтығы 500 шақырымдай еді. Яғни қазақша хабар Бай-өлкеден алыс Шыңжандағы қазақ бауырларларға, Ресейдің Қос-ағаш ауданындағы қазақтарға тіптен Шығыс Қазақстанға дейін жететін.

Моңғолия қазақтары ертеден-ақ өздеріне қажет күнделікті ақпаратты 12 сағат бойы хабар беретін Моңғол радиосынан, әр күн сайын кешкісін қазақша хабар беретін Өлгей радиосынан және Қазақстаннан шетелдік қазақтарға арнап берілетін «Шалқар» радиосынан және орталығы Германияның Мюнхен қаласында орналасқан «Азаттық» радиосынан ғана алып тұрғаны тарихи шындық. Ол кез коммунистік идеологияның үстемдік етіп тұрған кезі болғандықтан АҚШ-тың қаржыландыруымен қазақ тілінде хабар беретін «Азаттық» радиосы хабарларын емін-еркін тыңдауға болмайтын уақыт. Сондықтан кейбіреулер шындық ақпаратты іздеп «Азаттықты» жасырын тыңдаса, ал кейбіреулері шекара сыртында қалып қойған ағайындарын сағынғандықтан «Шыңжаң» радиосының қазақшасын да тыңдайтын. Өйткені ол уақыт интернет, компьютер заманы емес, аймақ тұрғындарының көбісі орысша, ағылшынша тұрмақ моңғолшаның өзін жарытып білмейтін кез еді.

Бүгінгі күні Баян-Өлгей қазақтары Қазақстаннан «Қазақ» радиосын және «Азаттық» радиосын тыңдай алады. «Қазақ» радиосының және «Азаттық» радиосының хабарлары ондағы халықтың ақпараттық қажеттігін толық өтейды деп айта аламыз. Сондықтан осы екеуін тыңдауға асығып отырады. Ал Баян-Өлгейдің өзінде көпшілікпен тұрақты түрде дидарласып тұратын негізгі ақпарат құралы –«Баян-Өлгей» қазақ радиосы ғана. Радио күніне жергілкті уақыт бойынша кешкі сағат 21.00-22.00 арасында бір сағат хабар таратады. Әрі Моңғолиядағы мемлекет қаржыландыратын бірден-бір ақпарат құралы.

3. Ирандағы қазақ радиосы 1996 жылы 20-маусымда ресми түрде ашылды. Әрине ресми қызметіне кірісуден бұрын Иран қазақтарының дені тұратын Гүлістан аймағының орталығы Горган қаласында 6 айдай дайындық жұмыстары жүрілді, ең алдымен радиоға қажет адамдар іздестірілді. Радиоға іріктелген кісілер парсы тілінен қазақшаға аударма жасауға және дикторлық шеберлікке жаттығып, дайындалды. Бүгінгі күні ел астанасы Тегеранда орналасқан Иран радиосының қазақ бөлімі күніне бір сағат хабар береді. Радионың бір сағаттық бағдарламасында ең маңызды деген жаңалықтар назардан тыс қалмайды. Бұл ақпарат құралдары үшін ақпараттарды Иранның ИРНА ақпарат агенттігі, орталық хабар бірлестігі таратады. Журналистер бұл агенттіктер дайындаған хабарларды қазақшаға аударып дайындайды. Бір сағаттың жартысы дайын хабарларға арналады. Бұлар – дінтану, өлкетану, Иранның тарихы мен мәдениеті, әдебиеті жайында. Қалған жарты сағаты тікелей эфирдегі жаңалықтарға, саяси шолуларға арналады.

Иран радиосының қазақша хабар редакциясының интернет сайтындағы ақпарат деректер бойынша Иран радиосы мемлекет меншігіндегі радио болып саналады. Аудиториясы Қазақстан мен Орта Азияға бағытталған. Дін және Иранның жүргізіп отырған саясаты жайлы Батыстың ақпарат құралдарының бұрмалап тарататын хабарларына төтеп беру мақсатында дүниеге келген. Бүгінде онда оншақты журналист жұмыс істейді. Бұл радионың ашылуына ондағы қазақ диаспорасының өкілдері белсене атсалысқан. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары Иранға білім алуға барған қазақстандық жас студенттер жаңадан құрылған қазақ редакциясының қалыптасуына көмектесіп, сондағы қазақ диаспорасы өкілдерімен етене бірге жұмыс істеді.

Қазақстан мен Орталық Азияда бұл радионың тілшілері жоқ. Иран телерадиокорпорациясының аймақтарындағы тілшілері дайындаған материалдарды қазақ бөлімінің журналистері қазақшалайды. Әзірге осылай жұмыс істеп отырған жағдайда. Қазақша хабар тарататын редакцияға керек материалдардың барлығы парсы тіліндегі актуалды материалдар негізінде дайындалады яғни тәржімаланады. Алғашында радио күніне жарты сағаттан хабар беріп тұрып, кейін күніне бір сағатқа дейін ұзарған. Әлбетте сол бір сағаттық бағдарлама тәулік бойында тағы бір рет қайталанады. Сонымен Иран қазақ радиосының бағдарламасы Астана уақытымен әр күні кешкі 21 сағат 00 минутта басталып, 22.00 дейін бір сағат бойы жүргізіледі.

4. Қазақстан тәуелсіздігін алғаш мойындаған елдің бірі Түркия қазақ тілінде хабар тарата бастағалы он шақты жылдың жүзі болыпты. Бүгінгі таңда Түркияның шетелге бағытталған радиохабарларын тарату қызметі (ТРТ) «Түркия үні» радиосы арқылы жүргізіледі. Бүгінде барлығы 32 тілде хабар тарататын «Түркия үні» радиосы (Voice of Turkey) қазақ тіліндегі өз хабарларын қысқа толқынды таратқыштар, жерсерігі және интернет арқылы әлемнің барлық жеріне жеткізе алады. «Түркия үні» радиосы жергілікті FM радиоарналарын пайдалану арқылы да тарату байланыстарын кеңейте түсуді, неғұрлым тыңдармандарына жақын болуды және эфирдің жергілікті мазмұнын арттыруды көздейді. «Түркия үні» радиосы сенімді бұлақтардан алынған хабарларын бейтараптық принципті ұстанып, тыңдармандарына тез, жылдам жаткізуге асығады. «Түркия үні» радиосы тыңдарманға арналған тартымды және қызық бағдарламаларымен өзін дамытуды, сол арқылы әлемнің сенімді ақпарат көзіне айналуды мақсат етеді. Түркияның аймақтық ынтымақтастығын, көршілерімен тату-тәтті, жақсы қарым-қатынасын дамытуға бағытталған саясатына сәйкес, «Түркия үні» радиосы өзінің эфирінде бейбіт және мәдени ынтымақтастық тақырыптарына қатысты хабар, бағдарламалар дайындауға баса көңіл бөледі.

«Түркия үні» радиосының қазақша редакциясы 1998 жылы қыркүйек айында ашылды. Бүгінгі таңда редакцияның жұмыс істеп келгеніне 13 жыл толып отыр. 1998 жылы 1 сағаттық эфирмен өз жұмысын бастаған редакция бүгінгі таңда күніне жарты сағат эфирге шығады. Қазақ редакциясы басқа редакциялар секілді толығымен мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Қазақ редакциясы ТРТ сыртқы эфирлер басқармасы құрамындағы редакциялардың бірі болғандықтан бір мақсатта, яғни Түркияны шетелде таныту үшін қазақша сөйлеген аймақтардағы тыңдармандарға өз бағдарламаларын таратады. Өзінің жеке интернет парақшасы бар. Интернет парақшасының адресі: www.trt.net.tr

«Түркия үні» радиосының мақсаты мен міндеті:
– Түркияның мемлекеттік радиосы болғандықтан, мақсат – Түркияны таныту. Оның ішкі-сыртқы саясатын насихаттау. Соған орай Түркия мен әлемде болып жатқан маңызды оқиғаларды беріп тұру. Түркияны мәдени, әдеби және рухани жағынан таныстыру мақсатында хабарлар дайындау. Радио соңғы жаңалықтармен бірге, Орталық Азия және әлемде болып жатқан оқиғаларға сараптама жасайды әрі осы оқиғаларға орай Түркияның ресми көзқарасын білдіріп отырады. Сонымен қатар, радио түрлі байқаулар ұйымдастырып, тыңдармандардың назарын аударуға тырысады. Редакцияның қазақша хабар тарату бағдарламасы мемлекеттік ережелерге сай жасалады. Яғни бағдарламалар әуелі түрік тілінде ТРТ құрамындағы бағдарламашы мамандар тарапынан актуальды түрде дайындалып, тексеруден өткен соң барлық редакциялар өз бағдарламаларын өз тілдеріне аударып эфирге шығарады. Бұл Түркиядағы қазақ радиосы бағдарламасының қалай жасалатындығының бір өзгешелігі әрі ерекшелігі болса керек. Қазақ редакциясының бағдарлама жүргізушісі Уфук Тузманның айтуынша, бұл бағдарламалар үш ай бойы эфирден беріледі де, сонан соң не ары қарай жалғасады, не болмаса редакцияның талабы бойынша жаңа бағдарламалармен жаңартылып өзгереді. Қазір қазақ редакциясының бағдарламасы төмендегі тақырыптар мен айдарларды қамтиды:

– Жаңалықтар (Түркия жаңалықтары және әлем жаңалықтары)

– Түрік баспасөзіне және әлем баспасөзіне шолу

– Түрік музыкасын таныстыру (музыкалық хабар)

– Ататүріктің өсиеттері-естеліктері және тарих беттері

– Анатолы аңыздары мен лебіздері

– Түркия және сыртқы әлем

– Тарих бойынша түрік астаналары және Түркі әлемінен жаңалықтар

– Түрік және Қазақ әлемі

«Түркия үні» радиосының қазақша бағдарламалары күн сайын Астана уақытымен сағат 19.30 (жазда) / 20.30-да (қыста) эфирге беріледі.

5. Шетелдегі қазақ тілінде хабар тарататын радиостанциялар арасынан АҚШ-тың қаржыландыруымен әлемнің 28 тілінде хабар тарататын «Азаттық» радиосы 60 жыл бойы хабар таратып келе жатыр. «Азаттық» радиосы алғаш құрылған күнінен бастап ұстанған қағидасы тек шындықтың жаршысы болу арқылы демократиялық қоғам орнатуға, нарықтық экономиканы дамытуға ынталандыру, соған көмектесу болды. Кеңестік дәуірде «Азаттық» радиосы туралы саяси себептерге байланысты Қазақстан жұртшылығына бір жақты хабар айтылып, сыңар жақты тұжырымдар жасалып келді. Ал шын мәнінде ол кезде «Азаттық» радиосы әлемде және Қазақстанда болып жатқан нақты оқиғаларды хабарлап таныстыруда, басқа ақпарат құралдарына қарағанда көш ілгері тұрды. «Азаттық» радиосы бір кезде аттарын атауға, жазып қалдырған еңбектерін зерттеуге тыйым салынған Алашорда қайраткерлері, қазақ халқының үштен бірін құрбан еткен ашаршылық апатының шындық жағдайы және басқа да қазақ халқының тарихтағы ақтаңдақ беттерін жұртшылыққа естіртіп, оны үнемі жария етіп отырды. Яғни «Азаттық» радиосы тәуелсіз Қазақстан үшін тарихи маңызы зор, сондай-ақ соған лайықты қызмет атқарды деуге болады. «Азаттық» радиосының интернеттегі сайты azattyq.org. «Азаттық»-тың хабарлары Астана уақтыт бойынша күн сайын таңертеңгі сағат 7:00-8:00, ал кешкісін 19:00-20:00 дейін қысқа толқында 7170, 9665, 11845 кгц жиіліктерде тарайды. Алматы қаласы және оның маңайының тұрғындары «Азаттық» хабарларын таңертеңгі 7:00-8:00, кешкі 19:00-20:00 аралығында AM орта толқынының 1341 кгц жиілігінен тыңдай алады.

Қорыта айтқанда шетелдің қазақша хабар тарататын радиолары шетелде жүрген қандастар өмірі мен тұрмысы туралы хабардар етумен бірге тәуелсіз Қазақ елінің тарихы мен бүгінін, ондағы демократияның дамуы мен нарық жағдайының қалай жүріліп жатқандығын білуге, ең маңыздысы қазақтардың біртұтас қазақ идеясымен сусындауына өзінің үлкен көмегін тигізе алатындығын атап өту жөн болмақ.

http://www.baq.kz/kk/diaspora/704