ҰБТ төңірегіндегі әңгіме қызып тұр. Сиясы әлі кебе қойған жоқ. Әсіресе үйінде мектеп бітіріп жатқан баласы бар ата-аналар үшін бұл бір шетін мәселе іспетті.
«Іспетті» дейміз-ау, ҰБТ-ның шынымен де үлкен проблемаға айналып, тіпті мемлекеттік деңгейде шешпесе болмайтын жағдайға жеткізген тұстары жоқ емес.
ҰБТ-тапсырылатын күн қарсаңында редакциямызға Гүлнар.С есімді алматылық түлек хабарласты. Жылап тұрып, көмек сұрағанда жүрегіміз сыздап кетті. Қолымыздан келгенше көмектесуге уәде бердік. Сонымен Гүлнар.С не дейді?
-Мойындаймын, мектепте жақсы оқымадым. Біреуден кем, біреуден артық әйтеуір қабілетім жеткенше тырысып бақтым. Мектеп бітіруге екі-үш ай қалғанда сынып жетекшісі, директордың орынбасары, тіпті директордың өзі ҰБТ тапсырмауыма үгіттей бастады. «Егер сен ҰБТ-дан тиісті меже – 50 балды ала алмай қалсаң, біз саған сертификат бермейміз. Сөйтіп, 11 сыныпқа тағы қаласың» деп қоймаған соң, ҰБТ-дан бас тарту туралы қолхат жазып беруге мәжбүр болдым. Бір қателігім — анаммен ақылдаспағаным. Не істегенімді білген соң ол маған қатты ренжіді. Сөйтіп, анам мектепке келіп, менің өтінішімді қайтып алайын деген еді, мектеп басшылығы оған көпе-көрнеу қоқан-лоққы жасады. Осылай дауласып жүргенімізде ҰБТ тапсыратын күн де тақап қалды. Енді естіп жатырмын, мен жазған қолхатты қайтып алып, ҰБТ-ға қатысуыма толық құқым бар екен. Алайда менің сөзімді тыңдар ешкім жоқ. Тіпті директор өзіме дүрсе қоя беріп, «сен бәрібір ҰБТ-дан 50 балл жинай алмайсың, ал біз сенің сертификатыңа кілең екілік жазып береміз» деп, жерден алып, жерге салды. Мен болсам, бағымды сынап көргім келеді. Ал ҰБТ-ға үш-ақ күн қалды. Қатарластарымнан қалғым келмейді. Көмектесіңіздерші…, — дегенді естігенде бір жағы шынашақтай ғана бүлдіршіннің жанайқайы жанға батса, екінші мектеп әкімшілігінің бала тағдырына немқұрайлы қарап, сағын сындырмақ болғандары өз алдына, заңға қайшы әрекетке барғандары жаға ұстатты.
Естіген бойда мектеп директорының орынбасарымен хабарластық. Әуелде сөзімізіді аяғына дейін тыңдамастан телефон тұтқасын тастай салды ол. Екінші рет тағы телефон соғып, бұл жолы егер Гүлнар ҰБТ-ға жіберілмесе, тиісті орындарға шағым жазатынымызды ескерттік. Соның өзінде олар «редакцияға неге хабарласасың» деп, Гүлнарға қысым көрсетсе керек. Қалай дегенде де, Гүлнар ҰБТ-ға жіберіліп, ҰБТ-ның қорытындысы шыққан бойда бірінші болып бізге хабарласты. Қанша балл жинады дейсіздер ғой… 96! Сүйіншілеп тұрып Гүлнар жылап жіберді. Көмегімізден нәтиже шыққанынана біз де қатты қуандық. «Егер Гүлнар батылдық танытып бізбен хабарласпағанда оның тағдыры не болар еді?» деген ойда қалдық. Енді Гүлнар тіпті грантқа түсіп кетуім де ғажап емес, деп қуанғаннан төбесі көкке жеткендей күйде жүр. Ата-анасы жұмыс істемейтін оның ЖОО-да оқуы арман болған еді, енді шындыққа айналмақ. Ескерте кетейік, белгілі себептермен кейіпкеріміздің есімін өзгеріп, мектептің нөмірі мен директордың да аты-жөнін атамауды жөн көрдік. Бірақ бұл аңыз емес, ақиқат, оған кәміл сенгейсіздер.
Дәл осындай тағы бір оқиғаны естідік. Алайда мектеп басшылығының «аралсуымен» ҰБТ-дан бас тартқан Айқын.А. Ұлттық бірыңғай тестілеу күні үйінде жылап жатты. Естуімізше ата-анасына қатты ренжіпті.
«Сендер менің өміріме немкеттілікпен қарадыңдар. Мектепке барып, жазған қолхатымты қайтып алғандарыңда, қазір көппен бірге жүретін едім ғой. Енді міне көштен қалып қойдым» деп қатты налыпты. Ал ата-анасы ендігі шарасыз. «Бала күйзеліске ұшырап кетпесе игі еді» деп ойладық бұл оқиғаны естігенде.
Мектептердің оқу үлгерімі төмен балаларды ҰБТ-дан бас тартуға үгіттейтін себептері кім-кімге де белгілі: өздерінің рейтингтерін төмендетпес үшін.
Негізі мұндай әңгіме жылда айтылады. Алайда орта білім мекемесіндегілердің ашықтан-ашық үгіт-насихат жүргізгендеріне қарап, құзырлы министрлік әзірге бұл мәселеге жете мән бермей отыр ма дейміз.
Мұндай келеңсіз жағдай әсіресе, шалғай ауылдарда қатты белең алып кеткен. Ендігі мықтап қолға алып, шара қолданбаса болмайды.
Биылға жылы 134 648 бала мектеп бітірсе, оның ҰБТ тапсырғандары — 92 086. Қалғандарының тестілеуден өз еркімен бас тартқандары қанша, ұстаздарының «ақылдарын» тыңдағандары қанша, ол жағы белгісіз…
Автор: Ләззат Билан
http://alashainasy.kz/ubt/51387/