АЛТЫНОРДА
Новости

«ҰЛТТЫҚ ШОУДЫҢ» ҰСЫНАР ЖАҢАЛЫҒЫ КӨП

«Қазақстан» телеарнасындағы «Ұлт­-тық шоу» 2013 жылдың қыркүйек айы­нан бас­тап көрермен жүрегіне жол тартты. Ал­ғашқы хабар аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблінің шығармашылы­ғына арналды.
Жарты ғасырға жуық сахна төрінен түспей, барша жұртты өз өнеріне тәнті еткен досмұқасандықтар өнердегі, өмірдегі жаңалықтарымен бөлісті. Аты аңызға айналған ансамбль репертуарын­дағы әндерді қазақ эстрадасына қадам бас­қан әрбір жас сүйсіне орындайтынын осы кеш дәлелдегендей. Мәдина Сәдуа­қа­сова, Әсем Көпбаева, Әлішер Кәрі­мов, Шәкизада сынды өнер жұлдыздары халық игілігіне айналған «Туған жер», «Куә бол», «Сағындым сені», «Ләйлім шы­рақ» әндерін жиылған көпшілікке тарту етті. «Дос-Мұқасан» ансамблі мү­шелері де жаңа әннің тұсауын кесіп, өнерлерінің өміршең екен­дігін «Ұлт­тық шоу» төрінде тағы бір мо­йын­­датты.
Ә дегеннен «Дос-Мұқасандай» қа­зақ халқының мақтанышымен шы­мылдығын ашқан «Ұлттық шоу» бағ­дар­ламасы келер жұмада да көрерменін бей-жай қалдырған жоқ. Бұл жолы өнерлі отбасы тақырыбы қозғалды. 80-90-жылдары елімізде ең та­ны­мал болған Дәрібаевтар, Қорғандар, Байыр­бековтер, Алтаевтар отбасылық ан­самбльдерінің мүшелері бас қосты. Атал­ған отбасылық ансамбльдер өнер жолын бір­жола тоқтатқан жоқ. Оған бүкіл қазақ кө­рермені куә. Дәрібаевтар отбасылық ан­самблі толық құраммен әлі де өнер көрсетіп келеді. Қорғандар отбасынан жарқырап шыққан Бей­-
біт Қорған «Ұлттық шоуда» қызықты әңгімелерімен бөлісіп, отбасы мүше­лерінің қазір қай салада жүргендігін тілге тиек етті. Байырбековтер отбасы да өнерден алыс кеткен жоқ. Жазира Жанбо­латпен отбасын құрып, жұл­дызды жұпқа айналған. Бірақ Жазира осы жолы «Ұлттық шоуға» Жанболатты емес, өзінің әпкесі мен інісін, ал Ал­таев­тар отбасының белді мүшесі Өк­-тем Алтаев ағасы мен інісін ер­те келіпті. Бұл кеште тек отбасылық ан­самбльдер ғана емес, сонымен бірге қазақ сахна­сында жарасымды жұп болып өнер көрсетіп жүрген отбасылық дуэттер
де қа­лыс қалған жоқ. Әсем әндерімен кешке жиналған көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
«Жаңа толқын» тақырыбына ар­налған хабар да өте сәтті шықты. Қазақ эс­тра­дасына өзіндік леп қосқан Ерболат Құ­дайбергенов ата-анасы Айткүл-Қа­натпен қосыла шырқап, кештің кө­рі­гін қыздырды. Заттыбек Көпбосынов, Әсем Көпбаева, қобыз үнін эстрадаға қосқан «Асыл» то­бы­ның талантты қыз­дары әсерлі әңгіме өрбі­тіп, жан жа­ды­ратар әнін айтып, би билеп хабардың мән-мазмұнын арттыра түсті. Ал «Өмір деген махаббат» атты тақырыпта өр­біген Фариза Оңғарсынованың шы­ғармашылығына арналған «Ұлттық шоу­дың» жайы бөлек. Құшағы гүлге толған жыр ер­кесі Фариза ақын «Ұлт­тық шоу» студиясына кірген сәттегі көрерменнің ықыласын сөз­бен айтып жеткізу қиын.
«Ұлттық шоудың» апта сайын көрер­менге ұсынар тосын сыйы мол. «Дәс­түр­лі ән», «Кел, билейік», «Нағыз қазақ дом­бы­ра», «Қазақты әлемге танытқан әншілер», «Са­ғыныш сазы», «Естен кетпес әуезді әндер» деген тақы­рып­тарға арналған ха­барлар да көрермен талабынан шыға біл­гендігін айта кеткен жөн. Бұл хабарда әншілермен қатар өлеңі әнге айналған ақындар сонау Ақ Жайықтан Ақұштап Бақтыгереева, киелі Әулиета өңірінен Күләш Ах­ме­това, Қайырбек Асановтар бас қосып, Астанадан Кәкімбек Салықов, жас ақын Қалқаман Сарин көпшілікті өлең әлемінің тереңіне бойлатты. Кеш ая­сында ақындардың сөзіне жазылған әндер орын­далды. Осы кеште бес жүз­ден астам өлеңі­не алпыстан астам ком­позитор ән жазған ақын Кәкімбек Салықовтың келуі де заң­ды­лық еді. Бір өкініштісі, осы хабар Кә­кімбек ақын­ның халқымен соңғы рет жүз­десуі бо­лып қалғандай. Осы аталған ақын­дар­дың сөзіне жазылған әндер халық ішіне кең тараған. Сондықтан болар, әлі күн­ге дейін өз өміршеңдігін жоймай, қа­зақтың ән қоржынын байытқаны өз алдына бөлек әңгіме. Бұл әндерді тек қазақ жастары ғана емес, өзге ұлт өкіл­дері де сүйсіне шырқай­ды. «Қазақ әнін шырқаған өзге ұлт өкіл­дері» кешіне Лаки Кесоглу, Мұрат Ахма­диев сынды өнер қайраткерлері қазақ ән­дерінің өмірлерінен ойып тұрып орын алатын­дығын тебірене айтты. «Ел бірлігі – ән арқауы» тақырыбын қозғаған кеште Тұңғыш Президент күніне орай Елбасы сүйетін халық әндері, халық компо­зитор­ларының әндері, сондай-ақ Елбасының сөзіне жазылған әндер орындалды. «Тә­уел­сіздік – айбыным» атты тақырыпта жа­рық­қа шыққан «Ұлт­тық шоуда» елдің рухын асқақ­татар патриоттық әндер айтыл­ды.
«Ұлттық шоу» бағдарламасының жа­ңажылдық кеші кино тақырыбына арна­лады. «Тақиялы періште» фильмі­нің не­гізінде Тана әжей (Бағдат Сәме­динова) өзінің немересі Ақтайлаққа (Нұрлан Әміров) қалыңдық іздейді. Оқи­ға желісі қызықты: Ақтайлақ әнші қыздарды жағалайды («Кешью» тобы­ның қыздары). Бірақ қу қыздар әже­сінің соңынан бір елі қалмайтын не­мересін менсіне қоймайды. Ақтайлақ әке жолын қуып, география пәнінің мұғалімі болғандығын айтып, ән салып жүргенінде жүрегі қалаған аруына кез­деседі (Индира Расылхан). Міне, «Ұлт­тық шоу» жаңажылдық хабарын елі­міздегі әрбір адам бақытты болуға лайық деген оймен думанды кешке ұлас­тырады. «Ұлттық шоудың» жаңа­жыл­дық төріндегі мерейлі меймандар Еңбек сіңірген артист Гүлжан Әспе­това, Қуанышбаев атындағы мемле­кеттік академиялық қазақ музыка­лық драма театрының актері Қуандық Қыс­тық­баев, Астана қалалық Жастар театры­ның актері Әділ Ахметов кино әлеміндегі қы­зықты әңгімелерімен бөлісіп, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйламақ. «Ұлттық шоудың» келер жаңа жылға да ұсынар жаңалығы мол. Сондықтан Ұлттық арнамен жаны бірге көзіқарақты көрермен мен «Ұлттық шоу» бірге жасай беретіндігі анық.

Еркін ҚАЛДАН

http://www.aikyn.kz/articles/view/38928