АЛТЫНОРДА
Новости

Ұлттық тағамдарымыздың қайсысы қазақтың брендіне айналуға лайық?

19(174)Түркияға жолы түскендер – пахлава дейтін тәттіні, Үндістанға барғандар – шай түрлері мен кептірілген жемістерді, Голландияға барғандар шағын қораптарға салынған қатырма сырларды сәлемдеме, базарлық ретінде ала келеді. Мынау – Қазақстанда өндірілген, қазақ жұртының өздеріне ғана тән, өздерінен басқа ешкім жасай алмайтын мәдени мұрасы, өздеріне ғана тән дәм-тұзы дейтін, былайша айтқанда, ұлтымыздың атын ұлықтай түсетін, көзайым дүниелерімізге жарымай отырғанымыз шындық. Мақтан тұтар ұлттық асымыз жоқ па, әлде өзіміз барымыздың бағасына жетіп, ұлықтай алмай отырмыз ба? Мамандардан сұрап көрген едік…

 

Ғалия ҚАЙДАУЫЛҚЫЗЫ, «Алтын арқау» мәдени-этнографиялық қоғамдық бірлестігінің төрайымы, этнограф, ҚР білім беру ісінің үздігі:

– Сыртқа еліміздің бренді ретінде таныту үшін жолға шыдамды тағамдар керек. Ал біздің ұлттық тағамдарымыз, негізінен, сүт пен ет өнім­де­рінен жасалады. Олардан жасалған тамақтар жолға шыдамсыз келеді. Алайда, менің ойымша, құрт пен ірімшікті жолға шыдамды етіп, сәлем-сауқат түрінде шетелге алып шығатын ас деңгейіне жеткізуге болады. Бір құрттың құрамында 12 түрлі дәрумен бар. Құрт ұшаққа, автобусқа мінгенде жүректің айны­ғанын басады. Қарның ашса, тез тойдырады. Егер дұрыс дайындалу жолын сақтап, жасалу технологиясын жетілдіре білсек, құртты ұзақ жолға шыдайтын, отандық өнімге айналдыруға әбден болар еді. Құрт пен қоса ірімшікті де сондай дәрежеге жеткізуге болады. Және бұл екеуін өзімізде өндірілген, ұлттық өніміміз деп те толықтай мақтанышпен айта аламыз. Негізі, құрт  –ағзамызға өте пайдалы тағам. Өзіміз оны көшеде насыбаймен қосып сатып, дәрежесін төмендетіп алдық. Сол шетелден алып келіп жатқан тағамдардың біздікінен еш артықшылығы жоқ. Сондықтан ұлттық тағамдарымыздың бағасын арттыратын кез жетті.

 

Ахметбек НҰРСИЛА, «Сарыжайлау» қымыз орталығының директоры:

– Меніңше, ірімшікті еліміздің бренд тағамы дәрежесіне жеткізуге болады. Оның дә­мі де сүйкімді, басқаларға да ұнайды деп ой­лаймын. Негізі, көзін таба білсек, бізде сырт­қа мақтаныш ретінде көрсетер тағамдар жетерлік. Тек соны өзіміз бағалай алмай отырмыз. Қазір шетелден келгендер өздеріне көбінесе біздің «Қазақстан» шоколадын алып кетеді. Бірақ шоколад өндірісін бізден де мықты игерген елдер үшін біздің шоко­ла­ды­мыз таңсық емес екені анық. Сондықтан ұлттық тағамдарымызды дәріптесек, басқа ел мұны қазақтар ғана жасай алады, қа­зақ­тар­дың ұлттық тағамы деп таныса, өзімізге де абырой болар еді.

 

http://alashainasy.kz/society/44831/