Астана. 21 сәуір. Baq.kz – Біріккен Араб Әмірлігінің Шардж қаласында классикалық шахмат ойындары бойынша ерлер мен әйелдер арасындағы Азия құрлығының чемпионаты өтуде, деп хабарлайды Vesti.kz.
Аталмыш қалада жуырда ерлер мен әйелдер арасында Азияның блиц бойынша ресми чемпионаты өтті. Онда әйелдер тобында өзара бақ сынасқан 23 шахматшының ішінде 14 жастағы Жансая Әбдімәлік қазақстандық жалғыз ойыншы болды. Ал додаға қатысқан ерлер арасында 37 шахматшыдан Қазақстан намысын гроссмейстер Ринат Жұмабаев пен болашағынан мол үміт күттіретін жас шахматшы Мамырбай Асад қорғады.
Рейтинг бойынша Жансая Әбдімәлік қатысушылар тізімінде 15-ші болып тіркелген еді. Қазақстандық шахматшы қыз тоғыз партияда 6,5 ұпай жинап, тек қосымша көрсеткіштері бойынша үнділік гроссмейстер Харике Дронаваллиден кейінгі үшінші орынды иеленді. Ал алғашқы орынды қытайлық Тан қанжығасына байлады.
Айта кетейік, марапаттау рәсімінде турнирді ұйымдастырушылар қазақстандық өреннің чемпионаттың жүлдегері атанғанына аса сүйсінгендіктерін жасырмады.
Естеріңізге сала кетейік, аталмыш чемпионат 26 сәуір күні аяқталады.
http://baq.kz/kk/news/46112