АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

ҮРЖАР ЖОЛДАУ ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА ЖОЛ БАСТАЙДЫ

Аудан әкімі Серік Зайнулдин жуырда ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауын талқылау мақсатында актив жиынын өткізді. Жиында Қазақстан -2050 Стратегиясын жүзеге асыру жолдары жайында пікір алмасып, Жолдауда көрсетілген басым бағыттар сараланды, Елбасы жүктеген  тапсырмалар әңгіме арқауы болды.

Басқосуда аудандық мәслихаттың хатшысы Мұхаметқали Бітімбаев баяндама жасап, бірқатар сала өкілдері Жолдау аясындағы ойларын ортаға салды. Дамудың даңғыл жолын айқындаған бас құжатта Қазақстан халқының болашағы мен алдағы айқын мақсаттары айшықталған. Мәселен: «…Әлеуметтік саланы дамытудың 2050 жылға дейін басты бағдарлары нақты индикативті цифрларда көрсетілген. Біз ішкі жалпы өнім көлемін жан басына шаққанда 4,5 есе – 13 мың доллардан 60 мың долларға дейін арттыруымыз керек. Қазақстан халық құрылымында орта тап үлесі басым елге айналады. Урбанизацияның жаһандық үрдісіне орай қалалық тұрғындар үлесі барлық  халықтың қазіргі 55 пайызынан 70 пайыздай деңгейге дейін өседі. Қазақстанның қалалары мен елді мекендерін сапалы жолдар мен көліктің барлық түрінің жүрдек бағыттары байланыстырады»  делінген. Яғни, алдағы жарқын болашақ жағымды жаңалықтармен астаса бермек. Орта жастың 80- ге дейін артатыны да орындалмайтын арман емес. Алда осы мақсат жолында ауқымды жобалар қабылданып, үлкен істер қолға алынбақ. Елімізде медицина саласы дамып, туризмнің жетекші еуразиялық орталықтарына айналатыны айтылды.  

Осыдан кейін сөз алған зейнеткер, ақын Амантай Оспанов, Горький атындағы орта  мектеп директоры Зәуре Сатыбалдинова, «Алғабас» шаруа қожалығының басшысы, аудандық мәслихаттың депутаты Мәулетхан Қалиев, «Дипломмен-ауылға» бағдарламасымен туған жеріне келіп қызмет етіп жатқан жас дәрігер Азамат Кеңесбаевтар «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдау жайлы өз ойларын ортаға салды. Мәселен, Амантай Оспанов: «…Елін сүйген, елі сүйген Елбасымызға айдай әлемді аузына қаратып отырған өміршең істері үшін айтар алғысымыз орасан. Биылғы «Қазақстан-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты бүкіл халқымызға арналған он сегізінші Жолдауының әрбір қағидалары мен басым бағыттарын теледидардан беріле тыңдап, басылымдардан көз сүзе оқып, санамда парасатпен пайымдау қуанышына бөленген жанның бірімін,- деді ол,- Баршамыз тағатсыздана күткен, биылғы ерекше саналған Жолдауда да 2015-2016 жылдары мұғалімдер мен дәрігерлердің және әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбекақысы ретіне қарай 29, 28 және 40 пайызға өсетіні, ал студенттердің шәкіртақысы 25 пайызға артатынына ризашылығымызды білдіреміз. Елбасы Жолдауында атап көрсетілген «100 мектеп», «100 аурухана»  бағдарламасы бойынша соңғы жылдары облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың және аудан әкімі Серік Зайнулдиннің қамқорлығымен мектептер мен ауруханалар, спорт кешендері салынып, Мәдениет үйлері күрделі жөндеуден өткізіліп, ел игілігіне айналуда. Осыған орай, әрқайсымыз «Жұмыла көтерген жүк жеңіл»  деген қағидамен қажымай еңбек етіп, 2050 жылға дейін Қазақстанның әлемдегі барынша дамыған 30 елдің қатарына қосылуына үлес қосуды азаматтық парызымыз деп білейік!».

Бұдан кейін аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Сәуле Жүнісова елді мекендерге шығатын  ақпараттық үгіт-насихат топтарының тізімі мен кестесін жариялады. Активті аудан әкімі Серік Зинабекұлы қорытып,  Жолдаудан    туындаған мақсат-мұраттар мен Үржар ауданында осыған сай атқарылар істер туралы айтты.  Ұлттық идеямыз-Мәңгілік ел қағидасының өміршеңдігіне тоқталды. «Елбасының «Қазақстан-2050- Мәңгілік Елге бастайтын ең абыройлы, ең мәртебелі жол. Осы жолдан айнымайық, хал-қым!» деген сөздерін басшылыққа алу басты мақсат екендігін айтты.

Жалпы, «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Елбасы Жолдауы ауданның барлық ұжымдарында талқылануда.

Берікхан ТАЙЖІГІТ,

«Семей таңы».