АЛТЫНОРДА
Новости

Жер шарын құжатпен аралап шыққан тұңғыш қазақ

ce713a390660e7876ea693320b98e022 АСТАНА. 7 қараша. BAQ.KZ — Әлемді құжатпен ресми түрде аралап шыққан қазақтың тұңғыш саяхатшысы Әліби Жангелдин екенін екінің бірі біле бермейді. Әрине бұған дейін Шоқан Уәлиханов Қашқарияға сапар жасады, оның үстіне, ол Әлімбай деген лақап есіммен, көпестің шапанын жамылып барғаны белгілі. Ал Жангелдиннің жөні басқа, ол жер шарын емін-еркін шарлады.

Ең алдымен, Жангелдин дүние жүзіне сапар шегіп, елдердің тыныс-тіршілігімен танысу үшін, қай жерден рұқсат алып, қандай құжат жасату керектігін түсінген. Кейін бұл әрекеті оның бүкіл ғұмырына азық бола білді. Сөйтіп ол өзіне құжат (паспорт) дайындатады. Бұл кітапшасында: «Николай Степанов (Әлібидің революционерлік құпия аты), Али-Бей Джангельдин де соның өзі, қаржысыз Жерде айналып шығу саяхатына қатысушысы» деп жазылған. Жангелдин 1910 жылы 9 маусым күні үш серіктерімен бірге (Пламеневский, Полевой, Коровин) Мәскеуден жолға шығыпты. Паспорты мен фотоаппараты арқасында Әліби жол шығындарына ақша табуға мүмкіндік алған. Кітапшада жазылған «қаржысыз» деген сөзге де мән беру керек. Қаражаты болмаса да, әлемді жаяу кезуге оның сол кезде қалай жүрегі дауалады екен?
Әлемге саяхат жасау туралы ой Әлібиге былай келеді: «Патша үкіметінің қудалауы жалғаса беретіні анық болды, сондықтан мен Мәсекеуден кетуге бекіндім. Менің қаражатым жоқ еді. Туған далама оралғым келмеді. Маған шетелге бару керек деген ой келді. Мен жердүниені аралап шығу үшін саяхатқа жаяу шығатыным туралы және өзіме серік болуға адам шақыратыным туралы газетке хабарландыру жарияладым».
Күш-қуаты тасыған саяхатшы жастар Мәскеуден Петерборға жаяу шығады. Онда жиырма күн дегенде жетеді. Одан кейін Әліби Жангелдин өзінің естелігінде: «Мен жаяу Польшаны, Австро-Венгрияны, Сербияны, Болгарияны, Турцияны, Сирияны, Палестинаны, Африканы, Египетті, Абиссинияны басып өттім. Кері оралған жолымда айналып отырып, Араб түбегі, Мессопатамия, Персия, Үндістан, Цейлон аралы, Малая архипелагы, Үндіқытай түбегі, Сиам корольдігі, Аннам, Қытайдың оңтүстік бөлігі, Формозу аралы арқылы жүріп өттім. 1912 жылы Жапонияға жеттім», — дейді.
Ә.Жангелдин Романовтардың патшалық құруының 300 жылдығында амнистияға ілінеді де, 1913 жылы Жапониядан Сібір арқылы Ресейге, одан соң туған жері Торғай облысына оралады. Ал кітапшасында барлық елдер мен қалалардағы орыс генерал-консулдықтарының белгілері соғылған. Қойылған қолдар тиісті мөрлермен бекітілген.


Әлібидің жер дүниені айналу саяхаты төрт жылдан артық уақытқа созылған. Өзінің айтуынша, теңіз бен темір жолдармен жүргенді есептемегенде, фотоаппаратын арқалап, жаяу 12 мың шақырым жүріп өткен екен.
«Күндіз жүріп өткен жерлерімді суретке түсіріп, түнде оларды химикаттармен айқындап, шығарып отырдым. Дәрістер оқып, баяндамалар жасап, суреттер сатып, тамағымды асырадым», — дейді Ә.Жангелдин өзінің естелігінде.
Әліби Жангелдин Торғай облысына барғанда халықты дүние жүзі туралы жинаған білімі, көрген-түйгенімен таныстырады. Кішкентай «Кок» деп аталатын су жаңа киноматографиялық аппаратымен әлем елдерінің өмірінен хабар беретін кинопленкаларды көрсетіп, ауылдастарын таң-ташама қалдырады. Осылайша ол өзінің де, халқының да дүниетанымын кеңейтуге атсалысты.

 

Мейірім АЙЖАРЫҚ

 

qaznews.kz