АЛТЫНОРДА
Новости

ЖАҢА ӘСКЕРИ ДОКТРИНА КЕРЕК ПЕ?

Кез келген мемлекеттің әскери док­тринасы әлемде һәм айналасында болып жатқан түрлі жағдайларға байланысты өзгеріп отырады. Бұл –заңдылық. Өйткені уақыт бір орнында тұрмайды.

Қас-қағым сәт ішінде дүние өзгеріп, елдің іргесіне қауіп төндіретін жанжалдар, ішкі толқулар, сырттан таңылатын қысымдар көбейіп тұрған кез. Сондықтан мемлекеттің қауіп­сіздігін қамтамасыз ететін әскери доктри­наның да уақытқа сай өзгеріп отырғаны жөн.

Соңғы бір аптада Ресейде жыл аяғына дейін жаңа әскери доктрина қабылдай­тын­дарын жария етті. Бәлкім, бүгінгі күннің та­­лабына сай етіп жаңа әскери доктрина қабылдау бізге де керек шығар. Өйткені Тунис, Египет, Ливияда қанды төңкерістер өтті. Сирияда белгілі бір топтар мемлекеттік төңкеріс жасауға ұмтылып, елдің шаңы­ра­ғын шайқалтатын қанды қақтығыс жүріп жатыр. Көрші Қырғыз еліндегі бірнеше мәрте қайталанған ұлтаралық қырғын, екі мәрте мемлекеттік төңкеріс, бүгінгі Ук­раинада болып жатқан соғыс секілді жағ­дайлар таразыға тартылып, әскери док­три­намызға бірқатар түзету енгізуді керек етеді. Бұл құжатта елдің ішкі жағдайына да үлкен мән берген жөн. Себебі сыртқы күштер ті­келей соғысқа араласпай-ақ мемлекет ішіндегі әртүрлі топтарды айтақтай отырып, мемлекетті бөлшектеп тастауға ұмтылады. Бұған бір мысал – Украинадағы жағдай. Сондай-ақ ақпараттық соғысқа төтеп беру, тіпті осы салада жеңіске жетудің жолдарын да қарастырған дұрыс. Өйткені халықтың санасына, көңіл күйіне, көзқарасына үлкен өзгеріс әкелетін ақпараттың соғыс қанды қасаптан артық болмаса, кем емес. Демек, жаңа әскери доктринада осының бәрін тайға таңба басқандай етіп көрсеткен жөн. Рас, Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері әскери доктринамыз бірнеше дүркін ал­масты. Соңғысы 2011 жылы қабылданды. Бірақ одан бері әлемде көптеген дүние өзгерді. Қысқасы, айналамызда болып жат­қан саяси, әскери өзгерістерге байланысты жаңа әскери доктрина қабылдайтын кез келген сияқты.

Сайын БОРБАСОВ, саясаттанушы:

– «Бізге ешкім тиіспейді, біз бәрімен жақсымыз» деп, өз сөзімізге өзіміз иланып отыра беруге болмайды. Қазір халықаралық жағдай ушығып тұрған кез. Сондықтан кез келген тосын оқиғаға даяр болу үшін, мем­лекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін әскері мықты және тосын оқиғаларға той­тарыс беретіндей сай болуы тиіс. Әрине, бүгінгі қолданыстағы доктрина жаман емес. Бірақ бірқатар өзгерістер, толықтырулар енгізілген жөн деп санаймын. Әскер жыл­дам және сыртқы күштерге тойтарыс, күй­рете қарсы соққы беруге һәм ішкі толқу­лар­ды да жедел басуға қабілетті болса жақ­сы. Ол үшін әскери техника, атыс құ­рал­дары заманауи болғаны дұрыс. Біз қа­руды тек Ресейден ала беруге ұмтылмауы­мыз керек. Ол ел атыс жабдықтарын қанша мақтаса да, АҚШ, Германия, Франция, Ұлыбритания, Израиль, Жапон мемлекеттері шығарған заманауи, өте дәл тиетін қа­ру­лармен тең ке­ле алмайды. Осы аталған ел­дермен де ке­лісім жасап, мықты қару алға­ны­мыз өте дұрыс болар еді. Сосын сар­баз­дың бойында «Отаным, елім, ұлтым үшін басымды құрбан етуге бармын» деген рух, намыс, жігер бо­луы шарт. Онсыз қолыңда қанша мықты қару болғанымен, рух бол­маса түк істей алмайсың. Сондай-ақ мемле­кетке тас-түйін идеология қажет. Кез кел­ген азамат сыртқы күштердің айтағына ер­­мей, тек «елім» деп өмір сүрген кезде, мемлекетте ешқандай толқу болмайды. Біз осының бәрін безбенге салып, жадымызға түюіміз қажет.

Сәт ТОҚПАҚБАЕВ, запастағы генерал-полковник, бұрынғы Қорғаныс министрі:

– Көрші, өзге мемлекеттер әскери док­тринасын өзгертті екен деп, біз де солардан қалмай әскери доктринамызды алмастыра берудің қажеті шамалы. Ресейдегі жағдай өзге. Ол ел қазіргі қалыптасқан жағдайға байланысты жаңа доктрина қабылдауға ты­рысып жатыр. Дұрыс. Өйткені Ресейге тө­ніп тұрған қатер бар. Ал біз салиқалы сая­сат ұстанғандықтан бәрімен жақсымыз. Бізге қысым жасап жатқан ешкім жоқ. Сон­дық­тан жедел-қабыл жаңа доктрина қабылдау­-ға ұмтылудың қажеті шамалы. Бәлкім кейі­нірек айналадағы геосясатқа байланысты өзгерістер, толықтырудар ен­гізуге, не бол­маса жаңасын қабылдауға бо­лар. Бірақ дәл қазір күн тәртібінде тұр деп айта алмай-мын.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

http://www.aikyn.kz/articles/view/56880