«Қазақстан» ұлттық арнасында отандық телехикаялардың көлемі ұлғаюда. Енді ұлттық арнаның тұрақты көрермендері отандық телехикаяларды 21.30-дағы прайм-тайм уақытында ғана емес, 19.30-да да көре алады.
Халық сүйіп тамашалаған «Ұлжан», «Олимп шыңы», «Сұңқар» телехикаяларынан кейін «Қазақстан» телеарнасы көрерменнің назарына «Ұстаз» атты жаңа телехикаяны ұсынады.«Ұстаз» – ауыл оқушыларының қабілетін ашып, өмірде дұрыс бағыт таңдауға көмектесу міндетін жүктеген жас ұстаздардың еңбек жолын баяндайтын телехикая.
Фильмде оқиға білікті мамандарды қажет еткен жаңа мектептің қарбалас өмірінен басталады. Тағдырдың қалауымен телехикаяның бас кейіпкерлері – Салтанат, Қайрат, Бақыт және Жәнібек директор Байзақовтың қарауында жұмыс істейді. Осындай жауапты іске қадам басқан жас мұғалімдер оқушылармен етене байланыс орната отырып, мектеп өмірінің қызығы мен қиындығын қатар көреді.
Десек те, жас мамандар педагог жауапкершілігін бірден сезіне алмай, өз шәкірттерінің бойынан түсіністік пен кішіпейілдікке үйренеді. Әр кейіпкер өзін ұстаз ретінде ғана емес, жан-жақты қырынан танытады. Ұстаз өз оқушыларына жақсы педагог ғана емес, өз отбасында сүйіспеншілік пен мейірімділікке бөлене алмаған балалардың жақын досы бола біледі.
Телехикаяның басты кейіпкерлері оқушыларымен бірге өткізген сан қилы оқиғалар барысында достық пен махаббаттың бағасын, мейірімділік пен түсіністіктің маңыздылығын түсінеді. Нәтижесінде жас мамандар бұғанасы қатпаған қаршадай шәкірттерді тәрбиелеу қиындығымен қатар, қызығы мен бақытын қатар сыйлайтын ұлы мамандық екендігін ұғынады.
Ершай ӘЗІРЕТ
http://www.aikyn.kz/articles/view/38158