Жаз басталғалы тұрғындардың бір бөлігі шетел асса, қалған бөлігі отандық демалыс орындарында демалысын өткізуде. Осы орайда, жер жаннаты Жетісу мен қойны-қонышы қазынаға толы Шығыс Қазақстан облысының аумағында созылып, екі өңірдің тұрғындарын шипалы суымен риза етіп отырған Алакөл көлі жайлы сөз қозғағалы отырмыз. Биыл Алакөлде демалуға ниет танытқан қауым үшін елең еткізерлік жаңалық – Алматы – Достық арнайы темір жол қатынасы іске қосылып, нәтижесінде «Тұран Экспресс» компаниясының пойызы жолаушыларға қызмет ете бастады. Енді қазақстандықтар мен шетелден келген қонақтар суы мөлдір, жанға шипа Алакөлге Алматы – Достық темір жол қатынасы арқылы жете алады. Аптасына екі рет – сәрсенбі, сенбі күндері Алматыдан Достық бекетіне қатынайтын бұл пойыз тамыз айының аяғына дейін қызмет көрсетеді. Пойызда қазір алты вагон бар. Пойыз басшылығының айтуынша, егер жолаушылар саны артып жатса, алдағы уақытта вагондар саны көбейтілетін болады. Шыны керек, пойыз іске қосылғалы, Алматыдан келетін демалушылар саны да біршама артқан. Тіпті билетті алдын ала 1-2 апта бұрын сатып алып қоймасаңыз, уақытында таппайсыз. Сондай-ақ кешқұрым «Сайран» автобекетіне барсаңыз, маңдайларына «Алматы-Көктума», «Алматы-Ақши», «Алматы-Үшарал» деген жазуы бар 5-6 автобусқа көзіңіз түседі. Бұл жолы «Сайраннан» баяғыдай Ыстықкөлді бетке алған ығы-жығы халықты көргеніміз жоқ. Алматының жұрты Алакөлге ауып кеткендей… Оған турфирмалардың автобусын қосыңыз. Осыдан-ақ ішкі туризмнің бір қадам болса да алға басқанын байқап, қуанып қалдық.
Міне, бір түн жүріп, түске таяу аудан орталығы Үшарал қаласынан 80 шақырымдай жерде орналасқан Ақши ауылына жеттік. Негізінен демалушылар көл маңындағы Ақши ауылына және одан 10-15 шақырым жердегі Көктума ауылдарында аялдайды. Ауылға кірген бетте үйлерін демалушыларға жалға беретін жергілікті тұрғындарды көресіз. Бұл кішігірім ауылдың тұрғындары жаз басталғалы күндерін осылай өткізеді екен. Жаз бойы демалушыларға дәм дайындап, оларды үйлерінде күтетін тұрғындар біршама қаражатқа қол жеткізеді. Бұл үйлердің құны тамағын қосқанда күніне 3000-4000 теңгедей болады. Бірақ бір кемшілігі, үйлер көлден алысырақ орналасқан. Жағаға жақынырақ жерде киіз үйлер көрінеді. Оның да бағасы тамағын қосқанда 4000 теңгедей болады. Жалпы, демалыс орындарының басым бөлігі осы Ақши ауылында. Негізі бұл аймақта туризмді дамытып, демалыс орындарын салу 2006 жылдан бері қолға алынған. Сол жылы көл жағалауындағы демалыс үйлерін салудың да бас жоспары бекітілді.
(Басы 1-бетте)
Бұл аймақ жергілікті кәсіпкерлердің арқасында қарқынды даму үстінде. Алакөл ауданы жеке кәсіпкерлік және туризм бөлімінің бастығы Дәулет Базенұлының айтуынша, 2012 жылы 72 демалыс орны қызмет көрсетсе, бүгінгі күні оның қатарын тағы 6 демалыс орны толықтырған. Мысалы, былтырғы жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының туризм бағыты бойынша 3 жоба 158 миллион теңгеге қаржыландырылды. Былтырғы жылы 28 540 адам демалса, биыл демалушылар саны 35 000 адамға жеткен. Бұл, әрине, әкімшіліктің мәліметі. Іс жүзінде бұдан екі есе көп екені сөзсіз. Өйткені бұл жақта құрылыс қарқынды. Жаңадан салынып жатқан демалыс орындары мен қонақүйлерде шек жоқ. Тұрғындардың айтуынша, ауыл халқы да өсу үстінде. Ауыл орталығында құрылысы аяқталып қалған зәулім мектеп те бұған дәлел.
Ең ірі демалыс орындарының қатарына 250 орындық «Пеликан», «Ала теңіз», «Алмас Бриллиант», «Аласу», «Комфорт», «Алтын Ебіні» жатқызуға болады. Негізінен шілдеде демалушылар өте көп. Сол себепті де, орын табу да қиын. Кейбір ірі пансионаттарға демалушылар Алматыдағы турфирмалар арқылы келеді екен. Айталық, адам басына бір күніңіз тамағын қоса есептегенде «Алмас бриллиантта» 15 500 теңге, «Аласуда» 18 000 теңге, «Алтын Ебіде» 10 000 теңге, «Комфортта» 15 000 теңге, «Көктумада» 7000 теңгені құрайды. Ал «Пеликандағы» бағалар 6930 теңгеден, «Алатеңізде» 10 000 теңгеден басталады. Бұл тамағын қоспай есептегендегі бағалар.
Жергілікті тұрғындардан Алакөл тарихын да сұрастырдық. Олар табиғаттың осы бір баға жетпес байлығы ықылым заманнан әмбеге аян болғанын айтты. Шыңғыс ханның жауынгерлері шайқас арасында осы жерге келіп тыныстап, алған жарақаттарын көл суымен емдейді екен. Ал Кеңес Одағының кезінде ғарышкерлер Алакөлге келіп, шомылып, денсаулықтарын түзеген. Тіпті ғарышкерлерге арналып арнайы үй де салыныпты. Сондай-ақ бұл аймақтың тағы бір ерекшелігі ауаны ластайтын кәсіпорындардың жоқтығында. Ал Алакөл – әлемдегі үздік 100 көлдің бірі. Тіпті ЮНЕСКО-ның «Табиғи мұра тізіміне» енуге де үміткер.
Сөйтіп, көл жағасына беттедік. Көл жағасында суға түсіп, күнге қыздырынып жатқан демалушылардың қарасы көп. Құдды бір Ақши ауылына тағы бірнеше ауылдың тұрғындары көшіп келгендей… Көл жағасында қаңтарулы тұрған көліктерде есеп жоқ. Біреулер от жағып, кәуап пісірудің қамына кіріссе, енді біреулері волейбол ойнап жүр. Ал қалғандары алаңсыз суға шомылып жатыр. Қалың жұрттың арасында демалыстың қадірін жақсы білетін орыс ағайындар көп екені көзге түседі. Олар Алакөлге отбасымен келіп демалуды әдетке айналдырғандай… Шипалы су жұрт мақтайтын Ыстықкөлдің суынан да жылы. Жазды күндері судың температурасы 26 градусқа дейін көтеріледі. Жұртты отырғызып алып, демалушыларды ары-бері серуендетіп жүрген моторлы қайықтан пайда болған әлсіз толқындар жағалауға келіп, жоқ болып кетіп жатыр. Судың мөлдірлігі сонша табанға батқан тастарды су бетінде тұрып-ақ санап аласыз. Алакөл мөлдірлігі жағынан Қара теңізден кем түспейді деген сөздің бекер айтылмағанына көзім жетті. Алакөлдің суының құрамында Менделеев кестесінің бірнеше элементі кездеседі. Құрамы бойынша тұзды суға жатады. Сондықтан судағы минералдар – тыныс алу мүшелері мен сүйек-бұлшықет және нерв жүйесінің аурулары мен тері ауруларынан айықтыратын таптырмас ем. Немерелерін ертіп, демалушылардан қалмай суға түсіп жүрген 70 жастағы Ләзтай есімді әже Алакөлдің шипалы суының арқасында ширақ қимылдап жүргенін айтты. Сонымен бірге көлге жақын жерден шипалы балшық әкелініп, демалушылар оны сатып алады екен. Көлдің «ала» деп аталуының да өзіндік сыры бар. Мұнда таңертең көл суы көкшіл түске боялса, күн бата дереу түсі өзгеріп сала береді. Әлем бойынша құрамында кремний басым малтатас пен қиыршық тастарды осы жерден табасыз. Алакөлдің шипалы суына емделіп, табиғатын тамашалауға Ресейді былай қойғанда, Бельгия, Германия, Италиядан да туристер келеді екен. Тағы бір байқағаным, биылғы жылы Алматыдан келген демалушылар көбейіпті. Мысалы, Жарқын есімді Алматы қаласының тұрғыны отбасымен мұнда орташа пансионаттардың бірінде демалуға шамамен 150 000 теңгедей қаржы жұмсағанын айтты. Аз ақша емес. Бірақ судың қасиеті еріксіз тартады.
Иә, Алакөл бұл баға жетпес байлығымыз. Бұл аймақтағы туризмді дамыту үшін әлі талай жұмыстар жүргізілу қажет. Айталық, Алакөл ауданы әкімдігі биыл бірінші рет «Таза жағалау-2013» бағдарламасын өткізді. Айдың әр сенбісінде өткізілетін бұл бағдарламаға «Жетісу жастары» ұйымы, «Нұр Отан» ХДП мүшелері, аудан әкімдігінің қызметкерлері және жергілікті кәсіпкерлер, тұрғындар қатысып, көл жағалауын қоқыстан тазалап, келген демалушыларға да тазалық сақтау керектігін айтады. Бағдарлама соңында аудан артистері демалушыларға концерттік бағдарламаларын ұсынды. Сондай-ақ биылғы жылы жағалау маңына қоқыс тастайтын контейнерлер, дәретханалар орнатылыпты. Мұндай шаралар көл жағалауында тазалықты сақтауға өз септігін тигізетіні анық. Дегенмен, бұл жеткіліксіз. Өйткені сырттан келген демалушылар өздерінен кейін қалған қоқысты тазалауды әдетке айналдырмаған. Бұл өз кезегінде көл жағалауын ластауда. Осы орайда Алакөл ауданы жеке кәсіпкерлік және туризм бөлімі «Туризмді дамыту-2013-2020» бағдарламасын дайындауда. Бағдарлама аясында жергілікті инфроқұрылымды дамыту, туристерді тарту, «жасыл энергетика» саясатын іске асыру жұмыстары қарастырылуда. Мойындау керек, бүгінде Алакөлде шешімін таппай отырған мәселелер жетерлік. Бұзылған жолдар, кәріз жүйесінің, электротасымалдау желісінің, трансформаторлардың жоқтығы, медпункт пен ауруханалардың аздығы өңірдің дамуына кедергі болып отыр. Айталық, Үшарал қаласынан Ақши, Көктума ауылдарына бет алсаңыз бір жағынан жолдың тарлығы кедергі болса, тағы бір жағынан жолдың сапасы сын көтермейді. Шеттен келетін туристерді айтпағанда, бұл отандастарымыздың демалысының сәнін бұзары сөзсіз. Сырттан келген туристерді тарту үшін ең әуелі Алакөлге жету мәселесін шешу қажет. Бірнеше көлік бір-біріне кедергі туғызбайтындай кең жол салынса дұрыс болар еді. Үшарал қаласының тұрғыны, көп жылдар бойы құрылыс саласында қызмет еткен зейнеткер Уәжит Шәріпбекұлы Алакөл демалыс орындарына бірінші кезекте ауызсу мәселесін ортақтандырып, белгілі бір жүйеге келтіру қажеттігін айтты. Сонымен қатар кәріз жүйесін орталық жүйеге қоспасқа болмайтынын жеткізді. Себебі әркім өз бетінше қалдық сулар құятын шұңқыр қазған. Олар түбінде жер астымен көлге барады.
Көл маңайының бәрі жекеменшік пансионаттар мен қонақүйлер. Сол себепті де, әркім өз бетінше электрді тартып, жерді қазып су құбырларын да орнатқан екен. Кәріз жүйесі де ортақ емес. Белгілі бір жүйе жоқ. Міне, мұның бәрі болашақта шешілуге тиіс мәселелер. Сонымен қатар жағалау маңында демалушыларға арналған орындықтар мен төсеніштер, күннен қорғайтын шатырлар мен киім ауыстыратын жердің жоқтығы өз алдына бөлек әңгіме. Сондай-ақ жағалау маңы электр жарығымен қамтамасыз етілмеген. Негізі Алакөлде демалудың маусымы шілде айынан басталып, тамыздың ортасына дейін созылады. Бұл өте аз уақыт. Сол себепті де демалыс орындарының қызмет көрсету саласында жұмыс істейтіндердің басым бөлігі сол жергілікті тұрғындар, студенттер мен оқушылар. Қалай дегенмен, бұл да қызмет көрсету сапасына әсерін тигізеді.
Біз осы өзекті мәселелерді Алакөл ауданының әкімінің орынбасары Дәурен Орынбайұлымен болған кездесуде ортаға салған едік. Ол бұл мәселелерді шешуге бір ауданның күші жетпейтінін, бұған мемлекеттік қолдаудың керектігін айтты. Ауданның өз есептеуі бойынша көлге қатысты мәселелерді шешуде шамамен 1 миллиард теңге қажет. Дәурен Орынбайұлының сөзіне қарағанда биыл Талдықорған қаласында жаңадан құрылған туризм басқармасы Алакөлге қатысты мәселелерді ерекше назарға ұстап отырған секілді. Бұл да қуантарлық жайт. Әкім орынбасарының сөзіне қарағанда бұл аймақ Алматы облысының мастер класс жоспарына кірген. Яғни бұл аймақты дамыту келесі жылдан-ақ қолға алынбақ. Ал жол мәселесін сөз еткенімізде, Үшарал-Алматы тасты жолы жоспар бойынша келесі жылы жөнделетінін айтты. Алдағы уақытта Үшарал қаласында әуежай құрылысы да ашылмақ екен. Негізінен бұл әскери әуежай. Бірақ Алакөлге келетін демалушылар санының артуына байланысты, туризмді дамыту мақсатында бұл азаматтық әуежайға айналуы да кәміл. Әуежай ашылса бұл демалушыларды Алакөлге одан сайын жақындата түсетіні сөзсіз.
Негізінен Алакөл көлінің Шығыс Қазақстанға қарайтын бөлігіндегі демалыс аймағы демалушылардың көңілінен шығады. Ал Алматы облысына қарайтын Ақши, Көктума ауылындағы жағдай мәз емес. Көңіл бөлетін жайттар жетерлік.
Алакөлді сан ақындар жырға қосты. Солардың бірі халық ақыны Қыдырмолда Әлібеков. Оның «Алакөл» деген өлеңінде мынадай жолдар бар:
…Гүлденген еңбекпенен менің елім,
Самал жел соғып тұрған салқын белім.
Жағалай ақ шатырмен үй тігіліп,
Жаз болса жайнап кетер Алакөлім.
Ақын осылай жыр еткен Алакөлді аялап, төңірегін таза ұстау, сөйтіп, бұл жерді көпшіліктің нағыз демалыс, көңілін сергітер орнына айналдыру зор міндет.
Ақбота ИСЛӘМБЕК
АЛМАТЫ – ҮШАРАЛ – АЛМАТЫ