Редакциядан: Төменде баяндалатын оқиғаға қарап отаншыл, намысшыл, талапшыл қазақтың бәрі осындай екен деп, қортынды жасауға әсте болмайды. Сондай-ақ, автордың көзқарас, байламы да редакцияның ұстанымын білдірмейді. Алайда, орынсыз дау-жанжал тудырып, сол қылығымен адамды маңайынан «бетті басып, тұра қашқандай» ететін «патриоттардың» әр ұлттан табылатындығын ескерте келе, Қостанай қаласындағы автокөлікте болған шағын оқиғаны оқырман талқысына салғанда жөн көрдік.
Қостанайға келгелі мұндай дауға алғаш тап болғанымды сөз ете отырып, оқиға орын алған мекен-жайды көрсете кетейін. Қоғамдық көлікке жайғасқаным сол еді, жүргізушінің қасында тұрып алып, етжеңді, сом денелі орыс жігітімен қояр да қоймай дауласып жатқан ағаға көзім түсті. Қазақ пен орыс арасындағы даудың саяси тақырыпта өрбіп жатқанын сезіп қалған шығарсыздар.Енді соның мән-жайын түсіндіре кетейін.
Қостанайдың автобустарында Қазақстанның көп қалаларында жоқ ерекшеліктер бар. Өте ыңғайлы әрі мәдениетті түрде қалыптасқан жүйе десе де болады. Мәселен автобусқа кіргенде жаныңызға келіп ешкім жолақысын сұрамайды. Яғни, мұнда кондуктор деген атымен жоқ. Көлікке жүргізуші толықтай иелік етеді және оған ешкімнің кедергі келтіруіне болмайды. Ортанғы есіктен енсеңіз, түсерде жүргізушіге 60 теңге беріп алдынғы есіктен шығып кете қоясыз. Ереже де, тәртіп те осылай. Күрделі ештеңесі жоқ. Бірді-екілі тәртіпсіздік бола қалса, видеокамера бақылап тұр. Аялдамаларды аудиозапись екі тілде хабарлап отырады. Бірінші кезекте мемлекеттік тілде айтылады. Сондай-ақ, адамға жағымды естіледі.
Оқиға осы жайында болса керек. Әлгі ағамыз: «Кезекті аялдама атауы қазақша хабарланбады, сен оны неге қоспадын?» — деп жүргізушіге ренішін білдірген көрінеді. Ал ол екі тілде де қосылғанын айтып, мас адамды сендіре алмай әуреге түседі. Оған сол жерде отырған орыс жігіті де анығын айтып жатса керек… Біз дәл осы тұста кіріп келген екенбіз. (Шындығында дыбысжазба қосылған. Орысша айтылса, демек, оған дейін қазақша да айтылып кеткен деген сөз). Барлығы жабылып ағайға түсіндірудей-ақ, түсіндіріп жатыр. Ол кісі болса көзі ежірейіп, зорға дегенде «мен естіген жоқпын» деп айтқанынан таңбайды. Басында бұл кісінікін дұрыс көріп отыр едім, бірақ, рамазан айында арақтан біраз татып алған егде жастағы әлгі ағамыз басқа жаққа ләйліп кетті. «Сен кімсін сонша?» — деп ашу шақырды. Одан соң қайта-қайта кешірім сұрады. Қанша мәрте сабырға шақырғанмен ол кісі бірінші қазақша, сосын орысша айтылсын деп сөйлей берді, сөйлей берді. Айналамыздағылар полиция шақырамыз дегеніне де басылар емес. Отырғандардың бәрі орыс. Өзге ұлтқа сөз болып, айналасында жиркеніш тудырған соң негізгі кейіпкерімізге жақын келіп: «Сіздің қалауыңыз дұрыс қой, соған сәйкес бірінші қазақ тілінде кейін орыс тілінде хабарланды. Тек сіз жөнді естімегенсіз ғой»-дегенді айтып, сабыр сақтаңыз, қайтесіз босқа сөйлеп деп қыстырыла кеттім (Полицияға ұрынса, басына пәле тауып алады ғой деп қам жегенім ғой). Маған бақырайып бір қараған ол, сәлден соң манағы орыс жігітке «Создание Золотой Орды…» дей беріп еді арттағылардың бәрі шу ете қалды. Артынша бәріміз бір планетада тұрамыз, ішіп алып ауызыңызға келгенді айтпаңыз, мұнда жалғыз емессіз, балалар бар, шығып кетіңіз деген сөздер естіле бастады. Осы аралықтағы аялдама атаулары әдеттегідей қазақ тілінен басталып, орыс тілінде аяқталып отырды. Әрең дегенде ананы-бір, мынаны-бір қайталаумен ағамыз да межелі жеріне келгенде түсті-ау ақыры. Іштегілер сілтідей тындық. Келесі тоқтағанымызда аялдама жанында полиция көлігі мен қызметкерлері тұр екен. Орыс әйел «Өкініштісін-ай, жаңағы кісіні осы жерден түсіріп кету керек еді» деп налығанын білдірсе, екінші жігіттің «да, как раз лимузин ждет» деп полицияның ақ жигулиін меңзеген күйі мысқылдай күлгені де бізге оңай соқпады. Әсте орыстардың мысы басып кетті деуге келмес. Әттең орысша тілді түсінгенмен, сөйлей алмаған да жаман екен. Көкейдегі көп сөзді айта алмай, тұншықтым да қалдым. Бұл бұл ма?!
Манадан орыс жігіті деп атап жатқан мырзамыз түсерде жүргізушіге «Украинадағы болған жаймен шаруасы жоқ» деген сарында тіл қатып, талтаңдап түсіп бара жатты. Анау да туыстық ниетін білдіргендей «Біз ештене істей алмаймыз ғой» деп жымиып қош айтысты. Мұны қалай түсінерімді білмей мен қала бердім.
Іштегілер әлі де күбір-күбір етеді. Кіп-кішкентай орыстың бүлдірішіндері жаңағы «жаман ағайдан» құтылғандарына қуанышты секілді.
Cонымен сөздің түйіні қайсысы?! Осы секілді мылжың әңгімеден туындаған кикілжіңнің өзі қазақ халқының абыройын түсірмесе, асырмасы анық қой. Не керегі бар жалған патриоттықтың?! Бар кінә бір кісінің надандығында ма, әлде әлі жететінге әлімжеттік жасағыш құтырған мінезден бе? Мүмкін естімей қалған құлақтан болар?
Жоқ, Жанболат. Олай деме! Бар кінә арақтан.
— Ееей, қойш…
Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ
А.Байтұрсынов ат. ҚМУ-дың журналистика мамандығының студенті
Abai.kz