АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

ҰШҚЫР ҚИЯЛ, КЕТТІҢ АЛЫС…

IMG_0054Маңайына мейірім шуағын шашып, айналасына жақсылық тілеп жүретін жаны жайсаң адамдар болады. Өмір бойы жоғарғы мектепте ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиелеген Абдул-Хамид ағамыз сондай адам еді. Ол өзінің жанашырлығымен, аталы сөздерімен, әдемі әзілдері, орынды юморларымен алдынан өткен мыңдаған шәкірттерінің есінде жақсы адам ретінде қалды. Жасы кіші әріптестері Әбеке деп еркелесе, тұтастары Хама деп сыйлайтын. Жақсы адамның артында жақсы сөздер қалады. «Мархабаев айтқан екен» деген ұшқыр ойлар, ұтымды жауаптар, афоризмдер, еріксіз езу тарттыратын әдемі әзілдер елдің аузында жүр.

Қазақ ғылыми-фантастикасының негізін қалаушы,  жазушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Абдул-Хамит Файзоллаұлы Мархабаевтың мәңгілік сапарға аттанғанына жылдың жүзі болып қалыпты. Кеше ғана жарқылдап арамызда жүретін, әзілдесіп, еркелеп отыратын Әбекеңді бір күнде жоғалтып алып, қайтпас сапарға кеткенін енді ғана түсінгендей болып жүрміз. Абдул-Хамит Файзоллаұлы елу жылға жуық қазіргі әл-Фараби атындағы мемлекеттік университеттіндегі Журналистика факультетінде ұстаз болды. Өмірінің соңғы күніне дейін сол қара шаңырақта сабақ берді. Осы уақыттың ішінде Әбекеңнен дәріс алған мыңдаған шәкірттері бүгінде республикадағы барлық дерлік бұқаралық ақпарат құралдарында, мемлекеттік қызметтерде еңбек етіп жүр. Олардың арасынан талай танымал мемлекет қайраткерлері, министрлер, депутаттар, ақын-жазушылар шықты. Сол шәкірттерінің барлығы Мархабаевты ақ пейілді жақсы адам, ақылшы аға, қызметіне адал ұстаз ретінде біледі.

Абдул-Хамид Мархабаев 1964 жылы республикалық «Білім және еңбек» ғылыми-көпшілік журналына келіп, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1967 жылдан бастап Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетінің қазақ журналистикасы кафедрасында – ассистент, кейін аға оқытушы, доцент болды. Университеттегі педагогикалық қызметтен қол үзбей жүріп, 1967-1983 жылдар аралығында «Білім және еңбек» журналына Бас редактор болып істеді. 1971 жылы «Қазақ әдебиетіндегі фантастиканың даму және қалыптасуы» деген тақырыпта диссертация қорғап, филология ғылымдарының кандидаты атанды, 1973 жылы Жазушылар одағының мүше болды. А.-Х. Мархабаев – қазақ әдебиетініндегі фантастика жанрының тарихы мен теориясын зерттеуші тұңғыш ғалым. Ол ғылыми атаққа ерте жеткенмен, докторлық еңбегін кеш қорғады. «Қолыңды әкел, Келешек. Қазақ фантастикасы: кеше, бүгін және…» (1978), «Қазақ фантастикалық әдебиеті» (1998), «Қиялгер қисындары» (2002), «Қазақ фантастикасының поэтикасы» (2008) сияқты докторлық еңбекке тұрарлық көлемді монографиялар авторға зерттеуші мәртебесін бергенмен, ғылыми атақты қорғау үшін қосымша еңбектену керек болды. Осылайша, Әбекең жетпіске таянған шағында, 2006 жылы филология ғылымдарының докторы дәрежесін алуы үшін «Қазақ әдебиетіндегі фантастика поэтикасы» деген тақырыпта диссертация қорғады.

Сол кездерде маған берген өзінің кітабына жазған қолтаңбасында: «Сендерге үлгі болуға тырысып жүргенімді білсең ғой, Қайрош! Құрметпен А.-Х. Мархабаев» деп қол қойыпты. Басқалар болса қолын бір сілтер еді, Әбекең ондай емес еді. Ол өмірінің соңына дейін еңбек етті және сол табандылығының арқасында көп нәрсеге қол жеткізді. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым мирнистрлігінің, соған қоса әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің озық оқытушысы атағы  мен төс белгілерін иемденді. Жетпістен асқан шағында республикалық жоғары оқу орындары бойынша Жылдың үздік оқытушысы атанды. Бертінге дейін оның ғылыми-фантастика жанрында жазған кітаптары баспадан шығып жатты. «Жазушы» баспасынан 2011 жылы шыққан «Қазақ қиялының «жүріс-тұрыстары» кітабын, «Фантастика жанры: тарих және теория» атты жоғары оқу орындарының гуманитарлық факультеттері мен бөлімшелеріне арналған монографиясын студенттер оқулық ретінде пайдаланады.

Ардақты ағамыз, әкемдей болған Әбекеңмен мен сексенінші жылдардың соңына қарай жақын танысып, етене араласа бастадым. Студенті болдым, көрші тұрдық.  Әкелі-баладай қарым-қатынаста болдық. Мархабаевтар отбасымен осы күнге дейін сыйластығымыз, байланысымыз үзілген емес. Әбекең ұстаз ретінде білімге тәрбиеледі, аға болып ақылын айтты, құрдасы сияқты жан сырымен бөлісті, еркеліктерімді әкемдей қабылдап, кейде өзі де еркеледі. Кейде маған балаша өкпелейтін кездері де болатын. Арамыздағы жас айырмашылығы жиырма жылдың үстінде болса да, біз осындай дос едік. Әбекең – Аралдан, менің туған жерім – Семей, екеуміз жерлес те, рулас, туыс та емеспіз, жасымыздың арасы да алшақ, бірақ оның барлығы достығымызға кедергі болған емес.

Әбекең Арал қаласынан әріректе Көкарал деген жерде дүниеге келген. Қазір ол арал жоқ, материкпен бірігіп кеткен. «Әкеміз соғыстан оралмады. Мен ол кезде жас баламын, кескіні есімде еміс-еміс қалыпты. Кейіннен Арал қаласына көшіп келдік. Шешем наубай болды. Соғыс кезіндегі қиыншылықтарды сезініп өстік. Әлі есімде, шешеміз кешкісін жұмыстан келгенде, мұз болып қатқан нанды пештің үстіне жылтуға қоятын. Аштықта талғажау болған қасиетті қара нанның дәмі әлі күнге дейін аузымнан кетпейді» деп есіне алып отыратын марқұм. Соғыс жылдарында ауырпалықтарды көріп, шынығып өскен Абдул-Хамид ағаның денсаулығы мықты болды. «Адам денсаулығының басты кепілі – сабырлылық. Бүгінгі заманның адамдары, байқап отырсаң, күйгелек, ашуланшақ, өкпешіл. Қартайғыларың келмесе, ашуланба, сабыр сақта. Баяу қартаюдың сыры осында деп білемін. Бәрі де өткінші нәрсе, сондықтан бір-бірімізге кешірімді болуымыз керек. Сонда ұлтымыз, ұрпағымыз күшейеді. «Сабыр түбі – сары алтын» деп қазақ бекер айтпаған» деп отыратын Әбекең. Өзі ешқашан қатты ашуланған адам емес, ашу шақыратын жерде мәселені ойлы әзілге айналдырып, түйінді оңай шеше салатын.

«Ертегілердің бәрі қиялдан туған. Ертегілердегі «Жеті қабат жердің астындағына еститін Саққұлақ», «аяғына тас байлап жүретін Желаяқтар» бүгінгі күннің техникалары түрінде дүниеден орын алды. Солардың бірі –  ауызекі түрде осы күнге дейін жеткен Қорқыт аңызы. Су бетіне кілем жайып, Қорқыттың біраз уақыт ажалды жолатпауы жай айтыла салған сөз емес, күндердің күнінде өлімді кідіртетін шараның болатынына сенушілік, соны аңсаушылық», — дегені бар. Бұл фантастика емес пе? Халықтың осы аңсауын жүзеге асыру жолында геронтология ғылымы бүгінде зерделі жұмыстар жасауда екенін білеміз. Демек, күндердің күнінде ғалымдардың оған да қол жеткізуі мүмкін ғой. Соған қарағанда, Қорқыт «көтерген мәселе» пәлендей негізсіз болмағаны шығар…» деп еді фантаст ағамыз бірде. Сол күнге өзі жетпеді, бірақ оның қиялы жетті.

Қиялгер ағамыздың оймен алысты болжайтын, алда болатын нәрсені сезетін қасиеті де болды. Зайыбы Мағрифа апай «мұның аспанмен байланысы бар шығар, айтқаны тура келеді» дейтін. Бірде ол «Құдайға шүкір, біршама жасқа келдім, бірақ жасы жетпістен асқан адамның ертемен тұрғанда бір жері ауыру керек қой. Ал менде ол жоқ, соған қарағанда ақырзаманның шалдары ауырмай өле салатын шығар» деп әзілдегені есімде. «Қойыңыз, Әбеке, сөйтіп айтуға бола ма екен, Құдайдың құлағына шалынбасын»  деймін. Содан біраз уақыт өткеннен кейін немересі Тайыр екеуі келе жатқанда аяғы тайып құлап, Әбекең жамбас ұршығын сындырып алды. Осындай жазым боларын өзі сезген-ау деп ойлаймын. Сөйтіп, ағамыз жоқ жерден бейнет тауып, өмірінің соңғы жылдарында балдақ ұстайтын болды. Оны да мойындағысы келмейді, әзілге айналдырады. Үйі университеттен алыс емес, сабаққа көлікпен барып, лекциясын оқиды да сол көлікпен үйіне қайтып келеді. Үйде отырған адам ішқұса болады ғой, телефон шалып күнде үйіне шақырады. Бармағаныма біраз күн өтсе керек, бір күні «балдақты тастайтын болдым, ортопедиялық орталыққа апарып маған таяқ алып бер» деп телефон соғады. Бардық. Таяқпен жүруге әлі ерте екен. «Саған еркелегенім ғой, әйтпесе жындымын ба, балдақты таяққа айырбастап» дейді. «Балдақты тастаңыз, аяқты жүруге үйретіңіз!» десем, жұлып алғандай «Неге тастайды екенмін, оны қанша ақшаға алғанымды сен білесің бе?» дейді кейіген болып. Әбекең осындай ауырсынып тұрып күлетін, әзілмен бәрін жеңетін асыл азамат еді. Ұстаздың ғалымдығы, білімділігі, ғылыми фантастика саласындағы жазғандары өз алдына, оның осындай адами қасиеттері үшін оны шәкірттері, әріптестері, айналасындағылардың барлығы жақсы көрді. 

Осындай ағамыздың жанында жүріп биік адамгершілік қасиеттерін тереңірек біле түстім, шәкірт кезімдегідей ол кісіден көп нәрсені үйрене бергім келді, өмірлік ұстаз тұттым. Әбекеңнің айтқандарының, берген тағылымдарының ұшығына қазірге дейін жете алмай жүрмін. Білімі ұшан-теңіз, берері әлі де мол асыл жан еді ғой қайран ағамыз. Кісімен де, кішімен де бірдей бола білетін, тең жүретін, жарықтық. Отбасымызбен араласа жүріп, ағалық мейірімінің шуағына бөленген сол жылдардың енді сағынышқа айналып кеткені жанымды жабырқатады. Әйгілі фантасттың өзі де қиял-ғажайыпқа айналып кеткендей. «Жақсымен өткізген жарым сағаттың өзі жарты ғұмырға татиды» деуші еді ғой бабалар. Осы Әбекең сияқты аяулы азаматтарды меңзеп айтылған сөз шығар. Ұстанымы жақсы ұстаз, ғибраты мол аға болған Абдул-Хамид Мархабаевтай ағаммен өмір жолында ұшырасқаныма «тәуба» деймін. Кеудемізде жанымыз барда жадымызда жүрерсіз, аяулы аға!

 

Шәкірті Қайыржан ТӨРЕЖАНОВ