Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: жалпыға ортақ еңбек қоғамына 20 қадам» атты мақаласындағы 20 тапсырманың үштен бірі білім беру жүйесіне қатысты болды. Өйткені адами капиталдың сапасы әр адамның білімділігі және кәсіби шеберлігі деңгейімен тікелей байланысты. Ел азаматтарының білімі мен біліктілігі жоғары болғанда ғана мемлекет барлық жағынан қарыштап дамиды.
Кез келген мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуы сол елдің білім жүйесі мен азаматтарының білім дәрежесіне байланысты екенін бүгінгі әлемдік тәжірибе де көрсетіп отыр. Өйткені білім беру ісі әлемдегі бәсекеге қабілетті елдердің қатарына енгізуде басты құрал болып табылады. Сондықтан отандық білім сапасының дәрежесін халықаралық деңгейге жеткізу қажет. Ол үшін ең алдымен еліміздегі білім беретін орта білім ошақтары мен білім ордалары талапқа сай болуы керек.
Осы орайда біздің еліміздің де Білім және ғылым министрлігі Еуропа стандарттарына сәйкес, білім саласын көтергісі келетінін байқаймыз. Жыл сайын жаңа бағдарлама қабылдап, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген бас мұғалімді «жаңашылдыққа ұмтылмайды» деп сөгу де сөкеттік болар. Бірақ, өкініштісі сол, имиджді ойлап Еуропаға қарап мойын соза жүріп, бас ұстазымыз ауылды ұмыт қалдырған сияқты. Өйткені еліміздегі ауыл мектептерінің басым бөлігі сапалы білім беру талабына сай емес. Тіпті заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталмақ түгіл, ауылдық жерлерде апатты жағдайда тұрған білім ордалары да баршылық. Осының салдарынан алдағы жаңа оқу жылында елімізде 74 мың оқушы далада қалуы мүмкін. Себебі оларға жаңа оқу жылында мектепте орын жоқ. Мұндай деректі өзге емес, Білім және ғылым министрлігінің өзі келтіріп отыр. Сондай-ақ білім және ғылым вице-министрінің мәліметінше, еліміздегі 100 шақты мектепте оқушылар үш ауысымда білім алып келеді. Ал үш ауысыммен оқытатын мектептерде білім сапасын еуростандартқа сәйкестендіру былай тұрсын, қарапайым білім сапасы жайлы сөз қозғаудың өзі артық.
Уәлихан БИШІМБАЕВ, Мәжіліс депутаты:
– Аймақтарда заманауи мектептердің жетіспеушілігі айқын аңғарылады. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысында жалпы саны 1019 жалпы білім беретін мектеп тіркелсе, оның 582-сі ғана мектепке бейімделген ғимараттар, ал 228-і саман кірпіштен тұрғызылған мектептер. Сабақтар оқушыларға лық толы сыныптарда өткізіледі, мектептерде 464 544 баланың орнына 534 195 оқушы оқиды. Бұған қоса,жыл сайын оқушылар саны жедел қарқынмен артып келеді. Мәселен, 2011 жылы облыс бойынша мектепті 38 918 түлек бітіріп шықса, жаңа оқу жылында 55 836 оқушы қабылданған. Яғни бала саны 17 мыңға артқан. Ал 2012 жылы 39 366 түлек мектеп бітірсе, бірінші сыныпқа 58 720 оқушы қабылданған. Яғни мектептерімізде жыл сайын бала санының артып келе жатқаны байқалады.Сондай-ақ облыстағы 1019 мектептің 175-інде (308 887 бала) оқу үдерісі бір ауысымда, 840 мектепте (224 301 бала) екі ауысымда және 4 мектепте (1 169 бала) үш ауысымда жүргізіледі. Болжам бойынша, алдағы 2015 жылы өңір мектептерінде 662 873 бала оқитын болады деп күтілуде, ал бұл үшін аймақта әлі 40 мектеп салынуы керек.
Міне, жыл санап елімізде демографиялық тұрғыдан мектеп жасындағы бала саны артып келе жатқанымен, оларға жағдай жасап, заман талабына сай жабдықталған, білім ошақтарымен қамтамасыз ете алмай отырғанымыз өкінішті.
Бұл тек Оңтүстік Қазақстан облысында ғана қалыптасқан жағдай емес. Ресми деректерге сүйенсек, бүгінгі таңда Алматы облысында 50 шақты мектепте оқушылар үш ауысымда білім алып жүрген көрінеді. Сондай-ақ статистика бойынша Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында да үш ауысымда оқитын мектеп мәселесі өзекті күйінде қалып отырғанын байқаймыз. Мысалы, Маңғыстау облысына қараста Мұнайлы ауданының Баянды ауылындағы мектеп бұдан 30 жыл бұрын 4 сыныптық білім ошағы ретінде ашылған. Қазір сол аядай ғана 120 бала оқуы тиіс мектепте 720 оқушы білім алып келеді екен. Яғни бала саны нормадан 6 есе көп. Бұл мектеп балалардың сауатын ашып отыр демесек, сапалы білім беріп отыр деп айтуға тіл бармайды. Өйткені сыныптарда бала саны көп, ал сабақ беру уақыты қысқартылған. Мамандардың айтуына қарағанда, үш ауысымда оқитын балалардың сабақ уақыты 35-40 минутқа, қыс кезінде төменгі сынып оқушылары үшін 25-30 минутқа қысқартылады екен. Өйткені күн қысқа, мектепте жылу жоқ, сынып іші суық. Мұндай мектепте сабақ беретін мұғалімдерден сапа талап ету де қисынсыз екені белгілі. Жалпы, бүгінде еліміз бойынша үш ауысымда білім беретін 100-ге тарта мектеп болса, оларда 73 мыңнан астам оқушы білім алады. Ал үшінші ауысымдағы шәкірттердің жалпы саны 12 мыңға жуық.
Алайда өңірлерде қалыптасқан мұндай жағдайды шешу орнына, жауапты органдар бір-біріне сілтеп, жауапкершіліктен бастарын алып қашып келеді. Мәселен, Білім министрлігі мамандарының айтуынша, мұндай күрделі жағдайдың қалыптасуына Білім министрлігі емес, жергілікті билік кінәлі екен. Олардың пайымдауынша, жергілікті билік осы уақытқа дейін орта білім ордаларына оңтайлы көзқарас танытпай келген, жергілікті билік халық санының өсуін ескермей, жаңа білім ошақтарын салып, мектеп санын арттыруды межелемегенін алға тартады. Бұған дейін жергілікті атқарушы биліктің бақылауында болған білім саласының қожырауына осы себеп көрінеді. Тіпті бақылаудың жоқтығынан елімізде 205 мектеп лицензиясыз жұмыс істеп келген. ҚР БжҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау жөніндегі комитеті жүргізген тексеріс жұмыстарының нәтижесінде онда жұмыс істейтін 2 мың мұғалімнің педагогикалық білімі жоқ екені де анықталған.
Серік ЫРСАЛИЕВ, ҚР БжҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау жөніндегі комитеті төрағасы:
– Бұған дейін жергілікті атқарушы билік өкілдері мектептерде аттестация өткізгенде көрсеткіш 99,7% болатын. Бүгінде 1117 мектепте аттестация өткізіп, оның тек 37%-ы ғана тексерістен өтті. Мектептерге қойылып отырған талаптар айтарлықтай жоғары емес. Алайда көрсеткіш көңіл көншітпейді.
Сондай-ақ мемлекет қоржынынан мектептерді күрделі жөндеуден өткізуге бөлінген қаржы дұрыс жұмсалмаған көрінеді. Осының салдарынан көптеген мектеп ғимараттары апатты жағдайға жеткен. Бүгінгі таңда Республика бойынша 189 мектеп апатты жағдайда деп танылып отыр.
Енді сол апатты мектептердегі оқушылар өзге мектептерге ауыстырылып, алдағы оқу жылында үш ауысымда оқытатын білім ошақтарының саны тіпті арта түсуі әбден мүмкін. Өйткені қазір Білім министрлігі алдында «жаңа оқу жылында оқушыларды апатты мектептерде оқытуды жалғастыру керек пе, жоқ, әлде өзге мектептерге үш ауысымда оқытуға ауыстыру керек пе?» деген сауал тұр.
Әні-міне дегенше, жаңа оқу жылы да басталады. Осы уақыт аралығында жаңа мектептер салып, бұл мәселені түбірімен шешіп тастай алмасымыз анық. Сондықтан жергілікті билік өкілдері мен Білім және ғылым министрлігі бір-біріне кінә артқаннан гөрі, жұмыла жұмыс істеп, бірігіп, қордаланған мәселені шешуге күш салса…
Автор: Қалдар КӨМЕКБАЕВ
Алаш айнасы